Мәселе

Аюдың өті 50 мың теңгеге сатылып жатыр

  • Аюдың өті 50 мың теңгеге сатылып жатыр

    Аюдың өті 50 мың теңгеге сатылып жатыр

«Аюдың өтін сатамын» деген жарнамаға көзіміз түскен. Сөйлесіп көрдік. Сатушы бастан башпайға дейінгі мың да бір ауруға ем деп мақтауын жеткізді.

 

«Бұл барлық ауруға ем. Басы, бауыры, бүйрегі, белі ауыратын барлық адам ішсе жазылып кетеді. Сарғайып кеткен сары ауруға, көздің нұры шашырағанға, өт қышқылдығы артқанға ішсе жүдә жақсы.

 

Бидайдың дәніндей ғана бір түйірін 2 ас қасық қайнаған жылы суға езіп қоясың. Су 2 ас қасықтай болса жетеді. Таң­ертең ашқарынға және кешке жатарда ішесің. Күніне екі рет. Осылай таусылғанша ішеді.

 

Қазақы ем ғой, көмегі күшті. Бағасы – 50 мың теңге. Қолжетімді ғой. Бір жол­ға іше салатын дәрі емес, бірталай уақытқа жетеді. Сондықтан қымбат демеу керек. Өйткені бүкіл ағзаға ем.

 

Тағы керек болса, табылады ғой. Аңшылар әкеліп береді. Олар кейде 40 мың дейді, кейде 45 мыңға береді. Мен үстінен 5 мың ғана қосамын», – дейді сатушы әйел.

 

Алматы облысында тұратын бұл әйел бізге аюдың өтін кептіріп те, жаңа алын­ған түрін де қолдана беруге болатынын айтты. Оған шетелдіктердің ерекше қызығатынын, қымбат ақы төлеуге дайын екенін де ескертті.

 

Сатушының сөзінің жаны бар: аюдың өті өте ерте заманнан бері ем саналады. Тіпті тарихи деректерде денесіне шешек шығып, асқынып, өлім аузында жатқан Құнанбай қажыны атақты Ыр­ғызбай тәуіп қоңыр аюдың өтімен емдеп, аман алып қалған деген жазбалар бар. «Қазақстан тарихы» порталы былай деп жазады:

 

«Емші қоңыр аюдың өтін бауырымен қосып алып, мейіздей етіп кептіріп, марал, бұғы, киік мүйіздерінен жасаған дәрілерін реттеп, әбден қайнатып тазартқан. Неше түрлі шөптен, қырық бір түрлі жапырақтан, гүл мен тамырдан дәрі жасап, оны жылқының іш майына араластырып қайнатады. Жеті түрлі дәмнен тосап дайындап, оған аю өтінің тарыдайын екі-үш сүйкеп, жиі-жиі ішкіздіріп, қырық күн емдейді. Осындай күрделі емдеу жолынан өткен Құнанбай айтыл­ған мерзімнен соң ау­руынан құлан-таза жазылып шығады».

 

Яғни аю өтін, әлгі әйел айтқандай, қайнаған суға араластырып ішпеген. Оны емге жаратудың өзіндік жолдары бар.

 

«Аюдың өті жаман аурудан жазады. Оны алмас бұрын бір қапшық ине да­йындайды. Сосын аюдың өтін жарып жіберіп, ішіне инелерді салу керек. Аюды сойып, етін бұзып, әбден жұмыс біткен соң өттің ішіндегі инеден бір талы қалмай бәрі еріп кетеді. Ең ем болатын күшті дәрі сол. Рак аурудың бәрін емдейді», – делініпті бір зерттеулерде.

 

Шығыс медицинасында, әсіресе жапон елінде аюдың өтінен аса қымбат дәрі-дәрмек жасалады. Монғолия, Қытайда, Тибет медицинасында оның емдік қасиеті өте ертеден мәлім. Ал Ресейде оны емге ХVІІ ғасырдан қолдана бастаған. Мұндағы ең маңыздысы – өттегі мол мөлшердегі урсодеоксихолий қышқылы (УДХК). Адам өтінде ол 3 пайыз ғана болады екен. Өмір салты мен жас ұлғаюына байланысты кейін ол мүлде түзілмей қалады. Содан адамның ауруға төзу қабілеті төмендей береді.

 

Аю өтінде әлгі қышқыл 90 пайыз­ға жетеді. Одан бөлек, адам ағзасына аса керек қышқылдар мен ферменттер жетерлік. Осыны зерттеген ресейлік «Лиатон» ұйымы аю өтін қан тазарту, холестеринді төмендету, қабынуды қайтару үшін қолдануға болатынын анықтаған. Бірақ ем болуы үшін оны дұрыс қолдану керек екені баса айтылады. Сонда ол ағзаның улы реакция, тіпті радиация қаупіне төзімділігін арттырады, жасушаларды қоректендіреді әрі жаңартады. Аю өтінен жасалған препараттар гепатит, циррозға қарсы, асқазан тіндерін қалпына келтіруде, бауыр мен ас қорыту жолдарындағы жайсыздықты жо­йып, жұмысын жақсартуда жақсы жәр­демдеседі. Аю өті қатерлі ісік жасушаларын жоятын қасиетіне байланыс­ты құнды саналады және жоғары бағаланады. Бірақ оның қолдану жолдарын білу маңызды. Жүкті, емізулі әйелдерге, туберкулезбен ауыра­тындар­ға оны мүлде қолдануға болмайды, қауіпті. Ауру үстіне ауру жамап алуы немесе ағзадағы қауіпті ауру ошағын оятып алуы мүмкін.

 

Ал енді өтінің өзі елу мың теңгеге бағаланып жатқан жаратылыс иесі жайлы да дерек бере кетейік. Қазақстанда аю көп емес. Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында ғана тіршілік етеді. Онда да жалпы саны үш мыңға жете қоймайды. Алтай таулы ормандарының Шығыс Қазақстан бөлігінде – 2200, Жоңғар Алатауы жақта 450-550 аю бар. Негізінен өсімдік тамырларымен қоректенетін оның орташа салмағы 250 кило болады. Аталықтары 400-ден 750 килоға дейін тартатын түрлері де кездеседі. Әлемде оның 8 негізгі түрі мен солардан тараған он шақты түршесі (подвид) бар. Алып жыртқ­ыштың Қазақстандағы түрі – қоңыр аю. Саудаға түсіп жатқан – соның өті.

 

Қазір күзгі-қысқы аңшылық маусымның қызып тұрған кезі. Бұл маусым 2019 жылғы 7-қыркүйекте басталған, 15 ақпан­ға дейін жалғасады. Атуға рұқсат етілген жан-жануардың арасында қоңыр аю да бар. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитеті аюды өткен жылғы қарашаның соңына дейін атуға ғана рұқсат еткен.

 

Сонда сатушы әйелге өт жеткізіп беретіндер браконьерлер ме? Ол жағын тиісті орындар анықтай жатар, ал біздің айтарымыз, аю өтінің шипалық қасиеті бары рас. Алайда, жоғарыда жазғанымыздай, оны дайындау мен қолдану тәсілдері бар, соны білмей, ауруыңызға ауру жамап алып жүрмеңіздер дегіміз келеді.

 

Р. ОРДАБЕК.

www.zamana.kz




Көрілген: 453    Пікірлер: 0

сенбі, 15.02.2020, 17:31

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30