Алматыда тұрғындар үйлерінің жанынан салынатын бизнес орталыққа қарсы

02 тамыз 2021, 21:30

Алматының элита ауданында тұратын жұрт үйлерінің жанынан бой көтергелі жатқан бизнес орталықтың салынуына наразы. Мердігер компания құрылыс жүргізу үшін демалып отыратын саябақты сүріп тастаған.

 

Еш ескертусіз басталып кеткен қызу құрылысқа қарсылық білдірген қапалы жұрт тіпті жүріп-тұру қиындағанын айтады.  

 

Сәуле Тілеуімбетова, Алматы қаласының тұрғыны:

 

- Өңкей қарт адамдар және көп балалы аналар тұрады. Бұны басында Меңдіқұлов саябағы деп басында айтқан. Білмеймін, қазір не болып жатқанын. Өңкей бизнес орталық пен сауда орталығының ішінде қалып, қазір бізде балалар алаңы да, былай қыдыратын жер де, жүретін де, көлік қоятын да жер жоқ. Өміріміз не болатынын білмейміз.

 

Халықтың шымбайына батқан құрылыстың алғашқы жұмысы былтыр басталған. Тұрғындар күн сайын таза ауамен тыныстап отыратын саябағымыздан қағылғанымыз былай тұрсын, енді күні-түні у-шудан тынышымыз бұзылды дейді.

 

Қазірдің өзінде аядай жерге не өрт сөндіру, не жедел жәрдем көлігі кіре алмай, қайтып кетіп жатыр екен.

 

Айтуларынша, құрылысқа қатысты негізгі талаптар да сақталмаған. Яғни қоршалған аумақ пен тұрғын үйлердің арасы 10 метрге де жетпейді.

 

Ал бизнес орталық салуға бекінген компания өкілі қажет құжаттың қолында екенін айтады. Тіпті мердігерлердің пайдасына шешілген қалалық соттың да шешімі бар. Енді құрылысқа қатысты даудың соңғы нүктесі келесі апта  жоғарғы сотта қойылады.

 

Антонина Байгалина, құрылыс компаниясының ресми өкілі:

 

- Аталған жер, тұрғындар айтқандай саябақ емес, жеке кәсіпкердің заңды иелігінде. Құжатта көрсетілгендей, көп қабатты үй және бизнес орталығын салуға рұқсат етілген. Егер қандай да бір өзге нысан салынатын болса, онда заң бойынша жауапқа тартылу көзделген. Қазір компания тарапынан ешқандай құқық бұзушылық болған жоқ. Құрылыс жұмысы аяқталған соң өтемақы ретінде жақын маңда орналасқан тұрғын үйлердің подьезіне құрылыс жұмысы жүргізіледі.

 

 

 

 

ktk.kz