Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Ауырып ем iздегенше, ауырмайтын жол iзде

13 маусым 2011, 15:06

Көктем жақындап, мал төлдеу науқаны басталуына орай және көктемгi қырқым науқаны таяу екендiгiн ескерiп, малдан адамға жұғатын аурулардың ең бiр көп тараған және қауiптiлерiнiң бiрi, сарып ауруының салдарын, алдын алу шараларын шаруалардың назарына ұсынуды жөн көрдiк.

ДӘРIГЕРДIҢ ДӘЙЕГI
Сарып немесе сал ауруы (бруцеллез) – малдан адамға жұғатын, буын, жүйке, жыныс мүшелерiнiң зақымдануына әкелiп соғатын аса қауiптi жұқпалы аурулардың бiрi. Ауру қоздырғышы сыртқы ортаның әсерiне өте шыдамды келедi: сүт өнiмдерiнде 25 күнге дейiн, мал терiсiнде 3-4 ай, суда 5 ай, топырақта 2-3 ай өмiр сүрсе, салқын жерде ұзақ сақталады. Ауру малдың қиында немесе мал зәрiмен ластанған сабан-шөпте ауру микробы қыс бойы сақталуы мүмкiн. Бұл аурудың ерекшелiгi – адамға тек ауру малдан жұғады, ал адамнан адамға жұқпайды. Сарып ауруының негiзгi белгiлерi ауру жұқтырғаннан кейiн 7-30 күн өткен соң бiлiне бастайды: адам өзiнiң тез шаршап, тамаққа зауқы соқпай, басы ауырып, дел-сал болып, бойының ауыр тартқанын сезiнедi. Дәрiгерге дер кезiнде қаралмаған жағдайда ауру күшейiп, науқастың дене қызуы 38-39 градусқа дейiн көтерiлiп, қол-аяғы сырқырап, белi ауырып, түнге қарай талшынып терлеп, ұйқысы бұзылып, мойын, қолтық асты, шап бездерi iсiп ауырады. Ауруға ұсақ малдар көп шалдығады. Өткен жылы ауырған адамдардың 66,7 пайызы ауруды уақ малдардан жұқтырған. Ауру қоздырғыштары сыртқы ортаға ауырған малдардың тезегi, қиы, зәрi, шуы, тағы басқалар арқылы бөлiнiп тарайды. Дәрiгерге көрiнбей, өзiнше емделген жағдайда ауру созылмалы түрге айналып, науқас адамның қол-аяқ буындары iсiп, қозғалтпай ауырып, әрең бүгiледi. Буын-буындарға сары су толып, буындардың қалыпты түрi өзгередi. Ауру 2-3 жылға созылып, адам жұмысқа жарамсыз сал,тiптi мүгедек болып қалады.
САҚТАНБАСАҢЫЗ, САН СОҒАСЫЗ
Малдың ақсап жүруi, аяқ буындарының iсiнуi, көбiнесе саулық малдың желiнiнде iсiк пайда болуы, iш тастауы, еркек малдардың енiнiң ұлғаюы сияқты өзгерiстер малдың сарып ауруына шалдыққанын байқатады. Сарыптың тек ауру малдардан немесе мал өнiмдерiнен жұғатынын ескерсек, бiрiншi кезекте сақтану шараларын аурудың көзi болып табылатын себептердi жоюдан бастаған жөн. Ол үшiн жекеменшiк мал иелерi мен шағын шаруашылық басшылары, жергiлiктi әкiмдер мен мал дәрiгерлерi бiрлесiп, қожалықтағы немесе жекеменшiктегi барлық мал басын түгелдей есепке алып, уақтысында ауру-сауын тексерiп, сарыпқа және басқа да қауiптi ауруларға қарсы ектiрiп отыруы керек. Ауруы анықталған малды мал дәрiгерiмен ақылдасып, көп ұзатпай (бекiтiлген Ереже бойынша бес күн iшiнде) сойып, өңдейтiн арнайы орындарға тапсыруы керек. Ауру малды өзге малдан бөлектеп, iш тастаған малдың төлiн, шуын арнайы құралдармен немесе айырмен, күрекпен алып, мал төлдеген жердiң сабан-шөбiн, топырағымен қоса алып қорадан аулақ жерге апарып, иттер қазып ала алмайтындай етiп көмiп тастаған жөн. Ауру малды бағып-қағушылар үстiнде арнайы санитарлық киiмдер: халат, резiңке етiк пен қолғап, алдына су өтпейтiн алжапқыш байлап жұмыс iстеп, қолды жиi сабындап жуу керек. Мал алу немесе сату кезiнде мал дәрiгерiнiң анықтамасы болу тиiс. Ауру малдар бағылатын қорада темекi тартуға, тамақтануға, демалып отыруға болмайды. Жаңа туған төлдi үйге кiргiзу де қауiптi, себебi үйдегi балаларға, отбасы мүшелерiне ауру жұғуы мүмкiн. Мал немесе малдың етi мен сүтiн сатып алғанда, сатушылардан мал дәрiгерiнiң анықтамасын талап етiңiз.

АУРУДЫ ЖАСЫРСАҢ, ЫСТЫҒЫ КӨТЕРIЛЕДI
Ақылбек МЫРЗАБЕКОВ, Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансысының аса қауiптi аурулармен күресу бөлiмiнiң меңгерушiсi:
– Қолдан келсе, ата кәсiбiмiздi жалғастырып, мал шаруашылығын өркендеткенiмiз дұрыс. Ал ауру малды қолда ұстап, отбасы мүшелерiне, туысқандарыңызға, малшыларыңызға ауру жұқтырып немесе оны жасырып, мал дәрiгерлерiне хабарламай сойып, сүтi мен етiн сатып болмаса құда-жекжаттар мен туған-туыстарға таратып, заң алдында да, ар алдында да күнәлi болып, сау адамдарға ауру жұқтырып, обалына қалмаңыздар.