Қазақстандықтар тек қаржы пирамидаларына ғана құрбан болып жүрген жоқ. Бұған дейін шоу-бизнес өкілдері Instagram желісінде түрлі лотерея ойнатып, халықтың қалтасын бір сыпырса, қазір TikTok блогерлері ақша жинаудың түрлі тәсілдерін қолданып жүр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Аzattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап.
Нақтырақ айтқанда TikTok жеңіл табыс табудың құралына айналып барады. Желіде лотерея ойнатып, болашаққа жорамал жасап, тіпті ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген адалдығын тексеруді бизнеске айналдырғандар көбейген. Бұдан бөлек, құмар ойынды да ойнататындардың қарасы қалың.
Бір кездері Instagram арқылы шоу-бизнес өкілдері жарыса лотерея ойнатқаны есте. Көп ұзамай Үкімет мұндай жеңіл ақша табудың жолын кесіп, заң аясында тыйым салды. Ал, бүгінде TikTok қолданушылары осы іспеттес айланы ашықтан ашық жүзеге асырып отыр. Турасын айтқанда, желі қолданушысы ақшалай ойынды тікелей эфирде өткізеді. Лотереяға қатысамын деушілер билет құнын ұйымдастырушыға онлайн төлейді. Мәселен, ойынның ұтысы шамамен 150 000 теңгені құраса, ұтысқа қатысатын 100 адамның әрқайсысы 1 билетті 3000 теңгеден сатып алады. Яғни, модератор бір ойыннан 300 000 теңге пайда көреді. Көп адамның ұтыссыз қалатыны анық. Десе де сәттілікке сеніп, жеңіл ақшаны ұтқысы келетіндер аз емес.
Болашаққа жорамал жасайтын бақсы-балгерлер де TikTok-ты пйаданың көзіне айналдырған. Мұнда олардың жасы да, кәрісі де бар. Араларында оқырмандарға өзін тарологпын деп таныстырған жас қазақ жігіті де жүр. Ол өз парақшасында «жолың жабық болса – ашамын, тіл-көз тисе – тазартамын» деп жарнамасын жазған екен. Жас жігіттің қолында қарапайым ойын картасы болса да, оқырмандардың тікелей эфирде өз сұрақтарын тоқтаусыз жолдап жатқанын көруге болады. Алайда, олардың бот еместігіне дәлел жоқ. Демек, бұл оқырмандарды қызықтырудың тәсілі болуы бек мүмкін.
Сондай-ақ, бақсы-балгерлердің кейбірі команда болып жұмыс істейтінін де көреуге болады. Бірі түскен ақшаны есептеп, сұрақтарды оқып отырса, екіншісі бал ашумен айналысады.
Осылайша бірі картаны ермек қылса, өзгесі ескі әдет бойынша құмалақпен болашақты болжауда. Сондай бақсылардың бірі парақшасында өз қызметін 1 000 теңгеге бағалап, тіпті What’s app арқылы болжам жасайтынын жазып қойған. Ал хейтерлердің «бұл харам амал» дегенімен ол еш келіспейтінін айтады.
«30 жыл бұрын біздің нағыз Аллаға сыйынған адамдарымыз құмалақты да ашқан, намаз да оқыған, Аллаға да сыйынған. Харам деген сөз арамдық жасаған адамдарға арналған. Ол сөз бұл жерде жеке маған арналмаған», - деп ақталды балгер.
TikTok-ты қолданушылардың тағы бір тобы құмар ойындар арқылы ақша табуды қолға алған. Ойынға қатысу бағасы 1 000 теңгеден басталып, 5 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Мұнда да қатысушылар ақшаларын онлайн аударып, құмар ойынның кесірінен қалталарын жұқартуда. Әдетте бұндай тікелей эфирді 100-ге жуық көрермен тамашалайды екен.
Мұндай ақылы ойындардың ішінде сәйгүліктердің де жарысын көруге болады. Ипподромдағы ат жарысынан айырмашылығы жоқ. Тек қатысушылар бәсті онлайн тігеді. Ұтыс та бар. Бірақ ұтылғандар біраз ақшасынан қағылып қалатыны анық.
Жақында қазақстандық TikTok-дің арасында тағы бір тренд тарады. Блогер тікелей эфирде ерлі-зайыптылардың бір-біріне адалдығын тексереді. Яғни желі қолданушылары модераторға ақша аударып, екінші жартысының қаншалықты адал екенін анықтайды. Блогер өз кезегінде оқырманның күйеуіне телефон шалып, танысуды көздейді. Осылайша ер азаматтың әйеліне деген адалдығы белгілі болып жатады екен. Алайда, оның мұндай әрекеті отбасының шырқын қаншалықты бұзатыны ол үшін маңызды емес.
Түсінгеніміз, қазіргі тик-токерлер қаралымнан емес, ұсынатын түрлі айла-тәсілдерінен пайда табуды көздейді. Бірақ қара халықтың қалтасы қағылып жатқанымен ешкімнің шаруасы жоқ.