Бекболат Тілеухан Түркия азаматтығын алуға өтініш берді

08 тамыз 2022, 15:11

Ulysmedia.kz порталына келіп түскен дереккөзге сәйкес, экс-депутат Бекболат Тілеухан Түркия азаматтығын алуға өтініш берген. Порталдың Түркиядағы дереккөзі таяуда Бекболат Тілеуханның Ыстанбұлдан 6 бөлмелі пәтер сатып алғаныны туралы жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

ДЕПУТАТТЫҚТАН КЕТКЕН КЕЗЕҢ

 

Еске сала кетсек, Қаңтар оқиғалары басталар алдында (бір апта бұрын) Бекболат Тілеуханның Мәжіліс депутаты ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын. Оның өзі Парламенттен кету себебін Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының бірінші вице-президенті болып тағайындалуымен түсіндірген. Мәжілісте экс-депутат ұзақ уақытқа кететінін сезгендей әріптестерімен қоштасар алдында аманатын айтып кеткені бар.

 

«Қазақ шабуылшы жұрт емес, қорғанушы жұрт. Тарихта есесі кеткен жұрт. Осы нәрсені естеріңізде болып, есіркей қараған, парасат көздеріңіз, анау жүректеріңіздің түкпірінде тарихи санамен, мемлекетшіл оймен, әрқашан жүректеріңіздің түкпірінде тұрса екен деген депутат ретінде емес, сайлаушы ретінде бір аманатым бар», - деген еді ол сол тұста.

 

Осыдан кейін Қаңтар оқиғалары болды. 14 қаңтарда Бекболат Тілеухан ұлттық арнада президенттің бастамалары жөнінде бір мәрте пікір білдірген. Журналистердің бірімен соттасып жатқаны туралы да ақпарат тарады. Содан кейін ол медиаалаңда көп көрінбей кетті.

 

Әлеуметтік желіде Бекболат Тілеухан аса белсенді емес. Кейінгі айларда тек басқалар жазған жазбаны бөлісіп отырады. Фейсбуктегі соңғы постын экс-депутат осы жылдың 16 мамырында жариялаған. Ол тұста Бекболат Тілеухан туған жері Жаңарқаның жаңадан құрылған Ұлытау облысының құрамына кіргенін қуана, құптап жазады.

 

ДЕРЕККӨЗ НЕ ДЕЙДІ

 

Ulysmedia.kz порталына келіп түскен дереккөзге сәйкес, Бекболат Тілеухан Түркияға үшінші әйелі Жанар Тапеновамен бірге кеткен. Одан алты баласы бар. Ыстанбұл қаласында бұл күнде олар балаларымен бірге сатып алған пәтерінде тұрады.

 

Жанар Тапенова Түркияға кетер алдында жақын туысының біріне өзіне тиесілі астананың сол жағалауындағы көпқабатты үйдегі екі пәтер мен Шұбар ауданындағы жер үйді сатуды тапсырып кеткен.

 

Ыстанбұлда жүрген кезде Оразада Бекболат Тілеухан сондағы қандастарды жинап, ауызашар берген. Түркия президентінің ұлы Біләл Ердоғанмен кездескен. Экс-депутат әзірге Қазақстанға қайтпайтын секілді. Себебі ерлі-зайыпты Түркия азаматтығын алуға өтініш берген. Әзірге олар сонда ықтиярхатпен тұрып жатыр.

 

 

 

ӨМІРБАЯНЫ

 

Бекболат Тілеуханның білімі жоғары. 1993 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын «концерт орындаушы» мамандығы бойынша бітірген. Ал 1998 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ мемлекеттік техникалық университетінде «инженер-металлург» мамандығы бойынша оқуды аяқтаған. 1996 жылдан 2001 жылға дейін Қазақстан президенті оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарған.

 

Бекболат Тілеухан 2000 жылдардың басында мәдениет саласында бірқатар лауазымды қызмет атқарды. 2002-2004 жылдар аралығында ҚР мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі, мәдениет вице-министрі болды. 2004 жылы «Нұр Отан» партиясына кірді.

 

Бекболат Тілеухан бірнеше шақырылымда Мәжіліс депутаты болды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде қызмет етті. Сондай-ақ, Ұлттық спорт тізгіні де осы кісінің қолында болды.

 

Журналистерге берген сұхбатының бірінде ол «Құдай берген көп жарым бар, 14 балам бар» деген болатын.

 

Бекболат Тілеуханның өзі неше жылдан бері діни көзқарасына байланысты сынға жиі ұшырап келеді. Түрлі БАҚ-тың оны «салафит» деп айыптай жазғаны бар. Жақында журналист Нартай Аралбайға берген сұхбатында Ұлттық спорт түрлерінен бұрынғы мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібай да ол жайлы біршама өткір сөйледі. Алайда экс-депутат қоғам тарапынан қордаланған көп сұраққа жауап беруге әзірге бейіл танытпайтын сыңайлы.