Мәселе

Ана тіліміздің еңсесі неге төмен?

  • https://alashainasy.kz/

    https://alashainasy.kz/

Бізде жыл сайын аталып өтететін «Қазақстан халқы тілдері күні» деген мереке бар. Бірден ашығын айтайық, біз мұндай мерекеге мүлдем қарсы емеспіз. Біз оның жасандылық пен жалғандыққа толы, жай ғана есеп беруге арналған жиналысқа айналып кеткендігіне қабырғамыз қайысады.


Бізде бұл жолы да дәл осылай болды. Әдеттегідей, облыстық тілдерді дамыту басқармасы «Тіл—рухани қазына» деген аты дардай шара өткізді. Оған облыс әкімі Архимед Мұқанбетов мырза арнайы келіп, ұзақ-сонар баяндама жасады. Ол ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алғаннан бергі 30 жылдағы саяси маңызына тоқталып, тіліміздің өңірдегі тамаша жағдайын майын тамызып айтып берді. Тіпті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан та біраз дәйексөз келтірді. Соңғы бес жылда тілді дамытуға 1 миилиард теңге жұмсалған көрінеді. Биылғысы да олқы емес. 265 миллион теңгені құрайды. Ал тек осы қыркүйек айында ғана тілдер күніне орай 100-ге жуық алуан түрлі шара өткізілгендігін ерекше мақтан тұтады екен. Ал осы соңғы цифрдың өзі елімізде еңсесін көтере алмай жатқан ана тілімізді өркендетудің таза науқаншылдыққа айналалғандығын айқын дәлелдесе керек. Әйтпесе, жыл бойғы жүйелі жұмысты емес, мереке қарсаңындағы шараларды жіпке тізу неге қажет екендігін көзі қарақты оқырманның өзі ұғына жатар.


Ал біз Архимедтің осы жиындағы кейбір қисынсыз пікіірлеріне тоқтала кетелік. Оның тұжырымдауынша «Тіл сасатының басты бағыттарының бірі—ономастика» көрінеді. Сөйтеді де өзінің атқарған өнегелі істері ретінде «облысымыздағы Таран ауданынының Бейімбет Майлиннің атағын алғандығын, ал облыс орталығында бірқатар көшелердің атауы өзгертіліп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненебаеваның есімдері берілді» деп жұртты бір қуантып тастайды. Сонда мұнда әкім болып келгелі бес жыл ішінде тілімізді өркендетуге қосқан үлесі осы ғана болғаны ма? Дардай бір ауданды өзгерткендігіне ризамыз әрине. Алайда ана Федоров мен Денисов секілді аудандардың өзгеруіне тағы да бес жыл керек пе?


Ал көше атауларына келер болсақ, Қостанай қаласының нақ орталығында орналасып, «маған не істей аласыңдар?» деп шалжиып жатқан Гоголь, мен Чехов, Пушкин мен Павлов көшелеріне тісіміз батпай жүргендігін кімнен жасырамыз? Оны айтамыз, осы жылдың көктемінде «Назарбаевқа шұғыл түрде орталықтан көше беру керек» деген бет қаратпас пәрмен шыққандағы жанталасты қайда қоямыз. Осы хабарды ести сала, кезінде өзге ұлттармен айтысып-тартысып жүріп әзер алған, дәл орталықтағы Абай даңғылын сол кісінің атын береміз деп, қалалық ономастика комиссиясын шұғыл жинап, солай деп шешім шығарып, тіпті сол даңғылдағы маңдайшаларды өзгертуге кірісіп кеткен масқаралықты кімнен көреміз? Сөйтіп ешбір облыстың дәті бармаған «ерлігімізді» байтақ еліміз әлі де ұмыта қойған жоқ шығар. Енді мына өзіміз мәңгі есте қалдырамыз деп асығыстыққа салынған адамымыздың есімін орталықтан алыс, көк базардың сыртындағы Гагарин көшесіне беріп, міндетімізден құтылғандай болдық. Айтпақшы, сол Гагарин дегеннің аты мүлдем өшкен жоқ. Оның есімін осындағы Индустриальная деген көшеге беріп, ең болмаса сол ономастика мәселесінде табандылық пен жігерлілік таныта алмадық. Көше демекші, өзгесін былай қойғанда, Қостанайдан кейінгі аса ірі қала Рудныйда қаланы қақ жарып өтетін үлкен даңғыл әлі күнге дейін «күн көсемнің» атында. Ал қала әкімі болса «оны мен еш уақытта өзгертпеймін» деп «қас батырлық» танытып отыр. Тіл саясатының басты бағытының орындалып жатқандығы осы ма?

Айтпақшы, тіл сасаты осылайша орындалатын болса, жақында ғана облыс орталығындағы жаңа көшеге өмірден ерте озған, талантты дәрігер Герасимовке көше беру сіздің тұжырымдауыңызша, орыс тілінің басты бағытын өркендету болып шықпай ма?


Ал жалпы, біздің тілді өркендетудің басты жолы тек ономастика ғана емес, алдымен қазақ мектептерінің санын көбейту. Ал бұл--қазағынан өзге ұлттың саны басым біздің өңірде өте күрделі проблема. Солай бола тұрса да мұны біртіндеп шешпесе, күні ертең асқынып кететін дүние. Алайда бұл жайт та аталмыш жиынның назарынан тыс қалды. Ал шындығында да бұл қазіргі таңда дабыл қағарлық мәселе. Әсіресе, негізінен өз ұлтымыз тұратын шағын елді мекендердегі мектептердің балашағы бұлыңғыр. Мұндағы білім басқармасындағылар «Шағын комплектілі мектептер жабылады» дегеннен басқа ештеңені мандытып айтпайды. Олар жабылғанда, басқа жерден ашыла ма, әлде біржола құрдымға кете ме? Бұл да өте құпия ақпарат. Өйткені ол билік басындағыларға жаға бермейтін дүние. Өткенде осы порталда облысымыздағы Сарыкөл ауданындағы Соналы қазақ мектебінің тек оңтүстіктен көшіп келген отбасылардың балаларының арқасында ғана жабылмай қалғандығын жазғанбыз. Ал қалғандарынан хабарымыз шамалы. Билік екібастан үнсіз. Сірә, бұл тіл саясатының басты бағыттарына жатпаса керек. Осы саясаттың әсері болса керек, өткенде қаламыздағы жалғыз бастауыш қазақ мектебін орталықтан жырақтау жерге көшіріп, ол ғимаратты бала бақшасына айналдырамыз деп «ерекше бастама» көтергені бар. Шындығын айтсақ, бұл көшіру дегеніміз дәл осы мектептің жабылуы деген сөз екендігін айтып жатудың өзі артық. Абырой болғанда, бұл мәселе республика көлемінде көтеріліп, Президенттің өзі тікелей араласуының арқасында мектеп аман қалды. Ал жалпы, қаламызда қазақ мектептері саусақпен санарлықтай ғана. Бас–аяғы жетеу ғана. Олардың өзң баяғы орыс мекептері үшін салынған, әбден ескірген ғимаратта орналасқан. Сырты жылтырағанмен іші адам қызығарлықтай емес. Осы заман талабына лайық, еңселі бір жаңа қазақ орта мектебі атымен жоқ. Биліктің айтатын сылтауы «орталықта оған лайық орын жоқ» болып келеді. Ал анау қолапайсыз салынған, өзі ат шаптырым аумақты алып жатқан «Тың игерушілер монументі» деген дүниені (бұрын ол «Покорителей целины» деп аталатын, кейін сыпайылаған болар) сырып тастап, оның орнына адам қызарлықтай бір қазақ мектебін салса, кім кедергі? Өзгелердің ылғи да ыңғайына жығыла беру, кей-кейде қай дүниені де кері кетіретіндігін де ұмытпаған мақұл шығар.



Біз, әрине, облысымыздың ұлттық құрамының ерекшілігін естен шығармақ емеспіз. Әзірге өзге ұлттың өкемдігін де жасыруға болмас. Кей мәселеде олардың көңіліне де қараймыз. Алайда, ардақты ана тілімізді ең болмаса сауатты түрде жазуға да солар кінәлі ме? Мәселен, алысқа бармай-ақ сол Архимед отырған мекемеден өте алыс емес Амангелді көшесіне бара қалсаңыз, ұяттан бетіңіз қазарары сөзсіз. Ол тек орыс тілінде «Аманкельды көшесі» деп жазылған. Мүмкін, бір тақтайша ғана қате шығар деп, үлкен көшенің аяғына дейін сүзіп шықтық. Жоқ, сол Аманкельды, сол Аманкельды. Енді бұған не дерсіз? Жылайсың ба, күлесің бе? Сонда бүкіл қалада бір қазақша сауатты жанның табылмағаны ма, Архимед мырза?



Жалпы, осы «Қазақстан халқы тілдері күні» дегенді «Қазақстанның мемлекеттік тілі мерекесі күні» деп өзгертетеін уақыт әлдеқашан жеткен секілді. Өйткені ол біріншіден, мемлекеттік мәртебе алған ана тілімізді өзге тілдердің қатарына қосып, төмендетіп жібереді. Екіншіден, Қазақстан халқының тілдері екен, ендеше Коституциямызда онымен теңестірген орыс тілі неге қысастық көреді? Сол тұста орыс ұлтының азаматтары: «Ау, тілдеріміз тең болса, онда неге сіздер тек қазақ тілін дамыту үшін миллиардтаған теңге бөлесіздер де, біз дымсыз қаламыз? Бізге де беріңіздер ол ақшаны, біз де қазір аясы тарылып бара жатқа орыс тілін дамытуға жұмсайық» деп, өздерінше оқыту орталықтарын ашып, біреулерді өтірік оөқытқан болып, неге мұрттарын біраз майлап алмасқа. Кім оған «сендердікі дұрыс емес» деп айта алады. Екі тіл де тең емес пе?


Айтпақшы Қазақтан халқының тілдерінің ішінде украиндар да, немістер де, туысқан өзбек пен қырғыз да бар екендігі ұмытпалық. Дарқан да кеңпейіл халықпыз ғой, олардың да көңілі қалып қойып жүрмесін.


Жайберген Арзымбетұлы.

Қостанай.


 


 


 


 


 


 




 




Көрілген: 494    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 02.10.2019, 10:56

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31