Мәселе

Баспана бағасы 50% арзандай ма?

  • Баспана бағасы 50% арзандай ма?

    Баспана бағасы 50% арзандай ма?

Дәл қазір еліміздегі тұрғын үй нарығында түсiнiксiз жағдай қалыптасып отыр. Kapital.kz сайты да «Баспана сатушылар мен сатып алушылар арасында келіспеушіліктер орын алуда» деп хабарлайды. Мұндай келіспеушілікке негіз болып отырған теңге бағамының күрт құлдырауына байланысты туындап отырған ахуал деуге болады. Яғни теңге бағамы құлдырағанмен қожайындар баспана бағасын түсіруге ниетті емес. Ал сатып алушылар доллардың қазіргі бағамымен сатып алуға келіспей отыр. Нәтижесінде соңғы мәліметтерге сәйкес елімізде соңғы айларда баспана сату мен сатып алу келісімшарты азайған көрінеді.
ҚР статистика агенттігі «Қазақстанда 2014 жылдың қаңтар-ақпанында тіркелген тұрғын үй сатып алу-сату келісімдерінің саны 23 431-ді құрады, бұл 2013 жылдың дәл осы кезеңінен 5,8%-ға аз» деген мәлімет таратып отыр. Демек теңгеге қатысты өзгеріс тұрғын үй нарығына айтарлықтай әсер етіп отыр деуге болады. «Алаш айнасы» осы мәселеге назар аударып көрген еді.
Қазақстанда баспана бағасы 50 пайызға дейін арзандауы мүмкін
Бұл алақай болжамды Алматыдағы «Альянс строй инвест» жылжымалы мүлік тәуекелін бағалау тобының жетекшісі Талғат Тұрысбек мырза айтып отыр. Елімізде баспана мәселесінің күрделі екенін ескерсек баспанасыздар үшін бұл жаңалықтың аса маңызды екенін де айтпай кетуге болмас. Сарапшының айтуынша, 2000 жылдың орталарындағы секілді жақын күндері үй бағасы екі есеге дейін арзандауы ықтимал. Алматыдағы «Альянс строй инвест» жылжымалы мүлік тәуекелін бағалау тобының жетекшісі Талғат Тұрысбек Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында «Ол кезде нарық 50 пайызға құлдырап кеткен еді. Дәл осындай жайт 2014 жылдың аяғы мен 2015 жылдың бас кезінде орын алады деп болжап отырмын. Мәселен, Қазақстанның бизнес-ортасы әлсіреген, халық банктегі ақшасын кері алып жатыр, ипотека көлемі азайып кеткен. Тағы бір айта кетерлік жайт – девальвация дегенді тұрғындар дұрыс түсінбейді. Теңге құнсызданды деп үй бағасын тағы көтеріп жіберді. Түсінсеңіздер, үйдің есебі доллармен жүргендіктен ол онсыз да 20 пайызға көтеріліп отыр. Сондықтан қазір баспана сатып алуға деген сұраныс төмендеп қалды» – дей келіп бұл өзгерістің баспана бағасына айтарлықтай әсер ететінін айтып отыр.

Мамандар не дейді?
Расында да дәл қазіргі таңда еліміздің тұрғын үй нарығындағы баға тым жоғары. Баспана бағасының шарықтауына мүдделі топтар бағаны қолдан көтеріп отыр. Алайда теңге бағамына қатысты соңғы өзгерістер тұрғын үй нарығына қаншалықты әсер етпек? Дәл қазір баспана сатушылар бағаның қымбаттауын күтiп, алақанын ысқылап отырса, пәтерге зәру жұрт «баға арзандай түсер» деген үмiтпен жүргені анық. Алайда, нарықтың заңдары қашанда бөлек. Баспана бағасы қымбаттай ма, әлде арзандай түсе ме? Тұрғын үйдi қай уақытта сатып алған дұрыс? Осы сұрақтарға орай мамандардан сыр тартып көрген едік.
Абылайхан САМАТДИНОВ, ҚР Риэлторлар қауымдастығының құрметті президенті:
– Еліміздегі тұрғын үй бағасы дәл 50 пайызға дейін арзандайды деп айта алмаймын. Түссе 10-15 ары кетсе 20 пайызға арзандауы мүмкін. Өйткені баға сұранысқа орай қалыптасады. Сұраныстың азаюы бағаны осы шамаға дейін арзандатуы мүмкін. Ал оның сыртында елімізде әлі де болса баспанасыздар қатары өте көп. Баспанасыздар тарапынан сұраныстың болуы бағаның сәл ғана төмендеуіне ғана әсер етеді. Ал жалпы еліміздегі баспана бағасының біраз уақытқа дейін шарықтамай осы қалыпта тұратынына үмітім зор. Бізде баспана бағасы Алматы мен Астана қалаларында айтарлықтай жоғары. Ал ауылдан Астана мен Алматы қалаларына ағылған ағайынның қарасы көп. Солардың өзі-ақ жылжымайтын мүлік бағасына айтарлықтай әсер етеді. Тұрғын үйді қолжетімді қылуға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асып жатқанымен құрылыс қарқын алып жатыр деп айта алмаймыз. Жердің де бағасы арзан емес. Халық амал жоқ, қымбат та болса үйлі болуға тырысады. Осы жағдайлардың бәрін саралай келе тұрғын үй бағасы 50 пайызға дейін арзандайды деп айта алмаймын. Ары кетсе 20 пайыз, тіпті осы бағасын біраз уақытқа дейін сақтап тұруы мүмкін. Менің болжамым осындай. 
Абзал ӘКІМОВ, экономист:
– Елімізде баспана бағасын мүдделі топтар қолдан шарықтатып отырғаны жасырын емес. Сондықтан елімізде ең алдымен риэлторлардың қызметіне тосқауыл қойылуы керек секілді. Негізі елімізде тұрғын үй бағасының мұншалықты шарықтауына негіз жоқ. Бұл — уақытша нәрсе. Менiңше, тұрғын үй нарығындағы бағаның қымбаттауына түрткi болатын себеп жоқ. Керiсiнше, баспана бағасының арзандауына әсер ететiн cебептер жетерлiк. Осыған орай тұрғын үйдің бағасы, шынында да, төмендеуі керек. Мұны Үкіметтің өзі де қолдап, түрлі бағдарламалар қабылдап, жыл сайын салынатын үйлердің қатарын көбейтіп жатыр. Негізі, нарықтағы тұрғын үйдің бағасы сол үйдің әрбір шаршы метріне кететін шығынға байланысты бекітіледі. Мысалы, бір үйді салуға қанша құрылыс материалы жұмсалғаны, оның бағасы қанша болғаны, еңбеккерлердің жалақысы есептеліп барып, үйдің құны шығарылады. Осыған орай үй бағасын арзандату жайлы Үкімет отырысында да айтылды. Осы жағдайларға орай алдағы уақытта үй бағасының бәрібір арзандайтынына сенемін. Алдағы уақытта елімізде Отандық құрылыс комбинаттары салынбақ. Шетелден арматура, терезе, есік т.б. құрылыс материалдарын шығаратын технологияларды алып келіп, осында жүзеге асыру жоспары бар. Мұның барлығы тұрғын үйдің бағасын төмендететіні сөзсіз.




Көрілген: 3596    Пікірлер: 1

сейсенбі, 11.03.2014, 10:58

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30