Алматыдағы құрылыс краны не себепті құлағаны анықталды

24 қаңтар 2022, 00:41

Қайғылы оқиға бүгін күндіз Науаи көшесінің бойында «РАМС» компаниясы салып  жатқан тұрғын үй кешенінде тіркелді. Мұнаралы кранды тәжірибелі маман, 49 жастағы Бақыт Маинов басқарған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

24kz-ның мәліметінше, оқиға орнында болған әріптестері бұл нысанда қауіпсіздік ережелері мүлде ескерілмегенін айтқан. Кранның жарамдылығы да уақытылы тексерілмейтін көрінеді. Құрылыстағы осындай салғырттық салдарынан кранның құрылымында ақау пайда болып, арты кісі өліміне алып келген. Мұны қала әкімдігі де растады. Осы оқиғаға байланысты қазір Әуезов аудандық полиция басқармасының мамандары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

«Келеді де «комиссиямыз» дейді, бірақ кран тексеріп жатқан бір комиссияны көріп жатқан жоқпыз. Келеді де, сыртын түсіреді. Биікте тұрған осы кранымыз. Соған комиссиялар дұрыстап қараса екен деймін. Ескі крандарды қабылдамай, жаңадан крандарды құрып берсе екен қауіп төндірмейтіндей. Міне, қаншама бала-шағасы бар өстіп марқұм болып отыр», - дейді Айгүл Файзоллаева, кран басқарушы.
Бұл оқиға туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек түсінік берді.

«Бұл дерек ҚР ҚК 277-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлаймыз. Оған Әуезов аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатыр», - дейді ол.