«Бір пәтерді екі адамға сатқан»: Қосшыда «Шоколад» тұрғын үй кешенінің құрылысы екі жылдан бері тоқтап тұр

20 маусым 2022, 10:21

4 жыл бұрын «Шоколад-2» тұрғын үй кешенінен пәтер алуға ниеттеніп, қаражат құйған 100 шақты үлескердің қолына әлі күнге дейін үйдің құжаттары тиген жоқ. Бірақ тұрғындар қоныстанып алған. Алайда не түзу жолы, не балалар алаңқайы жоқ кешеннің айналасынан тек тағы бір аяқсыз қалған құрылыс нысанын көруге болады. Бұл «Шоколад-3» жобасы. «Бір пәтерді екі адамға сатып жібергені үшін құрылыс компаниясының басшылары қазір істі болып жатыр», деген тұрғындар қордаланып қалған проблемаларымызды құрылыс компаниясына жұмыс істеуге рұқсат берген әкімдік өзі шешіп берсін деп талап етіп отыр. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің жай-жапсарын анықтап көрді.

 
«Шоколад» тұрғын үй кешенінен бір пәтер мен тағы бір коммерциялық нысанды сатып алу үшін қаржы құйған Гүлім Төлеуқызы 4 жылдан бері «Академия жилья» құрылыс компаниясымен дауласып келеді. Дәл осы компанияға алдымен 4, кейін 5 миллион теңге төлеген. Бірақ пайдалануға берілмеген шаршы метр үшін коммуналдық төлемнің есебі ай сайын үлескерге түбіртекпен келіп тұрады екен.

«Мен 2018 жылы 10 қарашада «Академия жилья» ЖШС құрылыс компаниясының «Шоколад-2» тұрғын үй кешенінен коммерциялық мақсатта деп бөлме алуға ақша салған едім. Шамамен 4 миллион теңгедей. Бізге құрылыс компаниясы бір жылдың ішінде салып береміз деп уәде берген. Бірақ әлі күнге дейін үйдің құжаттары жоқ. Үй жартылай шала-шарпы салынған. Адамдар өздері суын, жылуын, жарығын тартып алған. Сөйтіп тұрып жатыр. Ал мен ол жерге кірмесем де жылуға, суға төлеңіз деген ескертулер келеді де тұрады. Уәжім, «Шоколад-2» кешенінің құжаттарын берсін, шағын дүкенімді ашсам да, комерциялық нысанды іске қосқым келеді. Не бизнес жоқ, не ақша жоқ, не құжат жоқ», - дейді үлескер Гүлім Төлеуқызы.


ҚҰРЫЛЫСЫ 2020 ЖЫЛДАН БЕРІ ТОҚТАП ТҰР

Гүлімнің «Академия жилья» компаниясына «алданғаны» мұнымен бітпейді. Ол дәл осы тұрғын үй кешенінен енді пәтер алуға тәуекел етіп, 5 миллион теңге қаражат құяды. Бірақ тиесілі шаршы метрдің қашан салынып бітетінін білмейді. Өйткені, құрылыстың тоқтап қалғанына 2 жыл болған.

«Бұл компанияның пысықтығы ма, іскерлігі ме, білмеймін, әйтеуір 2020 жылы тағы да осы компанияға алдандым. Бәрімізге белгілі ол кезде ақша құнсызданып, ертең не боларын білмей абдырап жүрген едік. Сол жылы 23 наурызда «Шоколад-3» тұрғын үй кешенінен тағы да пәтерге ақша салған болатынмын. Ал құрылысы 2020 жылдан бері тоқтап тұр.  Бар-жоғы 5 қабатты эконом кластан да сапасы төмен қарапайым тұрғын үй кешені. Оны бір жазда салып тастауға болады деп ойлаймын. Оны бітіре алмай отырған компанияға да, қадағаламай отырған әкімдікке де өкпеміз қара қазандай. Билік кез-келген компанияны нарыққа жібере бермеуі керек. Осындай алаяқтарды әкімдік неге бизнеске жібереді, неге тексермейді, олардың қалай құрылысқа араласып кеткенін білмейміз. Жеме-жемге келгенде қарапайым халық жапа шегеді», - дейді Гүлім Төлеуқызы.
Гүлім секілді құжаттарын қолына ала алмай жүрген «Шоколад-2» тұрғын үй кешенінің 100 үлескері бар.

«Құрылыс компаниясының басшылары бір пәтерді екі адамға сатып жібергені үшін істі болып жатыр. Қарсақбаев дегенмен екі жыл «Шоколад-2» кешенін салып бітірсін деп дауластық. Әлі күнге дейін не шатыры жоқ, не суағары жоқ. Ал кіреберістің бастырмасы да болмаған. Оны әйтеуір айқай-шумен жасатып алдық. Балалар алаңқайы да жоқ, шаң-топырағы бетіне бұрқырап шығып жатыр. Негізі үй пайдалануға берілмеген. Қолымызда ешқандай құжат жоқ. Бірақ онда тұрып жатырмыз. «Шоколад-2» тұрғын үй кешеніне иелері 100 пайыз қоныстанды деп айта алмаймын. Өйткені, әлі қара сылақпен тұрған пәтерлер бар. Басым бөлігі екі жыл бұрын жөндеу жұмыстарын жүргізіп кіріп алды», - дейді тұрғын Әсем Шанаева.


ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?

Қосшы қаласының әкімдігі «Шоколад» тұрғын үй кешенінің тұрғындары мен үлескерлерінің мәселесімен толықтай таныспыз әрі олармен жиі кездесу ұйымдастырамыз дейді. Бұқараның бас қатырып жүрген баспана мәселесін тездетіп шешіп беру үшін тиісті мекемелермен бірлесіп жұмыс та атқарылып жатыр деп отыр. Жергілікті билік әзірге тек көшені жөндеу жағын пысықтап жатыр екен.

«Тұрғын үй кешенінің құрылысын «Академия жилья» ЖШС компаниясы жалғастыруда, құрылысқа рұқсатты 2019 жылы Целиноград ауданының әкімдігі берген. «Шоколад» тұрғын үй кешеніне дейінгі жолға қатысты – осы жылдың шілде айының соңына дейін жолды төгу және грейдирлеу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Биыл Қосшы қаласының бірқатар көшелерін асфальттау бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Ал аталмыш тұрғын үй кешенінде балалар алаңының салынуы және маңайының абаттандырылуы жоба бойынша құрылыс компаниясының үлесінде. Мұны жергілікті билік құрылыс компаниясынан талап етіп отыр», - деп мәлімдеді Қосшы қаласының әкімдігі.
Әкімдіктің хабарлауынша, аталған тұрғын үй кешенінде жоба бойынша әу баста 4 үй салу жоспарланған. Бүгінгі таңда №1 үй толық қолданысқа беріліп, 100 пәтер иесі өз үйінде тұрып жатыр. №2 үйдің құрылысы аяқталған. Жергілікті билік 100 пәтердің кілті иелеріне табысталып, тұрғындар қоныстанған деп жауап берді. Жауапты заңды тұлғалар тарапынан үй пайдалануға құжат түрінде берілген. Бірақ тиісті сараптамалық құжаттардың сәйкессіздігіне байланысты Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында тіркелу мәселесі кешіктіріліп жатқанын жасырмады.

«Қалалық әкімдік және тұрғын үй тұрғындарынан құрылған ынталы топтың талабына сәйкес, құрылыс компаниясының сенімді өкілі құжатты сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда тұрғындарға су, жарық, жылу сияқты барлық мәселелер қалыпты жағдайда берілуде және ол әкімдіктің тарапынан күнделікті қадағалауында. Қазіргі кезде «Шоколад» тұрғын үй кешенінде №1 үй пайдалануға берілген, №2 үйдің құжаттары рәсімделу үстінде, №3 үйдің құрылысы жүріп жатыр, нысанның 40 пайызы салынған, жоба бойынша – 100 пәтер», - деді Қосшы қаласының әкімдігі.
Әкімдік құрылыс компаниясы №4 үйдің үлескерлерін №3 үйге қоныстандыру мәселесін қарастырып жатыр деген ақпармен де бөлісті. Ал «Академия жилья» ЖШС-ның жауапты өкілдерінің өзі тілшілерге 1 аптадан бері жауап беруге құлық танытпады.

Айта кетейік құрылыс компаниясының мәліметі бойынша «Шоколад» тұрғын үй кешеніндегі №3 және №4 үйдің 100-ге жуық үлескері бар.