Астана қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов қазан айының соңында және қарашаның басында жүкті әйелдердің көз жұмуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпараттілшісі.
«Қазіргі кезде, үстіміздегі жылдың 31 қазаны мен 4 қарашасында ауруханада және үйінде көз жұмған келіншектердің өлімін тексеруді ұйымдастыру шаралары жүргізіліп жатыр. Сараптама нәтижелеріне қарай медицина қызметкерлерінің көрсеткен көмегінің сапасына баға беріледі. Одан әрі материалдар тергеу органдарына жіберіледі», - деді С. Байғабылов. Бұдан бұрын, 31 қазан және 4 қараша күндері Астанада екі жүкті әйелдің қайтыс болғанын хабарлаған едік. Еске сала кетейік, 21 маусым күні №1 перинаталдық орталықта жүкті келіншек қайтыс болған. 25 маусым, 2 шілде күндері тағы екі әйел көз жұмған. 16 шілдеде №2 перинаталдық орталықта тағы бірі бақилық болды. 1 қыркүйекте жыл басынан бергі бесінші қайғылы оқиға тіркелді.