"Aйдың нұры" қайырымдылық қоры заңгердің сынынан кейін есеп берді

16 қаңтар 2022, 18:42

Басы дауға қалған “Aйдың нұры” қайырымдылық қоры Instagram-дағы жеке парақшасында қор туралы жазды. Онда қордың соңғы жылдардағы жасаған игі істері туралы жазылған, деп хабарлайды Экспресс К.

 

"Aйдың нұры" қайырымдылық қоры соңғы екі жыл ішінде жасаған игі істері туралы жазды. Мәселен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, ШҚО, БҚО, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан және Шымкент қаласынан аз қамтылған және көпбалалы 92 отбасыға көмек көрсетіп, баспана кілтін табыстаған.

 

Сондай-ақ қор пандемия кезінде мыңнан астам медициналық аппаратты ауруханаларға тегін сыйға берген. Бұдан бөлек 50 миллионнан аса қаржы ауыр дертпен күресіп жатқан, шұғыл ота қажет болған 11 баланың еміне жұмсалған.

 

"100 отбасыға қыстық киімдер, 100 балаға жаңа жыл қарсаңында тәттілер мен сыйлықтар тегін таратылды. Сондай-ақ, баспанасы болса да, үйінде не суы, не жылуы, не жарығы жоқ көмекке мұқтаж адамдарға (мүгедектігі бар) қор әлеуметтік көмек көрсетіп, үйге қажетті жиһаздармен қамтамасыз етіп келеді. Одан бөлек, елдегі эпидемиологиялық жағдай ушығып тұрған сәтте, 3 ай бойы, күніне аз қамтылған 20 отбасын азық-түлікпен қамтамыз етіп, әр күні 1 қой сойылып, еті таратылып отырды. Көп балалы отбасыдан шыққан студент жастарға стипендия тағайындауды қор дәстүрге айналдырған", — деп жазды"Aйдың нұры" қайырымдылық қоры.

 

Экспресс К бұған дейін белгілі заңгер Айгүл Орынбек "Айдың нұры" қорын қатаң тексеруді сұрағаны туралы жазған болатын.