Бүгінгі қоғам үшін еркектің денсаулығы медицинаның шеңберінен шығып, жалпыадамзаттық проблемаға айналды және мемлекет пен жеке адамның назар аударуын қажет ететін әлеуметтік мәселе статусын алды. Ерлердің денсаулығы ұлттың, ұрпақтың болашағымен тікелей байланысты десек, әйел ғана емес, әлем арқа сүйеген ерлердің белсіздік, эрекция функциясының бұзылысы, басқа да урологиялық аурулары үлкен проблемаға айналғаны ащы да болса шындық екенін мойындауға тура келеді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еркектердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10 пайызға төмен. 75-ке жеткен ерлердің арасында осы жастағы әйелдермен салыстырғанда қатерлі ісік аурулары екі есе көп кездеседі. Бұл жерде, әрине, дәрігер ерлердің өз денсаулығына, өз өміріне қаншалықты жауапсыз қарайтыны туралы бәрімізге белгілі себептерді атады. Отбасында, өмірінде кез келген қиындыққа төтеп бере алмай морт сынатын еркектер сырттай мықты көрінгенімен, әйелдерге қарағанда іштей әлсіз. Тіпті жаңа туған сәбилердің арасында болатын өлім-жітім кезінде көп жағдайда ажалмен арпалысып, ауруды жеңуге тырмысатын қыз балалармен салыстырғанда ұл балалардың шетінеп кетуі үш есе жиі екені дәлелденген. Әйел – қырық шырақты.
Сонымен қатар ғалымдардың зерттеулері 1950 жылдан 1990 жылға дейін жыл сайын болатын суицидтердің 70-80 пайызы ерлердің үлесінде екенін дәлелдеген. Жыл сайын әлемде 25 000 еркек өзіне-өзі қол жұмсап, жарық дүниемен қоштасады. Ер-азаматтар әйелдерге қарағанда дәрігердің қабылдауына үш есе сирек баратындықтан, олардың бойындағы ауруды асқынбай тұрып анықтау мүмкін бола бермейді. Сондықтан да болар, соңғы бес жылда қуық асты безі қатерлі ісігінен көз жұмған ерлердің саны сүт безі қатерлі ісігінен өлген әйелдердің санына қарағанда екі есе өсті. Осы мәліметтерді депутаттардың алдына жайып салып, құзырлы ведомстволардан қолдау сұраған Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының зерттеулерін естігенде жүрегі қан жылағандар аз болмапты. Оның есесіне әйелдерді қорғау, гендерлік саясатты қолдау сияқты елімізде ондаған бағдарламалар қабылданып жатыр. Бірақ әлі күнге дейін еркекті қорғайтын бірде-бір бағдарлама жоқ.
Мырзакәрім АЛШЫНБАЕВ, Қазақстанның бас урологы:
– Біз қоғамның санасын өзгертуге тырысуымыз керек. Ауру түрлері, ауыратындардың саны, жасы туралы жаңа мәліметтер қолыма тиген сайын қайта зерттеулер жасауға тапсырма беремін. Алғашқы нұсқалардың дұрыстығына көз жеткізген бойда жаным мұрнымның ұшына келеді. Нағыз мағынасында айтып тұрмын, нағыз еркектер жойылып бара жатыр! Содан қорқамын... Бірақ үкімет тарапынан қашан менің сөзіме құлақ асып, шын назар салатын күн туарын білмеймін. Біз 2007 жылы желтоқсан айында ерлердің денсаулығын қорғауға бағытталған бағдарлама жасап шығардық. Өміршең бағдарлама аймақтарда «Ерлердің денсаулығы күндерін» өткізіп, Ерлер денсаулығы орталықтарын ашуға мүмкіндік туғызды. Ақтөбе қаласында да осы орталықты ашып, жұмысын жолға қойғанымыз, көп проблемаларды оңтайлы шешуге бағыт сілтеді. Енді біз осылай дабыл қағу арқылы әрбір азаматтың санасын оятатын жол табуымыз керек. Әйелдер гинекологқа ауырмаса да жылына бірнеше мәрте тексеріліп тұрады. Ал ерлер ешқашан себепсізден-себепсіз урологқа бармайды. Санамызда надан түсінік қалыптасқан, урологтың қабылдауына барған еркекті «белсіз» деп, сыртынан тон пішіп отырамыз. Әңгіме тек белсіздікте ғана емес. Белсіздікке апаратын эрекция функциясының бұзылуы, простатит, қуық асты безінің өзгерісі сияқты ауруларды елемей, өз бетімен емделетін, тіпті емделмей, ішкілікке салынып кететін ерлер қаншама. Ауруын жасырған өледі. Біз осыны әлі де айта түсуіміз керек.
Елімізде 50 мыңнан астам акушер-гинеколог бар десек, 585 уролог қана жұмыс істейді. Ақтөбеде 22 уролог бар. Бұл — елде уролог жетіспейді деген сөз.
Елімізде жұмысқа қабілетті ерлер арасындағы өлім-жітім себептерін зерттеп көрген мамандар Еуропа елдерімен салыстырғанда біздің азаматтардың жүрек-қан тамырлары ауруларымен көп ауыратынын анықтады. Бұған қан қысымының жоғары болуы, холестерин мен қанттың мөлшерден тыс болуы және спирттік ішімдіктерді жиі пайдаланып, жаппай темекі шегетін, спортпен айналыспайтын, отызға толмастан денесі толысып кететін біздің жігіттердің өздері кінәлі. Дегенмен «еркектердің денсаулығына жауапкершілікпен қарамауы салдары – простатит диагнозын жиі қойылатын және жасарып кеткен аурулардың қатарына жатқызуға тура келіп отыр», — дейді мамандар. Расында да, простатит медициналық шеңберден шығып, әлдеқашан әлеуметтік аурулар санатынан орын алуы тиіс жағдайға жетті. Еліміз бойынша ер адамдардың 45-ке жуық пайызында простатит белгілері кездеседі десек, Ақтөбе облысы урологиялық аурулардың бұл түрінен 14 облыстың бел ортасында тұрақтайды. Простатиттің созылмалы түрі қазір жұмысқа қабілетті жастағы жігіттердің арасында жиі кездесіп, оның салдары көп жағдайда сарыуайымға салынғандарды миокард инфарктіне, стенокардияға, Крон ауруына шалдықтырады. Сөйтіп, жігітті төсегінен жирендірген ауру психологиялық және әлеуметтік проблемаларға жетелеуі әбден мүмкін. Осыдан кейін қыр астынан маскүнемдік пен суицидтің «ауылы» қылтиып көрінбесіне кім кепіл?
Ал жыныстық гормондардың жетіле бастағанынан-ақ бозбаланы қалыптастыратын, атпалдай азаматқа айналдыратын қасиеті бар тестостеронның ер адамның ағзасы үшін маңызы өте зор. Оған бас уролог Мырзакәрім Алшынбаев: «Тестостерон болмаса, ол еркек емес!» деп анықтама берді. Сол тестостеронның жетіспеушілігі проблемасы – өз алдына бір тақырып. Урологиялық орталық зерттеуге қатысқан 2035 пациенттің қан сынамалары 37,3 пайызында, яғни 759 адамның ағзасынан тестостерон жетіспеушілігі проблемасын анықтаған. Негізі, еркектің жасы ұлғайғанда тестостерон табиғи түрде 1-2 пайызға төмендейді. Ал жас жігітте тестостерон жетіспеушілігі — қасірет!
Еліміз бойынша ерлердің репродуктивті денсаулығын скринингтік зерттеу нәтижелері көңіл көншітпейді. Қазақстанның 14 облысында тұрып жатқан 24 369 пациенттің 56,3 пайызында эрекциялық функцияның бұзылу белгілері байқалғаны туралы деректерді еліміздің бас урологы жариялаған кезде «Бұл — жалған ақпарат, біздің жігіттердің көп бөлігі қауқарсыз болғаны ма?» деп қарсылық білдіргендер, тіпті деректерді жасыруды талап еткендер болыпты. Бірақ тағы да сол баяғы «ауруын жасырған өлетінін» жақсы білетін, антына берік дәрігер ақпаратты БАҚ өкілдеріне жеткізіпті. Оның айтуынша, жауып-жасыратын ештеңе жоқ. Әлем елдерінде де, көрші Ресейде де бұл үлкен проблема екені әлдеқашан мойындалған.
Скринингтік тексерулерге қатысқан пациенттердің 10 343-і, яғни 42,4 пайызында жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардың түрлері, оның ішінде біразында ВИЧ-те анықталыпты. Бұл жерде профессор Алшынбаев Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан әлемге қақпасын айқара ашқан уақытта оң-солын тани алмай, нәпсісін тыя алмай дал болған қоғам жақсы мен жаманды айырмай «жұтқанын» басты себеп көреді. Сырттан келген кеселге, жыныстық жолмен жұғатын инфекцияларға алдымен ерлер жағы ұрынғаны шындық. Кесел індеп, жиырма жылда ұрпақ өрбіту мүмкіндігінен айырылған ерлердің қатары артты. Содан барып, белсіздік, эрекциялық функцияның бұзылысы сияқты айтпасқа болмас аты жаман аурулар көбейді. Дәрігерлердің дабылына бүгін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың өздері үн қосуы керек. Мамандар отбасында ұл баланың тәрбиесіне көңіл бөліп, жыныстық жетілу кезінде жасөспірім балаға «өтпелі кезеңің» өткізіп алмай, жақсы мен жаманды ашық айтуды талап етіп жатыр.
Сонымен қатар Урология ғылыми орталығы техногендік аймақтарда жұмыс істейтін 28 469 азаматтың репродуктивті денсаулығын тексергеннен кейінгі нәтиже де мәз емесін дәлелдеп отыр. Репродуктивті қызметтің бұзылысы мұнай өндірісінде жұмыс істейтін 15 494 пациенттен және түрлі түсті металлургия саласында еңбек етіп жүрген 12 928 адамнан анықталған.
Ғалымдар осы күрмеуі көп проблемаларды шешу туралы тақырып қозғағанда Қазақстанда ер-азаматтардың репродуктивті денсаулығын сақтау бойынша мақсатты саясат жоқтығын алға тартады.
— Денсаулық сақтау органдары еркектің денсаулығын сақтауға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмейді. Денсаулық сақтау жүйесінде проблеманың өткір екеніне қарамастан, әлі күнге ерлерге арналған инфрақұрылымдар құрылған жоқ. Денсаулық сақтау, өз жауапкершілігін сезіну мәселесі төңірегінде ерлерге ақпараттардың жеткізілу деңгейі де төмен. Ерлердің сексуалды, репродуктивті және әлеуметтік-психологиялық саулығы туралы сұрақтарға байланысты қоғам мен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау гендерлік саясат жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін негіз болып табылатынын түсінген дұрыс. Адам мен Хауа салған ізбен өмір кешіп жатқан еркек пен әйелдің проблемасын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Мемлекет тарапынан қолдаулар, бағдарламалар, қаражаттар тек біржақты әйелдің денсаулығы, әйелдің өсуі, қалыптасуы үшін ғана қарастырылмауы керек. Еркек те қолдауды қажет етеді. Осыны алдымен «біз күштіміз» деп жүрген еркектердің өздері түсінгені дұрыс. Еркектің өз денсаулығы туралы көзқарасы өзгермейінше, дүние өзгермейді, — дейді бас уролог.
Әйелдерді гендер қорғайды, ерлерді кімдер қолдайды?
03 қыркүйек 2013, 14:17
