Баласы үйінен қуғанын айтып, көмек сұраған "Гүлдер" ансамблінің экс-солисіне пәтер берілді

24 желтоқсан 2021, 00:51

"Гүлдер" ансамблінің экс-солисі Амангелді Шыңғысовқа қайырымды жандар ақша жинап, пәтер алып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі. 

Қуанышты хабар Instagram әлеуметтік желісіндегі qazaq_travel парақшасында жарияланды.

"Жұбайы мен қызы дүниеден ерте кетіп, ұлы мен келіні үйінен қуып шыққан атамыз елдің бәрін жылатып еді. Жанашыр халық жиналып, қайырымдылық қордың бастамасымен 48 сағаттың ішінде қамкөңіл қартқа пәтер алып берді және умраға жолдама сыйлады. Ел азаматтарына және атсалысқан баршаңызға алғыс айтамыз! Алла разы болсын!" – делінген хабарламада. 

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 82 жастағы алматылық қария Амангелді Шыңғысовтың мегаполистегі вокзал маңы мен хостелдерді жағалап, күн кешіп жүргенін жазған едік.