Астаналық дәрігерлер тірі баланы "өлі туды" деп құжат толтырып берген
Астаналық дәрігерлер жаңа туған сәбиді ата-анасымен үйіне жіберіп, ал құжатқа "өлі туылды" деп жазып берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
25 жастағы келіншектің ай-күні толып 21 қазанда қыз баланы кесарь тілігі арқылы дүниеге әкеледі. Ана мен баланы 5 күннен соң перзентханадан шығарыпты. Ал, құжаттарды "бала өлі туылды" деп толтырып берген. 
 
"Жоқ, балам өлі туған емес, қызым үйде, күйеуім қарап жатыр" деген кезде сіздің хаттамаңызда "бала өлу туған" деп айтыпты", - деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Темірлан Ырыскелдіұлы.
Бірақ мұнымен іс бітпепті. Күйеуінің айтуынша, үйге шығысымен әйелінің жарасы іріңдеген, тіпті дене қызуы 40- градусқа дейін көтеріліп, есінен танып қалғанын.
"Шыққан кезде қатты ауырып шықты.  Күніге іріңдеп тұрды, күніге өңдеп тұрдық. Өздерінің жұмыстарында тиісті жазасын алу керек. Себебі, жазасын алмайтын болса, ол кейінде қайталанады. Баласын жоғалтып алуы мүмкін дегендей ғой", - деді Темірлан Ырыскелдіұлы.
Жаңа туған сәбиге "Томирис" деп есім берген. Ол ана сүтімен емес, дәріханадағы қоспамен тамақтануда. Қазір оған нағашы әжесі қарап отыр. Айтуынша, қызы жарасы іріңдей бастаған соң  дәрігерлер барған. Бірақ олар уақытылы көмек көрсетпей, бір-біріне сілтеп жіберген.
"Басқа хирургияға барсын деп айтқан. Ол баласын көтеріп, біз жоқпыз, өзі жүрген. Жолдасы жұмыста болған. Негізі перзентханада өздері жауап беру керек, сол гинеколог-дәрігерлері. Бұларды жаздырмай, шығарып жіберген. Қызым, ішіндегі іріңі мен суы кетіп жатырқанын айтты", - деді әжесі Айсұлу Исабекова.
Дәрігерлер болса, ағаттық кеткенпегенін айтып, ақталды. Құжатта жіберілген қателікті мойындап, ата-анасынан кешірім сұрапты. 
"Техникалық ахау бойынша "баланың өлі туды" дегені туралы жазғаны үшін біз басымызбен көтереміз. Отбасынан, әкесінен кешірім сұрады, дәрігер. Оған тәртіптік жаза - сөгіс жарияланды. Ол кісі 6 ай бойы ешқандай премия ала алмайды. Тек қана өзінің айлығына жұмыс істейді", - деді Нұр-Сұлтан қалалық №2 көпбейінді аурухана директорының босану жөніндегі орынбасары Ербол Әубәкіров.
Дейтұрғанмен қазір жас ананың денсаулығына төнген қауіп сейілген. Ақ халаттылар ішкі ағзаларына ешқандай зиян келмегенін мәлімдеді. Ем-домын әлі жалғастырып жатыр.