Бас прокуратура «Нұрбол Назарбаевтың қылмыстық ісіне» қатысты жауап берді

27 сәуір 2022, 19:17

Әлеуметтік желілерде Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа қатысты гу-гу толастамай тұр. Оның үстінен «адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны» да сөз болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі nege.kz-ке сілтеме жасап.

Редакция атынан ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың атына ресми сауал жолдап, төмендегідей сұрақтарға жауап беруін сұрағанбыз:

 

Нұрбол Назарбаевқа қатысты «бірнеше адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны рас па? Жуырда Қаскелеңде болған атысқа Н.Назарбаевтың қатысы бар ма? Оған қатысты кімдер қандай бап бойынша куәлік етті? Нұрбол Назарбаев қазір қайда? Оған іздеу жарияланды ма?

 

ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Б.Мажреновтен жауап келді.

 

«Сіздің Нұрбол Назарбаевқа қатысты ақпарат беру туралы сұрауыңызға келесіні хабарлаймыз.

АЖО СДТБТ ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкес жоғарыда аталған тұлғаға қатысты тіркелген қылмыстық іс жоқ», – деді Б.Мажренов.

 

СДТБТ дегені – Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі. Егер бұл тізілімде Нұрбол Назарбаевтың аты-жөні жоқ болса, қылмыстық іс те жоқ деген сөз.

 

Былтыр желтоқсан айында «Болат Назарбаевтың Германияда ауыр науқастан емделіп жатқанын» жазғанымызда порталға хакерлік шабуыл жасалған. Жағдайдан хабардар тұрақты оқырмандарымыздың бірі бұл шабуылға Нұрбол Назарбаевтың қатысы бар екенін айтқан болатын.