Атырауда жыл басынан бері 6 бала күйік шалып, қайтыс болды

20 мамыр 2022, 17:20

Атырауда жыл басынан бері күйік шалған 6 бала қайтыс болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

Атырау облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Орындық Сиплованың айтуынша, биыл балалар арасында күйік шалу дерегі көбейген.

 

«Былтырғы 4 айда 137 баланы күйік шалған болатын. Олардың арасынан бірде-бір бала қайтыс болмаған еді. Ал, биылғы қаңтар-сәуір айларында күйік шалған 185 дерек тіркелді. Оның ішінде 6 бала қайтыс болды. Өткен жылғы 4 айда ауруханаға химиялық күйік алған балалар түспеген еді. Биылғы осы кезеңде осындай жарақатпен 9 бала түсті. Былтыр 50 бала термиялық күйікпен аурухана дәрігерлеріне жүгінсе, биыл олардың саны 88-ге жетті. Балаларды күйік шалудың басты себебі – ата-аналардың балаларының әрекетіне немқұрайлық танытуы», - дейді аурухана директорының орынбасары Орындық Сиплова.

 

Балалар ауруханасы жансақтау бөлімінің аға медбикесі Қымбат Дүйсенғалиеваның пікірінше, мұндай оқыс оқиға ата-аналардың телефонға алаңдауына туындап отыр. Өйткені, ата-аналар телефон қоңырауына жауап беру, WhatsApp мессенджеріне хабарлама жазу кезінде балаларын қараусыз қалдырады.

 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда елордалық дәрігерлер 5 балаға ота жасағанын хабарлаған болатынбыз.