Алматыда әскерилер бейбіт митингке шыққандармен қақтығысқан жоқ - генерал-майор

10 қаңтар 2022, 10:21

Алматыда тәртіп сақшылары мен әскерилер бейбіт митингке шыққандармен қақтығысқан жоқ. Олар террористер мен бұзақыларға қарсылық көрсетті. Арнайы қызмет ардагері, генерал-майор Руслан Мыңбаев "Хабар 24" телеарнасының эфирінде осындай пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оның пікірінше, шабуылдаушылардың нақты талабы болмаған.

"Әдетте наразылық білдірушілер өз талаптарын айтады. Көп жағдайда олар әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық мәселелерге, жалақыны көтеруге және т.б. қатысты болады. Ал бұзақыларда, террористерде, экстремистерде мұндай талап болмайды. Олар қатыгездік көрсетіп, халықты қорқытып, тонағысы келеді. Бұл жағдайда ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет басшыларына үндеу заңды және дәл уақытында жасалды. Біз Мемлекет басшысының бағытын жан-жақты қолдаймыз", - деп түсіндірді генерал-майор.