Себебі тіршілік нәрі жиналатын тоған тозған. Кенеттен бөгет бұзылса, тасқын су тұрғын үйлерді шайып кетуі мүмкін. Тұрғындар осылай деп дабыл қағып отыр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Ал жергілікті әкімдік жөндеу ойда бар, бірақ қаржы жоқ дегенді айтады.
Дамса ауылдық округіне үш елді мекен қарайды. Шамамен 5 мыңға жуық тұрғыны бар. Барлығы осы жасанды көлден су ішеді.
Тоған өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Шамамен 4,5 миллион текше метр су жиналады. Әу баста деңгейін реттеп отыратын шлюздер болған. Алайда тозығы жетіп, темірі шіріген соң жөндеу жүргізіпті.
2015 жылы ескі шлюзді көміп, орнына құбырлар тастаған. Алайда тоған деңгейі көтерілген кезде ағын су құбырдың ішімен емес, жанынан жол тауып, борпылдақ топырақты ағызып әкетіп жатыр. Көріп тұрғандарыңыздай, бірнеше ойық пайда болып, төмен қарай опырылып түскен.
Енді тұрғындар осыған тез арада мән беріп жөндеу жүргізбесе алдағы көктемде ауылымыз су астында қалуы мүмкін деп алаңдап отыр.
Андрей Лебедев, су тазарту станциясының меңгерушісі:
- Егер тоғанның деңгейі көтеріліп, бөгет жарылатын болса төменгі жақтағы Дамса, Бараев атындағы ғылыми орталық, Степной ауылдарын су шайып кетуі мүмкін. Көкшетау бағытындағы тас жол мен темір жолға зиянын тигізеді. Қазір тоған суын құр топырақпен реттеп отырмыз. Керек кезде қазып аламыз. Бітеу керек болса қаппен құм тастаймыз. Бірақ көріп тұрғандарыңыздай, астынан тесіп өтіп кетіп жатыр.
Тоғандағы тағы бір проблема ауыз суға қатысты. Өйткені маңайдағы үш ауылға тұщы су осы жерден тартылған. Шлюз жұмыс істеп тұрғанда тіршілік нәрі таза болатын дейді тұрғындар. Қазір сапасы төмен.
Александр Гладких, Дамса ауылының тұрғыны:
- Бұрын шлюз тереңге орналасқан еді. Ол тоған суының астыңғы жағынан тартатын. Яғни ұлтанына тұнған лай су төменгі жакка кетіп, қойма тазарып тұратын. Қазіргі жүйе бойынша су деңгейі көтерілгенде артығы бөгеттің үстіңгі жағымен ағады. Яғни таза су босқа кетеді. Осының кесірінен тоғанның ұлтаны ластанып, суы иістене бастады. Тұрғындардың көбі ауыз суды дүкеннен сатып алып ішіп отыр.
Жергілікті әкімдік мәселеден хабардар. Аудан әкімі де арнайы келіп шұрық тесік бөгетті көзімен көрген. Бірақ нақты әрекет жасауға асықпайды. Әзірге уақытша шешім ұсынып отыр.
Андрей Землянка, Дамса ауылы әкімінің орынбасары:
- Бөгетті күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттарды жасау мәселесі талқыланып жатыр. Нақты шешім қабылданған жоқ. Апаттың алдын алу үшін әзірге су кетіп жатқан жерлерді бекітіп, көктемге дейін артық суды төмен қарай жіберетін уақытша орын қарастырып жатырмыз.
Ауыл әкімі бөгетті жөндеуге қыруар қаржы қажет дейді. Егер аудан немесе облыстан көмек болмаса өз күшімен мұндай жұмысты атқара алмайтынын айтып отыр.
Ал ол жақтағылардан әзір қайырлы хабар жоқ. Сондықтан тұрғындардың тағы бір көктемді үреймен өткізіп, сапасыз суды қанағат тұтудан өзге амал жоқ.