"Әйелдер балаларын сағынды": Түркістан облысында қаржы пирамидасы ісі бойынша сотталған әйелдердің туыстары президенттен көмек сұрады

02 маусым 2022, 10:04

Түркістан облысында қаржылық пирамида ісімен қамауға алынған көп балалы аналардың туыстары мен балалары Президентке бейнеүндеу жолдады. Олар екі жылға жуық қамауда отырған әйелдерді күзетпен ұстаудан босатып, үй қамаққа жіберсін деген талап қойып отыр. Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы полиция бөлімі ғимараты алдына жиналған сотталушылардың ет жақындары бүлдіршіндердің аналарын сағынғандарын айтып, уақытша бостауды өтінген еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.  

Түркістан өңіріндегі қаржылық пирамида ісінде қатысты сотталушының басым бөлігі – көпбалалы аналар. Туыстары олардың қамауға алынғанына қарсылық білдіріп, сан мәрте шағым да берген. Бірлі-жарымы ғана үйқамаққа шығарылған, алайда сот көпшілігін қамауда ұстау заңды деген шешім шығарған. Ал бүлдіршіндері анасын сағынды деген жақындары былтыр да бас көтерген еді. Балалар күні қарсаңында сотталушылардың туыстары тергеу абақтысы маңына қайта жиналды.  

“Үй қамаққа шығаруға болады ғой. Бүгінгі күні екі әйел үйде отыр. Тіпті онлайн қатысып отыр. Мен оларды үйде отыр деп күндемеймін. Неге менің келінім де үйде отырып онлайн қатыспайды? Осылай үй қамаққа шығармайтын болса, Президентіміздің алдына баруға тура келеді”, – деді сотталушының туысы Гүлай Асылбекова.

Қорғаушы тарап тағылған айыптардың ішіндегі қаржылық пирамида құруға да, ұйымдасқан топ құру әрі оны басқару айыбына да қарсылық білдірген. Сот басталған сегіз айдың ішінде бар-жоғы 60 жәбірленуші ғана сұралды, ал 2093 адамды сұрап біту үшін кемі 2-3 жыл керек болар дейді. Айыпқа қатысты талабы да, үй қамаққа босатуды сұрағаны да қолдау таппапты. Қамауда отырғандар ішінде оқу ордасы басшылары да бар екен. 

“Бұл жерде қамауда отырғандардан бірнеше мектеп директорлары, директордың орынбасарлары да бар. Негізінен Жетісай, Мақтаарал ауданынан”, – деді қорғаушы Жарқынбек Ибадуллаев.

Түркістан қалалық сотындағылар 940 бумадан астам іс қазір қаралу үстінде деді. 23 сотталушыға күзетпен ұстау шарасы қолданылған, іс бойынша 2093 жәбірленуші, 175 куә бар екен. Тек іс қаралу барысында төрағалық етуші судья сұхбат бере алмайды, ол Негізгі заңға қайшы дейді.    

“Қазіргі таңда іс қаралу барысында. Осыған орай Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының талабына сай судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Істі қарау барысында соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және оған қатысты жауапкершілік қарастырылғаны түсіндіріледі”, – деді Түркістан қалалық сотының БАҚ өкілдерімен жұмысты үйлестіруші судья Аида Сапарбек. 

20-дан астам жәбірленуші сотта қылмыстық іс құжаттарындағы хаттамаларда кейбір қойылған қол өздерінікі емес екенін айтқан. Істі қараушы судья сот-қолтаңбалық сараптама тағайындап, қаулыны сарапшыға жолдағанын жеткізді. Ал сотталушы аналардың туыстары балаларын сөйлетіп, Президентке видео үндеу жолдағандарын мәлімдеді.