"Бар кінәні өзіме артып қойды": Жарынан айырылған Павлодар облысының тұрғыны әлеуметтік төлемсіз қалған

18 мамыр 2022, 15:48

Павлодар облысы Успен ауданының тұрғыны Александр Гора қиын жағдайға тап болғанын айтады. Қызы дүниеге келгенде жарынан айырылған ол мемлекеттен жәрдемақы тағайындалмағанын жеткізді. Не баламды қалдыра алмаймын, не жұмысқа шыға алмаймын деген ер азаматтың мәселесіне Stan.kz тілшісі назар аударды. 

Ер азаматтың айтуынша, баласын қарайтын ешкім табылмағандықтан, өзінің жұмыстан шығуына тура келген. Табысынан айырылған ол әйеліне берілмеген бір реттік декреттік төлемге өтініш білдірген.

"Әйелім 17 ақпанда мерзімінен бұрын босанды. Бірақ 1 ай өтпестен, 12 наурызда өзі көз жұмды. 3 мамырға дейін қызым перзентханада болды. Себебі мерзімінен бұрын туғандықтан, әлі салмақ жинауы керек еді. 3 мамырға дейін тұрақты жұмысым болған. Балам ауруханадан шыққаннан бастап күтімімен өзім айналысамын. Сондықтан еңбекақысы сақталмайтын демалысқа шықтым. Табыс көзі болмағандықтан тиісті органдарға арыз жазып, декреттік төлем алуға өтініш білдірдім”, – дейді Павлодар облысының тұрғыны. 

Дегенмен оның өтініші сол күйі қанағаттандырылмапты. 

"Заң бойынша декреттік төлем бала бір жасқа толғанға дейін беріледі. Бұған қарамастан маған әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тартылды. Бұған себеп ретінде демалысқа шыққан уақытты көрсеткен. Айтуларынша, мен еңбек демалысына бала дүниеге келген уақытта шығуым керек екен. Маған және балама қатысты әділетсіздік танытты деп есептеймін. Арызды тек бір рет жаздым. Бірден бас тартты. Егер бала дүниеге келген уақыттан бастап, яғни ақпан айында демалысқа шықсам, үш айға жуық уақыт жұмыссыз отыруым керек. Осылайша табыстан айырыламын", – дейді Александр Гора. 

Әділдік іздеген ол құзырлы органдардың барлығына жүгінген. Бірақ бәрінің айтар жауаптары бір болды дейді. 

"Табыс көзінен айырылғандықтан, декреттік төлемді тым болмаса, мамыр айынан бастап тағайындауларын сұрадым. Себебі 10 ай төлем алсам, мен үшін көмек болар еді. Алайда мұнымен де келіспеді. Бар кінәні өзіме артып қойды. Арызды тек бала дүниеге келген уақытта жазу керек екенін алға тартты", – деп түйіндеді ол. 

Павлодар облысы тұрғынының шағымына байланысты Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі пікір білдіріп, өтініштің тағы қаралатынын мәлімдеді. 

"Азамат жұмыс істеп жүрген кезде өтініш жазған. Ал әлеуметтік төлемді "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру" қоры тағайындайды. Кейде өтініш жазғанда, құжаттарды өткізгенде қателік кетіп қалуы мүмкін. Александр Гораның арызы қайта қаралады. Қазір Павлодар облыстық жергілікті басқармамен байланыстамыз", – деп мәлімдеді Еңбек министрлігінің өкілдері.

Айта кетсек, Stan.kz тілшісі министрлікке жүгінген соң жалғызбасты азаматтың өтініші қайта қаралатын болды. Бұл туралы бізге Александр Гора айтты. 

“Кеше қоңырау шалып, арызды қайта жазуым керек екенін мәлімдеді. Енді құжаттарды да қайталап тапсыруым керек. Осыдан кейін маған декреттік төлем тағайындалады”, –деп қуанышын жеткізді ол.