Аймағамбетов мектеп асханаларының жұмысына көңілі толмайтынын айтты

24 мамыр 2022, 10:18

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өңірлердегі бірқатар мектепті аралап қайтқанын, алайда мектеп асханаларының жұмысына көңілі толмағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 
Ауыл мектептерін де, қала мектептерін де аралаудың маңызды екенін, сол арқылы мұғалімдермен, оқушылармен және ата-аналармен кездесу министрлік қабылдаған шешімдердің іс жүзінде қалай жүзеге асырылып жатқанын көрсететінін айтқан Аймағамбетов Facebook-парақшасында мектеп асханаларының жұмысына қатысты бақылауға алынатын және нормативтік құқықтық актілер деңгейінде шешілетін бірнеше проблема бар екенін атады.

Министр мектеп асханаларда қолма-қол ақшасыз төлем жүйесі талаптарының сақталмайтынын ескертті.

«Көбінесе қолма-қол ақшасыз төлем жүйелері өшіріліп, пайдаланылмайды. Ал мұның бірнеше артықшылығы бар. Бұл гигиенаның сақталуына әрі кезектің тез жылжуына көмектеседі. Сондай-ақ балаларда қолма-қол ақшаның болмауы оларды қауіптерден сақтайды. Ата-аналарға да шығындарды бақылау оңайырақ болады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ буфет өнімдерінің құны тым қымбат екені айтылды.

«Мектеп асханасында 0,5 литр су 300 теңгеден немесе бәліштер мен тоқаштардың дүкендердегі бағадан жоғары бағада сатылатыны сұрақ туындатады. Бір қалада бірдей өнім бағасында 50-70%-ға дейін айырмашылық болуы мүмкін», - деді министр.

Сонымен қатар министр кейбір өңірлер асханалар жеке кәсіпкерлерге беріліп жүргенін, алайда оған да конкурс өткізілуі керек деп санайтынын айтты.

«Салым сомасы аз мөлшерде, мысалы, 5-7 млн теңге емес, тиісті көлемде болуы маңызды. Көрсетілетін қызметтердің сапасын есте сақтап, бұл қаражаттар тоңазытқыштар, плиталар, үстелдер мен орындықтарды сатып алуға жұмсалатынын түсіну маңызды. Яғни, сайып келгенде кәсіпкер өз жұмысына қаражат салады. Үшіншіден, біз жұмыстың ақылға қонымды мерзімдерін белгілегенді қолдаймыз.Асхананы 15-20 жылға келісімшарт жасау сұрақ туғызады», - деді А. Аймағамбетов.

Ол мектеп асханаларында Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен тыйым салынған өнімдерді фастфуд, газдалған сусындар, чипсы және т.б. өнімдердің сатылып жатқанын атап өтті.

«Министрліктің қызметкерлері бірнеше облысқа барып, бірқатар мектепте осындай фактілерді анықтады. Әсіресе Түркістан облысында. Мұндай фактілер анықталған жағдайда дереу СЭС органдарына хабарласу қажет. Министрлікте осы проблемаларды нормативтік деңгейде шешу үшін жұмыс тобы құрылды. Біз заңнамаға бірқатар толықтыру енгізуге бастама жасадық, олардың шеңберінде арнайы нормалар бекітіледі. Бұл нормалар - асханалардағы буфет өнімдерінің бағасын реттеу, ашық конкурстар және ақылға қонымды кезеңге МЖӘ арқылы асханаларды беру, қолма-қол ақшасыз төлемді және тамақтанудың тиісті сапасын қамтамасыз ету. Біз кәсіпкерлердің мүдделерімен де санасу керегін түсінеміз, бірақ біз үшін балалар әрқашан бірінші орында. Демек, бұл олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды білдіреді», - деді министр.