Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Асанәлі Әшімов бастаған топ Арыстанбек Мұхамедиұлына араша сұрады

06 тамыз 2022, 11:45

Мұхтар Шаханов, Асанәлі Әшімов, Төрегелді Шарманов, Бибігүл Төлегенова  тағы басқа мықтылар Арыстанбек Мұхамедиұлына араша сұрап отыр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Мalim.kz-ке сілтеме жасап.

Олар  хатты Бас прокурор Б.Асылов пен Жоғары соттың төрағасы Ж.Асановқа жолдаған. Хат иелері экс-министр Мұхамедиұлына қатысты тергеудің әділ өтуін талап етуде. Араша сұраушылар Арыстанбек  министр болғанда қабылданған заңдар мен қолға алынған  жобаларға тоқталған.  Мысал ретінде «Кинематография туралы», Тарихи, мәдени мұраларды сақтау туралы» заңдарды атап өткен.  Хат жолдаушылар Назарбаевтың бастамасымен бекітілген «Домбыра күнін» «Арыстанбек Мұхамедиұлының тікелей қолтаңбасы» деп бағалапты.

 

Мәдениет өкілдері антикордың тергеп-тексеру амалдарымен келіспейтін секілді. Олар шындықтың беті ашылып, жақсылықтың жылы таңы атсын деген үмітін де жасырып қалмады. «Мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірді» делінген музей басшысын «елдің рухани байлығын ойлаған адам» деп сипаттапты.   «Ұлтым, жұртым, өнерім деп ішкен асын жерге қойған азаматтан елдің қаржысына қол салатын арсыз қылық шықпайтынына қарт жүрегіміз сенімді» дейді олар.  Хат соңында араша сұраушылар «Арыстанбек Мұхамедиұлына  қарсы деректер дайындауға кейбір азаматтарды мәжбүрлеп, заңсыз әрекеттер қолданылып жатқанына» наразылық білдіреді делінген. Естеріңізде болса, 2016 жылы Арыстанбек пен Тұңғышбай арасында текетірес болғанда Асанәлі Әшімов Жаманқұлов жағына шыға қоймаған болатын. Ол Тұңғышбайдың экс-министрге тиіскенін ұнатпай, «бұл сұхбат өте ұятты болды» деп жекіп тастаған-ды.  

 

«Мұхамедиұлына қарсы деректер  дайындауға кейбір азаматтарды мәжбүрлеп» дегенде хат иелері кімді меңзеді екен?!  Актер Тұңғышбай Жаманқұлов «Арыстанбектің үстінен арыз түсірген мен» деп мәлімдегені белгілі. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу бойынша үш мәрте қылмыстық іс қозғаған.  Тіпті бір істің өзінен, антикор Ұлттық музейде жүргізілген жұмыстардың құны 1,2 млрд теңгеге негізсіз ұлғайтылғанын мәлімдеген еді.

 

Айта кетейік, Антикор 28 мамырда соттың санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлын ұстаған.  Қазір Ұлттық музей басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп  жатыр.