«Алтын Орда» базарының билігі қырғыздарға өтті ме?

27 сәуір 2022, 19:36

Әңгіме Алматыдағы «Алтын Орда» базары хақында. Қазіргі жағдайды сараламас бұрын, артта қалған 15 жылға бір назар аударуды жөн көрдік, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі jasqazaq.kz-ке сілтеме жасап.

2007 жылдың қара күзінде Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына қарасты, қаймағы бұзылмаған Тоқтамыс ауылында жантүршігерлік оқиға желдей есті. Әлдебір бұзақылар бір емес, екі адамды мылтықпен атып, жайратып кетіпті. Зардап шеккендердің бірі – Алматыдағы «Алтын Орда» базарының қожайыны Алтынбек Әлпиев те, екіншісі оның жүргізушісі Бату Түлкібаев болып шықты. Алтынбек Әлпиев оқиға орнында қайтыс болған. Ал жүргізушісі болса, ауыр жарақат алған.

 

 

 

Алтынбек Әлпиевтің криминалды ортада қатты көзге түскен, күдікті жүріс-тұрысы туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, жер түбіндегі Тоқтамысқа қара-көк түсті «Лэнд Крузер» джипімен сонау Астана қаласынан келуі бекер емесі хақ.

 

Іс-материалдарында куәлердің көрсетуінше, Алтынбек Әлпейісов бұл ауылға қарызын даулап келген екен. Алыстан жеткен қонақтар ауылдағы Ақан Әбділдиннің үйіне түседі. Дастарқан басындағы әңгіме ұзаққа созылады. Алтынбек Әлпейісов Ақан Әбділдиннен 200 мың доллар қарызын қайтаруды талап етеді. Әңгіме жараспай бара жатқан тұста, үй иесі қару алып шығып, алдымен базаркомды, сосын оның жүргізушісін екі оқпен жайратып салады. Одан соң, өзінің джипіне мініп, оқиға орнынан тайып тұрады.

 

Полиция қолындағы мәліметтерге сүйенсек, қашқын жігіт елдегі авторитетті бандиттік топтың біріне мүше екен. Бұл деген сөз әу бастан-ақ «Алтын Орда» базары криминалды элементтердің, «көлеңкелі бизнестің» ордасына айналғанын білдіреді.

 

 

 

Ал марқұм Алтынбек Әлпиевтің ұлы, базардың болашақ мұрагері бұл кезде Қырғызстанда ержетіп келе жатқан еді. Ол жайында Қазақстан қоғамы ештеңе де білмейтін. Тек, 2019 жылы Данияр Әлпиевтің аты-жөні қылмыстық хроникалар тізбегінде жылт ете қалды.

 

Бас прокуратураның сол уақытта жариялаған мәліметі бойынша, «БТА банк» бас менеджерін бір миллион долларға бопсалаған Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық зерттеу Қызметінің аға тергеушісі Дархан Искаков, Данияр Әлпиев және Эйлаз Сүлейманов деген екі сыбайласымен 500 мың долларды алып жатқан жерінен ұсталады. Сөйтіп, әрқайсысы әртүрлі жазаға кесіледі.

 

Оның ішінде Данияр Әлпиев 3 жыл 9 айға түрмеге түседі. Дәл осы уақытқа дейін Данияр Әлпиев ресми түрде «жұмыссыз» деп тіркелген.

 

Ал «Время» басылымының жазуынша, дәл сол уақытта Данияр Әлпиев «Алтын Орда» базарын басқарған. Яғни, Данияр Әлпейісовтың соңғы уақытта президент Тоқаевқа қайта-қайта бейнеүндеу жолдап, «менің әкемнің бизнесін рейдерлік жолмен тартып алды» деп жаһанға жар салуы кезекті блеф секілді. Өйткені, Данияр Әлпиев бұған дейін де Болат Назарбаевпен бірлесіп, «Аружан МД» ЖШС арқылы бизнес жүргізген.

 

 

Демек, Данияр Әлпиев «қаңтар оқиғасын» өзінің жеке бас пайдасына жарату үшін, Болат Назарбаевпен бірге жасаған бизнеске толық иелік етуі үшін мүмкіндіктің бәрін пайдалануға кіріскен. Сөйтіп, бухгалтер әйелдің қолындағы құжаттарды қырғыздан келген бандиттер арқылы қорқытып-үркітіп тартып алған.

 

Қазір «Алтын Орда» базарындағы бүкіл басқару билігі қырғыздардың қолына көшкен. Тіпті, базардың қазіргі басшысы Эрмек Маркабаев Қырғызстан азаматы. Қырғызстанның Ыстықкөл ауданы, Жеті өгіз елді-мекенінде туып өскен.

 

 

Автобиографиясында өзін «қазақ, қырғыз, орыс тілін меңгергем» деп жазып қойған. Бүгінде ол сұқбат алуға келген журналистерді «Қазақстан азаматымын» деп алдарқатып жүр.

 

Алматының ең ірі базарындағы жағдай осылай жалғаса беретін болса, «Алтын Орда» «Алтын Орда» емес, «Қырғыз қағанатына» айналатын түрі бар!