Мәселе

Алматыда миллиардтар жұмсалған жолайырықтың пайдасы болмай тұр (Видео)

  • https://www.ktk.kz/

    https://www.ktk.kz/

Миллиардтаған ақшаға салынған жолайрықтардың пайдасы жоқ! Алматылық жүргізушілер көпірлердегі көлік қозғалысы одан әрі қиындады деп қапалы.

 

Себебі: жолайрықты пайдалануға бере салысымен, жанынан қаптап базарлар мен сауда орындары салынады. Көлік нөпірі мәселесінің шешілмеуінің зардабын сол маңдағы тұрғындар да көріп отыр. Өйткені ығы-жығы көліктер қарбалас уақытта адамдарды қағып кетіп жатыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

 

Алматыдағы «Барахолка» атанып кеткен алып базар осыдан алты жыл бұрын жаңартылған. Содан кейін Солтүстік айналма тасы жолы да кеңейтіліп, жаңа жолақтар пайда болған. Сол уақыттан бері мұнда көлік қозғалысы жанданған. Қазір жүргізушілер бұрыңғыдай сағаттап кептелісте тұрмайды. Бірақ «Барахолка» базарынан зуылдап өткен көлік иелері үш шақырымнан кейін бәрібір кептеліске тап болады. Жолайырықтың бір жағында көліктердің жүруінен тұруы ұзақ.

 

Төрт жыл бұрын шенеуніктер 8 млрд-тан астам қаражатқа салынған жаңа жолайырық көлік тығыздығын қысқартады деп жар салған. Алайда атқамінерлердің жоспары жүзеге асқан жоқ. Өйткені жаңа жол торабынан кейін іле-шала Кенжехан, Арлан, Өжет сынды сауда орталықтары бірінен кейін бірі бой көтерді.

 

Бекжан Егембердиев, жүргізуші:

 

— Тұрғаныма 40 минут болды. Жолайрықтың түк пайдасы жоқ. Күнде осындай жағдай. Не үйге қайта алмайсың, не басқа жерге бара алмайсың, осы жерде кептеліп тұрасың. Кептеліс азаяды деген оймен салды. Бірақ кептеліс азайған жоқ.

 

Ал ұзын-сонар кептелісте тұрмау үшін кей жүргізушілер Өжет ықшамауданы арқылы діттеген жеріне тез жетуге тырысады. Ал шағын көшелер көлікке толып, күнделікті қарбаластан жергілікті жұрттың тынышы қашқан.

 

Асқар Қасенова, Алматы қаласының тұрғыны:

 

— Сейсенбі мен жұма күндері Өжетке екі сағатта әрең кіреміз. Қиындық сол ғой. Бала қағып кеткен жағдайлар болып жатыр. Әзірге өлім болған жоқ. Өлім болғанға шейін әкімдер орнынан қозғалмайтын түрі бар.

 

Солтүстік айналма жолында күн сайын ығы-жығы адам. Арлы-берлі жүйіткіген көлік. Әсіресе таңғы және кешкі уақытта үйіне асыққан тұрғындар такси тоқтатуға жанталасады. Бұл маңда тіркелетін жол апаты да жиілеген.

 

Бекболат Тоқсанбаев, Алматы қаласының тұрғыны:

 

— Ол жерде сары белгімен белгіленген, тоқтауға болмайды. Бірақ «Сергек» камерасы болған соң такси жүргізушілер тоқтап, адамдарды алып кетеді. Ол жерге «Сергек» камерасын қою керек. Сосын полиция бақыласын.

 

Жолға жауапты басқарма өкілдері жолайрықтағы кептелісті реттеуге уәде берді. Атқамінерлер көлік тығынын азайту мақсатында арнайы жоба да құрыпты.

 

Алмас Бимендин, Алматы қаласы жол қауіпсіздігі және қалалық мобильді басқармасы бөлімінің басшысы:

 

— «Сергек» камераларын орнату жоспарланған. Сосын бағдаршам санын көбейтіп, көліктердің емін-еркін қозғалуына барлық жағдай жасаймыз. Жобаны бекіттік. Енді мердігер компанияны тауып іске кірісеміз. Солтүстік айналма жолы мен Бөкейханов көшесінің қиылысындағы жолайрық біздің бақылауымызда.

 

Әкімдіктегілерден күдер үзген халық кептеліс мәселесін шешудің жалғыз жолы – бір жерге шоғырланған базарлардың санын азайту дейді.

 

Бірақ бұқараның бұл тілегін орындау әзірге мүмкін емес секілді.

 

 

 

 




Көрілген: 486    Пікірлер: 0

жексенбі, 13.06.2021, 21:02

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31