Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Алыстан көргіш қазақ құрып барады

22 қаңтар 2011, 11:48

Өкінішке қарай, соңғы уақыттары қазақстандықтар арасында мидың «генераторы» саналатын көздің нашар көруі белең алып барады. Әсіресе, жас балалар арасында. Нақты айтар болсақ, республикадағы бастауыш сыныпта оқитын бүлдіршіндердің 15 пайызының көзі нашар көретін болса, мектеп бітіргенше бұлардың қатары 35 пайызға дейін жетіп жығылады екен.
Адамның сезім мүшелерінің ішін­дегі ең маңыз­ды­ла­рының бірі көз екеніне ешкім дау тудыра қоймас. Қазақта «Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық», «Көзімді алғанша, өзімді ал» деген мақалдар тегін ай­тылмаған. Мамандардың пікірін­ше, мидың түйсіну, қо­рыту үдерісіне көздің тигізер әсері орасан зор екен. Өйткені ми көзбен көрудің арқа­сында белсенді жұмыс істейді.
Дулат ҮДЕРБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық офтальмологиялық аурухананың бас дәрігері:
– Мектеп жасындағы балалардың көру қабілеті жылдан-жылға төмен­деп барады. Мұның себебі көп. Бірін­шіден, балалар аға буын өкіл­дерінің, яғ­ни біздің жас кезіміз­дегі­дей жағдайды, өкінішке қа­­рай, бас­тан кешірмей отыр. Біздер бала бо­лып асыр салып ойнадық, қырда жүрдік, далада алыс­­тағы тау-тас­тарға көп қарадық. Сол себепті де біздің көзіміз ауырлықты сезінбеді. Қазір ше? Жа­ңадан туған бала екі-үш жас­тан бастап те­ле­ди­дар­дың алдынан шықпайтын бол­ды. Бес жас­тан бастап сега секілді түрлі ком­пьютер ойын­дарынан бас ал­майды. Мектеп жасында оған са­бақ оқу, но­та­лармен жұмыс істейтін музы­калық үйір­ме­­­лерге қа­­тысу секілді қосымша салмақтар түседі. Осы­дан ке­ліп жақыннан көргіштік ауруы қалыптасады, яғ­­­ни бала жа­қыннан ғана көруге дағдыланады. Алыс­­­тан көру мүмкіндігі біртіндеп шектеле бе­ре­­ді. Біз қазір мек­тепке дейінгі және мектеп жа­сын­­дағы бала­ларда кез­десетін көз ауру­ларының ал­­дын алу мақсатында жұ­мыс істеп жа­тырмыз.  Про­­филактикалық тексеруді 92-95 пайызға дейін жет­­кіздік. Көру қабілетін арттыру мақ­сатында жа­са­латын 2-3 минуттық көз жаттығуын жа­сау әдісін бар­­лық мектептерге таратып жатырмыз. Өкі­нішке қа­рай, көптеген адамдар көру гигиенасын мүл­дем сақ­тамайды.
Көзі жақсы көрсе, оқушылар озат болады
Қазір ұл-қыздарының сабағының на­шарлығын айтып, шағымданатын ата-аналар аз емес. Алайда нашар оқитын балалардың барлығы зейінсіз емес екен. Олар қайдан пайда болады? Оқушы тақтадағы жазуды, көрнекі құралдарды жақсы көре алмағандықтан, мұғалімнің айтқанын жақсы ести алмағандықтан, мидағы түйсіну-қорыту процесі нашар­лайды. Көзі көрмеген нәрсені мида қорыту өте қиын. Мұндайда баланы кіналаудан бұрын, оның денсаулығын кінәраттан арылту керек. Басқаша айтқанда, жаман оқитын бала жоқ, керісінше, көзі нашар көретін, құлағы кеміс балалар бар. Әрбір ата-ана баласын балабақшаға, мектепке алып барардан бұрын міндетті түрде денсаулығын толық тексертіп алғаны дұрыс. Дені сау бала ғана жақсы оқиды, болашағын ойлайды. Бұл – қағида.
Қысық көз суқараңғылыққа апарады
Жас балалар ғана емес, ересек адам­дардың арасында да жанарынан зардап шегетіндер жиілеп барады. Әсіресе глау­кома, яғни суқараңғылық ауруы – асқыну үстінде. Ол, негізінен, көздің ішкі қысымы­ның артып кетуінен пайда болады. Дүние­жүзілік есеп бойынша жер бетіндегі жасы 40-тан асқан адамдардың ұлтына, нәсіліне қарамастан, 2 пайызы осы аурудан зардап шегеді. Ал азиаттықтарда көз шарасының кіші болуына байланысты одан да жоғары болуы мүмкін. Көздің ішкі қысымы қалып­тағыдан көтеріліп кеткен жағдайда көздің жүйке жүйесіне тікелей әсер етеді. Соның салдарынан зат алмасу процесі бұзылып, көздің көру аумағы тарылады. Ол тарыла келе, түтікше тәрізденіп, жан-жағын көру қабілетінен айырылады. Мұ­ның соңы суқараңғылыққа әкеліп соғады.
Емі белгілі, емдеу тәсілі анықталған ауру болса да, катаракта, яғни көз бұр­шағы­ның ақ басуы күрделеніп келеді. Үшін­ші жиі кездесетін ауру – қант диабетіне тікелей байланысты. Қант диабетіне шал­дыққан адамның көз тамырлары өзгеріске ұшырап, тор қабатына қан құйылуы мүм­кін. Бұл – эндокринологтермен бірлесіп күресетін проблема. Қуанышқа қарай, соң­ғы екі жыл көлемінде бұл ауруларды емдеу жолға қойылып, аталған аурухана жанынан Қазақстанда алғаш болып қан тамырлары эндокриндік ауруларды ем­дейтін орталық ашылды.
Жақсы көру үшін жақсы емхана қажет
Әрине, жетістіктерді жеткізу – проблема жоқ деген сөз емес. Мәселе – шаш-етектен. Аудандарда көз дәрігерлерінің жетіспеу­шілігі күрделі мәселелердің бірі ғана. Не­гізінде, жасы 35-тен асқан әрбір адам көзі ауырғанына, ауырмағанына қара­мастан, жылына бір рет міндетті түрде көздің ішкі қысымын өлшетуі қажет. Бұл суқараңғылық ауруының алдын алуға тікелей себеп болады. Өйткені суқараң­ғылық сырқа­тының алғашқы белгілері мүлдем байқал­майды. Ол екінші, үшінші сатысында ғана білінуі мүмкін. Қазір халық жылына өкпе­сін бір рет тексертіп тұруға үйренді ғой, сол секілді көз қысымын да жылына бір рет өз еркімен тексертіп тұруға дағдылануы тиіс.
Екінші күрделі мәселе – емхананың науқас қабылдау мүмкіндігінің халық са­ны­­­мен сәйкессіздігі. Бұрын Шымкент қаласында аумағы 700 шаршы метр емхана ғимараты бар болатын. Сол жылдары қала халқы 240 мыңнан сәл-ақ асса, облыс бойынша 1900 мың адам тұратын. Қазір қалада 700-800 мыңдай адам болса, облыста 2,5 миллионға жетіп қалды. Ал 700 шаршы метр емхана ғи­мараты сатылудың «құрбанына» айна­лып, қазір дәрігерлер аумағы 350 шаршы метр­ді құрайтын емханада қысылып-қым­тырылып, науқас қабылдауға мәжбүр. Де­мек, халық саны екі есеге жуық көбей­се, емхана аумағы, керісінше, екі есеге кіші­рейді. Бұл дәрігерлермен бірге нау­қастарға да қиындық тудыруда. Әсіресе жаздың ыстық күндері кезекте тұрғандар арасында жүрегі әлсіздер дәрігерлік кө­мекке жүгінуге тура келіп жатады. Жанардан жапа шегудің алдын алғымыз келсе, кең де үлкен емхана қажет екені айтпаса да түсінікті.