Елімізде жыныс ауыстыруға байланысты заңға өзгерістер енгізілді. Тиісті қаулыға денсаулық сақтау министрі қол қойды. Елімізде жыныс ауыстыруға сұраныс бар ма? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, елде жыныс ауыстырам деушілерге рұқсат сонау 2003-ші жылы берілген екен. Ал жақында заңға өзгерістер енгізілген. Басты талап жыныс ауыстырушының жасы 21-ден асуы керек.
 
"Психолог жынысымды ауыстырамын деген адаммен жұмыс жасайды. Бұған бір жарты жылдай уақыт кетеді. Егер нәтижесі болмағанда, оған гормон береді. Ер адамдарға әйелдердің, әйел адамдарға ер адамдардың гормонын ішкізеді ", - деді трансплантолог Жақсылық Досқалиев.
Сөйтіп толық медициналық тексеру мен арнайы комиссияның келісімін алғаннан кейін ғана хирург жұмысына кіріседі екен. Ота құны 3 млн теңгеге дейін жетеді екен.  
"Ұл бала бала кезде, өте доминантты әйелден қысым көретін болса, көп кезде аналар болады, жалпы әйелдерден көңілі қалады. Олардан қорқатын болады. Бала кезінде өз жынысына байланысты ер кісінің тарапынан жыныстық қысымға ұшыраған болса, жыныстық зорлауға ұшыраған болса", - дейді психолог Ержан Мырзабаев.
Мамандардың сөзінше, балалық шақта психологиясына нұқсан келгендер болашақта жынысын ауыстыруға бекінеді екен. Дегенмен, осыған дейін мұндай ота жасатқан отандастарымыздың саны бірен-саран көрінеді. Жылына ары кетсе 3-4 адам жынысын ауыстырады екен. Енді министрліктен ресми рұқсат берілгесін, теріс тенденция белең алып кетпесе болды деп алаңдайды мамандар.        
Медицина жыныс өзгертуге рұқсат бергенімен,  дініміз не дейді?  
"Жыныстық мүшені ауыстыру - бұл Алла Тағаланың жаратылысын өзгерту болып саналады. Және шариғатымызда, әйелдердің еркекке, еркектердің әйелге ұқсауына қатаң түрде тыйым салынған", - дейді  шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов.
Жалпы, жыныс ауыстыру бойынша Үндістан, Тайланд пен Иран көш бастап тұр екен. Соңғысында, жылына 500-ге жуық ота жасалады екен. Ал біздің еліміздегі заң келер жылдан бастап күшіне енеді.