Батыр Қазыбаевтың архивтегі сұхбаты Classic радиосы эфирінде шығады

04 мамыр 2022, 16:10

Белгілі журналист, Tengrinews.kz негізін қалаушы, Alash Media Group холдингі басшысы Батыр Қазыбаевтың архивтегі сұхбаты Classic радиосы эфирінде шығады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Батыр Қазыбаев ұзақ аурудан кейін 53 жасында дүниеден өтті. Оның артында әйелі мен төрт баласы қалды.

 

Батыр Қазыбаевтың сұхбаты осыдан екі жыл бұрын қазақстандық пианист Жәния Әубәкірованың диалог-бағдарламасы эфирінде шыққан. Онда ол белгілі тұлғалармен мәдениет мәселелері және мәдениеттің қоғам өміріндегі маңызы туралы әңгіме жүргізген болатын.

 

"Батыр Қазыбаевтың өмірден өткеніне 40 күн болды. Ол өте жарқын, ақжарқын адам еді. Қазақстан жұртшылығы және бүкіл халықаралық серіктестер ол мұншалық өмірден ерте өтеді деп күтпеді. Оның көп жоспары, қызық жобалары, жетістіктері болды...

Мен Батыр Қазыбаевты мәдениет адамы деп есептеймін. Танысқаннан кейін ол біздің концерттерімізге жиі қатысып, әннен ләззат алатын. Батырмен кездескенде тамаша адам екенін бірден түсіндім де, мынадай ойға қалдым: біздің заманда осындай жылы адамдар әлі де бар екен ғой.

Әкесі - зиялы қауымнан, белгілі жазушы (белгілі мемлекет қайраткері Кәкімжан Қазыбаев - авт. еск.). Оның ағасы (Нұртас Қазыбаев - еск.) - көптеген қазақстандықтың өмірін сақтап қалған хирург. Ол да өмірден ерте кетті. Екеуінің де бұл өмірден ерте кетуінде бір символдық мән бар. Олар қысқа ғұмырында көп нәрсеге қол жеткізіп, ешқашан тайсалмай, қарапайым болып қалды", - дейді Жәния Әубәкірова.

 

Батыр Қазыбаев өз сұхбатында қанша экономикалық көрсеткіш болса да, ғылым мен мәдениет болмаса ел өмір сүрмейтінін айтқан.

 

"Бізде ата-бабамыз қалдырған орасан зор мәдени мұра бар. Бүгінде мәдениет алға шығуы қажет, олай болмаса, ел күйреуі мүмкін. Мәдениетсіз рухани күйреуден қашу мүмкін емес", - дейді Батыр Қазыбаев.

 

Сондай-ақ, Батыр Қазыбаев бүкіл мотивация мен таңғаларлық оқиғалар негізі сұлулық екенін айтады.

 

"Сұлулық жан дүниеде болады. Негізгі оқиғалар адамның жан дүниесінде. Сұлулық болса, адамдар жан дүниенің теріс жағына бағынбайды. Сұлулық бұған жол бермейді. Классикалық музыка тыңдайтын адамдар, картина салатын суретшілер, театрлар жұмысын жалғастыруға тиіс. Сонда сұлулық міндетті түрде өлмейді және әр адамның жанына жол табады", - деген еді ол.

 

Батыр Қазыбаевтың халықаралық The Spirit of Tengri фестивалі, сондай-ақ басқа да жобалар туралы ой бөліскен сұхбатын 4 мамырда сағат 19.00-де Classic радиосынан тыңдай аласыздар.

 

Сондай-ақ, сұхбатты 10 мамырда сағат 9.00-де Retro FM Qazaqstan эфирінен тыңдауға болады.

 

Батыр Қазыбаев - белгілі қазақстандық журналист әрі жазушы, көп жыл бойы облыстық және республикалық газеттердің редакцияларында басшылық лауазымдарда қызмет атқарған, Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы болған Кәкімжан Қазыбаевтың ұлы. Батыр Қазыбаев әкесінің жолын қуып, журналистиканы таңдап, табысты медиаменеджер болды.

 

Батыр Қазыбаев 10 жылдан астам уақыт құрамына Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz ақпараттық порталдары кіретін медиахолдингті, Жұлдыз FM радиостанциясы, Ретро FM Қазақстан, СТВ телеарнасын басқарды, "Жетінші арнаның" негізін қалады.