Болат Жәмішев "Қазақстан халқына" қорының қамқоршылық кеңесі тізімін кімдер ұсынғанын айтты

20 қаңтар 2022, 17:33

Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылған "Қазақстан халқына" қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев қордың жұмысы туралы сұхбат берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

 

"Қазақстан халқына" қорының төрағасы Болат Жәмішев Хабар 24 арнасындағы "Ошақбаев LIVE" бағдарламасына берген сұхбатында ұйымның қалай құрылғаны жөнінде айтты.

 

"Қорды қоғамдық ұйым ретінде жеке тұлғалар немесе қоғамдық бірлестіктер құра алады. Біздің жағдайда құрылтайшылар қатарында төрт қоғамдық бірлестік болды. Көптеген адам қордың қалай құрылғанын сұрауда. Бұл үкіметтің әлеуметтік блогы - денсаулық сақтау, білім беру және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен белсенді жұмыс істейтін төрт қайырымдылық ұйымы деп айта аламын. Бұл төрт ұйымды құрылтайшы ретінде тарту осы министрліктердің бастамасы болды. Құрылтайшылардың басқа қатысушылардан артық құқықтары жоқ. Қорды ұйымдастыруға осы төрт қоғамдық ұйым мұрындық болды. Қысқа мерзімде ұйымдастыру ниеті болғандықтан, осындай шешім қабылданды", - дейді Болат Жәмішев.

 

Ол жаңадан құрылған әлеуметтік қорға қайырымдылық ұйымдары мүше бола алатынын атап өтті. Жәмішевтің сөзінше, қорға кейіннен мүше болған қайырымдылық ұйымдарының құқығы да құрылтайшылармен бірдей болады.

 

"Қазақстан халқына" қорының басқарма төрағасы қоғамда талқыланып жатқан қамқоршылық кеңесінің құрамы қалай таңдалғанын айтты.

 

"Неліктен қамқоршылық кеңес мүшелерін бүкіл халық сайламады деген сұрақ көп. Мен оның не екенін (нені меңзейтінін - ред.) түсінбеймін. Референдум деген сөзді білдіреді деп ойлаймын. Қор мемлекет басшысының бастамасымен құрылғандықтан және белгілі бір кәсіпорын бұл қорға өз еркімен жарна аударған кезде қаражатты тиімді пайдалану бойынша үкіметтің белгілі бір моральдық міндеттері бар екені анық. Сондықтан, бұл жағдайда үкімет қорды ұйымдастырғаны сияқты қамқоршылық кеңеске енетін адамдардың тізімін бекітті", - дейді қор төрағасы.