Алматылықтарға мерекеде қаржылай көмек көрсетіледі

23 ақпан 2022, 17:31

Алматы тұрғындарының кейбір санатына 2022 жылы атаулы және мереке күндері қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл туралы Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Алматы қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қала мәслихатының 2015 жылғы 23 шілдедегі № 347 шешіміне сәйкес, биылға халықтың әлеуметтік осал топтарының келесі санаттарына біржолғы төлем жасауды жоспарлап отыр.

 

9 мамыр – Жеңіс күніне орай төлем алатын тұрғындар:

 

- Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне (олардың мәртебесі «ардагерлер туралы» заңмен белгіленеді) – 500 мың теңге;

 

- ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, сондай-ақ басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге – 100 мың теңге;

 

- Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің жесірлеріне беріледі.

 

Бұл жағдайда қайтадан отбасы құрмаған әйелдер жесір деп саналады. Оларға 100 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі.

 

Ауғанстанда немесе басқа мемлекеттерде соғысқан әскери қызметшілердің ата-аналары мен жесірлеріне - 100 мың теңге.

 

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай Алматыда 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына қатысып, кейін ақталғандарға төлем жасалады. Оларға 150 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі.

 

Сондай-ақ келесі мерекелерге 1 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек қарастырылған:

 

- Жаңа жыл – 1-2 қаңтар;

 

- 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;

 

- Наурыз мейрамы – 21-23 наурыз;

 

- 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі;

 

- Астана күні – 6 шілде;

 

- Конституция күні – 30 тамыз;

 

- Қазақстанның Тұңғыш президенті күні – 1 желтоқсан.

 

Бұл көмек тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы отбасылар ғана көрсетіледі.

 

Бөлінетін сома тұрғын үй сатып алуға арналған, оны «Отбасы банкінің» шотына аударады.