Атасы немерелеріне алимент төлейтін болды

26 желтоқсан 2022, 14:33

Солтүстік Қазақстан облысында сот зейнеткерге немерелеріне ай сайын 30 мың теңге мөлшерінде алимент төлеуді міндеттеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, ер адам былтырғы жаздан бастап табысының үштен бір бөлігін немерелеріне алимент ретінде беріп отыруы тиіс болған. Алайда, ол өз міндетін орындамай, 3,7 млн теңге шамасында қарызы пайда болған.

 

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 152-бабына сәйкес көмекке мұқтаж кәмелетке толмаған немерелер өздерінің еңбекке қабілетті ата-аналарынан, еңбекке қабілетті туған бауырларынан және апа-сіңлілерінен қажетті қаражатты ала алмаған жағдайда алиментті сот тәртібімен атасы мен әжесінен алуға құқылы», - делінген баспасөз хабарламасында.

 

Балалардың анасының атасынан немерелерін асырап-бағуға алимент төлемдерін өндіріп алу туралы берген талабы биыл 3 наурызда Петропавлдың №2 сотының шешімімен қанағаттандырылды, соның негізінде 28 қарашада атқарушылық іс жүргізу қозғалды. Алимент атасының зейнетақысынан ай сайын 10 АЕК – 30 630 теңге мөлшерінде өндіріледі.

 

Жалпы, СҚО-да алимент төлеуден жалтарып жүрген 101 адам бар, олардың жалпы берешегі 184,3 млн теңгеге жеткен. Қазір облыс бойынша 10 479 кәмелетке толмаған бала алимент алушылар қатарында.