Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Аналардан алтынды қызғанғанымыз ба?

20 сәуір 2011, 12:53

Алып та, батыр да анадан туады. Осындай ұлыларды дүниеге әкелген аналарымызды қалай құрметтесек те жарасады емес пе?! Ал құрсағы алтын, балағынан бала саулаған батыр аналарымызға басымыз жерге жеткенше тағзым ету – парызымыз. Сол себепті де мемлекет, Елбасы тарапынан батыр аналарға деген құрмет жыл санап артып, бұрынғыдай дүниеге 10 бала әкелген ананы ғана емес, жеті сәби сүйген жарды да батырлар қатарына қосып, алтыннан алқа тағатын мүмкіндік жасалды. Мұның демографияға қосатын үлесі мол деп білеміз. Алайда мемлекеттік саясаттың жандануына кедергі келтіріп отырған мемлекеттік қызметкерлердің адами қасиеттен аттап өтетін келеңсіз қылықтарына қынжылмасқа амал қайсы?! Анадан туылған пенденің мұндай масқаралыққа барғанына сенгіңіз келмейді, әрине. Бірақ ащы да болса, шындықтың аты – шындық.
Батыр аналарымыз дүниеге көп бала әкелуге қи­нал­мағанда қолында мүмкіндігі мен мөрі бар ше­неу­ніктер батыр аналардың сол еңбегін растап, құжатын құнт­тай қылып беруге келгенде белсенділік таныта қоймайды екен. Мәселен, Н.Мырзабаева деген аза­мат­ша өз анасы, көпбалалы М.Нәбиеваны «Алтын ал­қа» марапатына ұсыну үшін тиісті құжаттарды жи­нақ­тап, өткен жылдың 16 ақпанында Сарыағаш қалалық әкім­дігіне тапсырған. Обалы не керек, ол жердегі мамандар бұл құжаттарды дер кезінде толтырып, сол күні-ақ ұсыныс хатпен аудандық әкімдікке жолдайды. Ал аудандағылар болса, бұл ұсыныс хатты тартпаға тастай салды ма, әлде басқа бір себебі бар ма, әйтеуір, тиісті құжатты облыс әкімдігіне араға бес ай уақыт өткізіп барып жібереді. Жіберілді деп қағазда ғана көрсетілген, шындығында, бұл құжаттың қаншалықты облысқа жөнелтілгені де күмән тудырады. 
Өйткені облыстағы мамандардың ай­туынша, М.Нәбиеваны наградтау туралы ұсыныс хат мүлдем түспеген. Анасының құжаттары тиісті орынға жетпегенін естіген Н.Мырзабаева енді аудандағылардың сөзіне сенбей, құжаттарды өз қолымен облыстық мекемелерге апарып тапсырады. Бұл 2011 жылдың 2 ақпаны еді. Демек, құжатты алғаш тапсырған сәттен бері тұп-ту­ра бір жыл өтті деген сөз. Тиісті хат осы уа­қытта ғана рәсімделіп, ұсыныс хат Елба­сының атына осы кезде ғана жолданды. Сонда бұл әрекеттің астарында не жатыр? Әдейі аяқтан шалу ма, әлде жауапсыз­дық­тың шектен шыққандығы ма? Бәлкім, батыр анадан бірдеңе дәметкен де болар? Қалай болса да, Елбасы саясатын жүргізетін сенімді лауазым иесінің бұл қылығы өзінің ғана емес, өз ауданындағы, облыстағы, тіпті, республикадағы әріптестерінің абы­ройы­на нұқсан келтіргенін қаншалықты сезінер екен?
Мұндай келеңсіздіктер жалғыз емес. Сарыағаш ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округінен А.Молдабекованы «Алтын алқа» наградасымен марапаттауға ұсыну туралы хаты аудан әкімдігіне 2010 жылдың 2 сәуірі күні жолданған. «Сәуірде түскен бұл ұсыныс хат та тартпаның тұт­қынына айналса керек, облысқа шілденің 7-сінде жолданды» деген ақпар болады. Дәл осы хат қыркүйектің 10-ына қайта әзір­ле­ніпті. Алайда аудандық әкімдікте­гілер­дің бұл екі жауабы да жалған болып шықты. Өйткені облысқа А.Молдабекованы мара­паттау жөніндегі ұсыныс хат мүлдем түспе­ген екен. Мұны «Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кері дейміз бе, не дейміз? Тексеру барысында алтын құрсақты ананың құжаттары аудан әкімдігі ұйымдастыру-кадрлық бөлімі тарапынан жоғалып кет­кендігі анықталған.
Қанат Елшібаев, Сарыағаш ауданының прокуроры:
– Сарыағаш қаласы мен аудан ау­мағындағы ауылдық округ әкімде­рімен көпбалалы аналарға қатысты құжаттар аудан әкімдігіне уақтылы жолданғанымен, аудандағылар облыс әкімдігіне жолдау туралы ұсыныс хаттарында формалды түрде шығыс мөрлері қойылып, шын мәнінде, облыс әкімдігіне жолданбай, әлі күнге дейін аудан әкімдігінің ұйымдастыру-кадрлық бөлімінде жатқандығы анықталды.
Тапсырған құжаттарының қорытынды­сын сарғая күтіп отырған сарыағаштық батыр аналардың қатары, өкінішке қарай, өте көп. Тірлігі шала шенеуніктердің жауап­сыз­дығы салдарынан құжаттарын өткен жы­лы өткізіп қойған Абай ауылдық округі­нен – 5 ананың, Ақжар ауылдық округінен – 2, Ақтөбе ауылдық округінен – 11, Әлім­тау ауылдық округінен – 4, Бірлік ауылдық ок­ругінен – 6, Бозай ауылдық округінен – 15, Дарбаза ауылдық округінен – 2, Дербісек ауылдық округінен – 6, Жамбыл ауылдық округінен – 3, Қошқарата ауылдық округінен – 1, Құркелес ауылдық округінен – 3, Ошақты ауылдық округінен – 43, Тегісшіл ауылдық округінен – 2 және Ұшқын ауылдық округінен 4 батыр ананың құжаттары әлі жолданбаған. Ау­дан­дық прокуратура тарапынан сыбайлас жем­қорлыққа жағдай туғызатын құқықбұ­зушылыққа жол берген аудан әкімдігінің ұйымдастыру-кадрлық бөлімінің бас маманы Б.Жақаевтың, ведомстволық ба­қы­лау жасамаған С.Жолдыбаевтың тәртіп­тік жауапкершілігін шешу туралы аудан әкіміне ұсыныс енгізілді. Ұсыныс қаралу сатысында.
Әрине, дәл осындай жайсыздықтар Сарыағаштан ғана емес, жан-жақтан еміс-еміс естіліп жатады. Демек, онда да осы олқылықтардың көрінісі қайталанып жат­пасына кім кепіл?! Анасын Меккеге жаяу арқалап емес, батыр аналардың құжатын облысқа поштаның көмегімен жеткізіп беруге қиналатын шенеуніктерден не үміт, не қайыр?!
Әрине, құрсағы алтын аналар бұрын­ғыдан азайғанымен, арамызда әлі де баршылық. Олар көп бала дүниеге әкелсе, бірінші кезекте мемлекеттен жәрдемақы алу үшін емес, өздері үшін туады. Жәрдем­а­қы бермейді екен деп құрсақтарына құрсау салады деу қисынсыз. Дегенмен батыр аналарға деген құрметіміз өзгерсе, ұрпақ көбейтуге деген қызығушылық та еселеп артар ма еді. Мұхтар Шахановша айтсақ, ер­лікті жасамаудан бағаламау әлдеқайда қауіпті.