Мәселе

Асырап алған баланы қайтарып жүр

  • Асырап алған баланы қайтарып жүр

    Асырап алған баланы қайтарып жүр

Жыл өткен сайын бала асырап алуға ниеттілер көбейіп келеді. Соған сәйкес, балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны да азайып жатыр. Негізі, мемлекеттің түпкі мақсаты да балалар үйінің санын қысқарту еді. Яғни, әр баланың мейлі биологиялық, мейлі асырап алған отбасының болсын жылуын көріп өсіп, жетімдер үйі қажет болмай қалғаннан жабылса деген ой болатын. Бір жаманы, асырап алғысы келетіндер де, отбасына жаңа мүше ретінде бала алып кеткендер саны артқанымен, орта есеппен 20 пайызға жуығы барған шаңыраққа сіңісе алмай, ақыры үйреншікті жері – балалар үйіне қайтарылады. Бұған баланың қиын мінезін ғана себеп етуге бола ма? Бала асырап алуға бекінген ересектердің жауапкершілігі тұрғысынан қарастырса қалай болады?
Былтыр пандемия әсер еткен болса керек, асырап алынған балалар саны 1 150-ге азай­ған. Себебі одан бір жыл бұ­рын 1 760 бала ба­лалар үйімен қош­тас­қан болатын. Жалпы алғанда, рес­пуб­лика бойынша балалар үйінің саны да, ондағы тәрбиеленушілер де азайып келе жатыр. Бүгінде Қазақстандағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала­лардың жалпы саны – 23 416. Оның ішінде 81 пайызы, яғни 19 162 бала асырап алынған. 4 254 бала арнайы мекемелерде өмір сүріп жатыр. 2017-2020 жылдар аралығында балалар үйінде тәрбиеленіп жатқандар саны 41 пайызға азайыпты. Сәйкесінше, ба­ла­лар үйінің саны 140-тан 97-ге қыс­қар­ған.

«Қазақстан балалары» статистикалық жинағында балалар үйіне қайтарылғандар туралы деректер берілген. Атап айтқанда, 2015 жылы – 246, 2016 жылы – 195, 2017 жы­лы – 109, 2018 жылы – 199, 2019 жылы 183 бала жаңа отбасына тастай бата алмаған. Соған байланысты балалар үйіне қай­тарыл­ған. Қазақстанның балалар құқы­ғы жө­ніндегі омбудсмені Аружан Саинның айтуынша, балалардың қайтарылуына асырап алушылардың психологиялық дайын­дығы жеткіліксіз болғаны себеп болады екен. «Кейбірі «асырап алғаныма рақ­мет айтуы керек» деп ойлап, бала тәртіпті болатын шығар деген ойда болады. Сатқындықты не жақындарынан айырылу сияқты қайғыны басынан өткерген балаға ерекше күтім керек. Оларға түсіністік танытпаса болмайды. Сондықтан ересектер баланың жай-күйіне үңіліп, неге өзін олай ұстайтынын түсініп, отбасына бейімделу жолындағы қиындықтарды еңсеретін жол табуға тиіс», – дейді омбудсмен.

 
2019 жылы Қазақстанда бала асырап алғысы келетін ата-аналардың алдымен осы мектептен өтуі керек деген міндетті норма жазылған заң қабылданған болатын. Мұндағы мақсат – бір рет туған ата-анасы­ның сатқындығын көрген немесе жақыны­нан айырылған балалардың тағы бір мәрте сондай ауыр халді басынан кешіруіне жол бермеу. Агенттік өкілдерімен байланысып, бала асырап алу процесіне бастайтын асырап алушылар мектебі қалай жұмыс істейтінімен таныстық. Мұндағы маман­дардың айтуынша, балаларды қайтармас бұрын қаншалықты дайын екеніне баға беру маңызды. Олай болмаса, онсыз да ауыр тағдырлы баланың қанаты тағы бір мәрте кесілгендей болады.

«Кері қайтару процесін азайту үшін ересектер асырап алушы ата-аналар мек­тебінен сапалы өтуі керек. Себебі бұл жерде баланы қабылдау, оның өткен өмірі, қандай қиындық көргені жайлы ақпарат айтылады. 3-4 жылдан бері бала асырап алуға ниетте­ніп, құлшынып келгендердің өзі ондай мәліметтерді бұрын-соңды білмегенін айтып жатады. Алдымен ата-аналар пси­хологиялық диагностикадан өтеді. Сөйтіп, баланы асырап алудың негізгі мотиві анықталады. Яғни, баласы жоқ отбасылар шаңырағы шайқалмасын деп, жалғызбасты әйелдер жанына біреу керек болып, көмекші болсын деп алғысы келеді. Көбіне мұндай мақсатпен келгендер баланы құдды сиқырлы таяқша көріп, ойлағанындай болып шықпағанда балалар үйіне қайтарып жатады», – дейді Бала асырап алу ұлттық агенттігінің психологі Айнұр Қарабаева.

2020 жылдың шілдесінде қазақстандық отбасыларға жетім балаларды орна­лас­тыруға көмек беретін Бала асырап алу ұлттық агенттігі мемлекеттік аккредитация алған болатын. Кезінде мұндай ұйымдар қажет пе, жоқ па деген тақырыпта Парла­мент­те біраз талқы болған еді. Дегенмен нәти­жесінде «керек» деген шешімге тоқ­талып, жұмысын бастаған. Басты мақ­саты­ның бірі – балалар үйінің санын қысқарту. Сол үшін жетімдер санын азайтып қана қой­май, оларды кері қайтармайтындар, пси­хологиялық тұрғыдан дайын ата-ана­ларға табыстауда да агенттік сүйемелдейді. 2016-2020 жылдар аралығында бала асырап алушы ата-аналар мектебіне 2 632 үміткер қа­тысып, нәтижесінде 920 отбасы 1 325 баланы отбасына қабылдаған.

Расында, мамандар айтпақшы, баланы асырап алған соң, оның ой-пікіріне құлақ түру қажет. Меншік емесін де түсіну маңыз­ды. Осыны ұғынып, қабылдағаннан кейін баланың жаңа отбасыға үйренуі, бейімделуі жеңілдей түседі. Келесі бір маңызды жайт – бала асырап алуға отбасының барлық мү­шесінің дайын болуы. Тәжірибеде кез­дескен жағдайларды тізбектеп шыққан Айнұр Қарабаева кей отбасыда шешімді әйелі қабылдап, күйеуі амалсыз көнетін жайт болатынын айтты. Соның нәтижесінде бала отбасыға барғаннан кейін күйеуі дұрыс қабылдай алмай, жатырқап жүруі мүмкін. Ол, әлбетте балаға кері әсер етеді. Демек, бала асырап алу туралы шешім қабылдау қандай оңай болмаса, оны отбасыға әкелудің де қиын екенін, мол жауапкершілік жүктейтінін терең түсіну қажет.

«Сәбидің бәрі бақытты болу үшін жарал­ған» демекші, баланың бәрі толық­қанды отбасында тәрбиеленгеніне не жетсін! Бір жағы балалар үйінің қабыр­ғасында тиісті жылуды ала алмай­тыны жайлы да жиі айтылады. Одан бөлек, аталған мекемелердің заңға қайшы әрекеттер жасағанын да көз көріп жүр. Негізі, Бала құқығы жөніндегі уәкілдің міндеттерінің ішіне интернат типті балалар мекемелерін тексеру кіреді. Омбудсмен мұндай жұмысты Балалар құқығын қорғау комитеті, Бас прокуратура, Қаржы ми­нистр­лігінің қаржылық мониторинг жөнін­дегі агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп атқарады. Тексеріс нәтижесінде аталған ме­ке­мелерде талай былықтың беті ашылды.

Бала асырап алу ұлттық агенттігінің пси­хологі балалардың арнайы мекемелер­ден гөрі отбасында өскені дұрыс дейді. Бұл ретте балалар үйінің нашарлығынан емес, әңгіме ондағы атмосфера жайлы. «Қанша жерден әдемі безендірілген, қарны тоқ, көйлегі көк жер болса да, балалар үйі отбасының орнын баса алмайды. Ол жерде ата-ана емес, тәрбиешілер болады. Әрине, жұмысына жауапты қызметкерлер болуы мүмкін. Дегенмен олар – келіп-кетіп тұра­тын адамдар. Одан кейін балалар үйіндегі қатаң тәртіпті атап өту керек. Яғни, ана мен әкенің рөлін, олардың тұрмыстық мәсе­ле­лерді талқылауын бала көріп өскені жөн. Бала­ның мінезі реттелуі үшін бұл өте маңыз­ды», – дейді Қарабаева. Білім және ғылым министрлігі алдағы бірнеше жылда дәстүрлі балалар үйі мүлдем қалмайтынын, оларды отбасылық типті орталықтарға айналдыру жоспары жайлы бірнеше рет мәлімдеген. 2017 жылы балаларды қолдау орталықтары да ашылған. Бүгінде жалпы саны 18 орталық бар. Яғни, бұл – балаларға барынша үйдегідей жағдай жасалатын жер. Мұның да оң әсері болып жатыр. Бәлкім, шынында бірнеше жылдан кейін баланың бәрі отбасы жылуын сезініп өсетіндей кез туар. Әлде бұл утопия ма? Қалай ойлайсыз?

aikyn.kz




Көрілген: 787    Пікірлер: 0

сенбі, 17.04.2021, 11:09

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31