Байқоңырдағы Ресейдің соғыс акциясына қазақ оқушылары тартылды

10 наурыз 2022, 11:54

Ең жаманы, акцияға 10-11 сынып және Байқоңыр электр-радиотехника техникумының кәмелет жасқа толмаған оқушылары тартылған.

Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасынан ұзақ уақытқа жалға алған Байқоңыр ғарыш айлағында көрші елдің Украинаға қарсы ашқан соғысын қолдаған акция өтті деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы “Роскосмос” мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозин жазды. Ол көліктер "Z", ал адамдар "V" әрпін бейнелеген шарада ту ұстаған балаларды “Байқоңырдың болашағы” деп атады.

Осы орайда тиісті қадам қазақстандық желі қолданушылардың ашу-ызасын туғызды. Мәселен Мұрат Балабай есімді азамат Конституцияға сәйкес, елімізде соғысты насихаттауға жол берілмеуі керектігін, оған қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын келтірді.

“Ең жаманы, акцияға 10-11 сынып және Байқоңыр электр-радиотехника техникумының кәмелет жасқа толмаған оқушылары тартылған”, – деп наразылығын жеткізген ол ата-аналардың алаңдағы шараның нақты мазмұнын білмегенін атап өтіп, құзырлы орындардан істің мән-жайын анықтауды талап етті.