Ата-анасы қан құюға рұқсат бермеген нәресте шетінеп кетті

12 наурыз 2021, 18:56

Павлодарда ата-анасы қан құюдан бас тартқан нәресте бір күн ғана өмір сүрді, деп хабарлады qamshy.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Сайт мәліметінше, нәресте 2021 жылы 22 қаңтарда дүниеге келген. Шала туған нәрестенің салмағы – 700 грамм. Медицина көрсеткіштері бойынша оған шұғыл қан құю қажет болған. Алайда жас ана діни сенімдеріне байланысты қан құюдан бас тартқан. Павлодарлық дәрігерлер бірнеше сағат бойы оны көндіруге тырысса да, нәтиже шықпаған.

 

Әйел қан құюдан бас тартуы салдарынан баланың өміріне тікелей қауіп төнсе де, шешімін өзгертпейтінін жазып берген.

 

Басылым мәліметінше, жас ана "қан құю арқылы жұқтыру және асқыну қаупі барын" алға тартып, процедураға қарсы екенін айтқан. Алайда ол балама емдеу әдістеріне келіскен.

 

Егер ата-аналарды сендіру мүмкін болмаса және баланың өміріне қауіп төнсе, онда консилиум жиналады. Онда процедураны туыстарының еркіне қайшы жүргізуді шешуі мүмкін. Бірақ бұл оңай емес. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске және денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес дәрігерлер гемоглобинді балама түрде арттыра алады.

 

– Иә, эритропоэтин бар. Иеһова куәгерлері бұл туралы біледі. Бірақ бұл препарат жедел қан жоғалту кезінде қолданылмайды, – деді неонатолог дәрігер, облыстың перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары Жаңылай Қапанова.

 

Павлодар ауруханасында жас ана қан құюға келісім бермегендіктен, полицияға қоңырау шалып, консилиум өткізді. Алайда қан құюға уақыт жетпей, нәресте қайтыс болды.