Баспанасы өртеніп далада қалған көпбалалы отбасына көршілері күн көрсетпей жатыр

22 сәуір 2022, 09:58

Баспанасы өртеніп 6 баламен далада қалған отбасына енді көршілері күн бермей жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

 
Себебі үш күн бұрын болған тілсіз жауға дәл осы жанұя кінәлі дейді. Бірақ панасыз қалған отбасына жергілікті билік көмек беруге дайын екен. Ақкент ықшам ауданындағы 20-үйде өрт көпбалалы отбасы тұратын пәтерде басталған. Сол күні отағасы жұмыста болыпты. Ал әйелі 2 баланы мектепке жіберіп, 4 баласымен үйде отырған.

«Енді маған 6 баламен өте қиын. Жолдасымның айлығына қарап отырмыз. Несиеміз бар. Ештеңеміз қалмады. Бәрі жанып, жарамай қалды. Бұл үйді ипотекаға алғанбыз, ай сайын төлейміз», – деді қала тұрғыны Жайнагүл Шыныбекова.

Алайда зардап шеккен отбасына жаны ашыған көршісі болмапты. Керісінше, кінәлап тіпті көшіп кетуін де талап еткен сәт болған.

«Әрине, өкінішті. Бір жағынан оларды да түсінемін. Бірақ көршіміз өрт тұтанғанда есік жаппаған. Біз де зардап шектік. Пәтеріміздің іші ыс сасып, күйе болып кетті. 3 күн өтті, бізде ұйқы жоқ», – деді қала тұрғыны Дина Жансейітова.

Ал, жергілікті әкімдік уақытша баспана бермекші. Одан бөлек 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміне әлеуметтік көмек көрсетілетін болады.

«Қажетті құжаттарын жинап, 6 ай ішінде өтініш берілу керек.ТЖД-нің қорытындысы, өрттің келтірген шығыны керек. Отбасының табысына, ештеңеге қарамайды», – деді Алатау ауданы әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Ләйлә Оразбаева.

Тілсіз жау 7-қабатта тұтанған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 7 адамды құтқарып, 65 адамды қауіпсіз жерге көшірген. Жалынның шығу себебін төтеншеліктер анықтайтын болады.