Алматыда қоғамдық көліктер тексеріліп жатыр

26 ақпан 2022, 14:12

Алматыда жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктер тексерілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

 

“Автобус” жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөлік кәсіпорындарын шаһардың жол жағдайында автобустардың техникалық жағдайына, дұрыс жұмыс істеуіне мұқият тексеру ұйымдастырылды.

 

 

– Осылайша, біз автомобиль көлігінде жолаушылар мен жүкті тасымалдайтын жүргізушілердің көлік және еңбек тәртібін жақсарту, техникалық ақауы бар немесе қайта жабдықталған жолаушылар көлігін пайдалану деректерін алдын алу, сондай-ақ, заңсыз жолаушылар тасымалының жолын кесу мақсатын көздеп отырмыз. Бұл жұмысқа мүдделі мемлекеттік органдардың да, азаматтық альянстың өкілдері де барынша жұмылдырылған, – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.

 

Полицияда қабылданған шараларға қарамастан, автобус жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, жол-көлік оқиғаларына жол беріп жатқанын атап өтті. Бір айдың өзінде автобус жүргізушілерінің кінәсінен 35 жол-көлік оқиғасы орын алды, соның салдарынан 2 адам қаза тауып, тағы 38 адам жарақат алған.

 

– Бүгінде Алматыда жолаушылар тасымалымен айналысатын қалалық автокөлік кәсіпорындарының саны айтарлықтай қысқарғанын айта кеткен жөн. Алайда олардың басшылары тарапынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылданбай отыр, сондай-ақ Қазақстанның басқа аймақтарынан көлік ағыны жоғары жағдайда жүруге бейімделмеген, төтенше жағдайлар туғызатын, ауыр зардаптармен жол-көлік оқиғаларын жасайтын автобус жүргізушілерін тартады. Осыған байланысты, жүргізуші құрамының көліктік тәртібін тиісті бақылауда ұстамағаны үшін 4 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді Н. Аманбек.

 

Қазіргі уақытта қала сыртындағы жолдарда, сондай-ақ қалалар мен елді мекендерде патрульдік полиция нарядтарының тығыздығы артты. Профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жалғасуда.