Мәселе

Бюджеттік баспаналар неге сапасыз?

  • Бюджеттік баспаналар неге сапасыз?

    Бюджеттік баспаналар неге сапасыз?

Ресми дерекке сүйенсек, жыл басынан бері елде құрылыс материалдары орташа алғанда 25%-ға қым­баттаған. Сол себепті бюджеттен қаржыландырылатын нысандардың құрылысын аяқтауға қаржы жетпей жатқан көрінеді. Қазір осындай 600-ден аса жобаның түпкілікті құнына түзету енгізу мәселесі көтеріліп отыр.
Сарапшылардың айтуынша, жылжымайтын мүліктің нарықтық құнына көп факторлар әсер етеді: ақшаның құнсыздануы, құрылыс материалдарының бағасы, тасы­малдау тарифтері т.б. Дегенмен біздің жағдайда эконом класты тұрғынжайлардың өзіндік құны­ның 60%-ы – құрылыс материал­дарының шығыны. Кейінгі бес жылда орташа алғанда құрылыс компанияларының тұрғын үй салуға кететін шығыны – 80%-ға, баспананың бағасы 22 %-ға өскен. Осы уақыт ішінде бетон (М350) – 53%-ға, жылу тұтқыш материал (П50) –57%-ға, газоблок – 52%-ға, цемент – 72 %-ға, арматура (АЗ д.14-32) 150 %-ға қымбаттаған. Осыған байланысты бюджеттік ғимараттарды салатын мердігер­лер­дің қосымша қаржыны неге қажет етіп отырғанын түсінуге де болады.

«Мердігер ұйымдар құрылыс жұ­мыстарын аяқтауға қаражат жет­пеуіне байланысты тапсырыс бе­рушілерден қосымша қаржы бө­луді сұрайды. Нарықтың нарқы қымбаттап кеткендіктен ол үшін жергілікті бюджеттен, әйтпесе республикалық бюджеттен қажетті соманы тауып беру мүмкіндігін қарастыру керек», – дейді «Ата­ме­кен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбіл­шайықов.

Бүгінде жаңа тұрғын үйлер на­рығында мемлекеттің үлесі үлкен. Ипотекалық баспаналардың түгелі дерлік кейінге дейін бюджеттен суб­сидия бөлу арқылы қаржылан­дырылып келді. Оның нарық за­ңы­на қаншалықты үйлесетіні, ол енді басқа мәселе. Ал біздің көтеріп отырған тақырыбымыз мемле­кет­тік бағдарламалар бойынша бой көтерген ғимараттардың сапасы жайында болмақ. Қазақстанның қай бұрышында да олардың атына айтылар сын аз емес.

Сапасыз құрылыстар көбейіп кетті
Елімізде 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы арқылы үйлер тұр­ғызыла бастады, баспанаға мұқтаж қалың бұқара оған көп үміт артты. Бірақ «Нұрлы жер» халықты «нұр­лан­дырып» жарытпады. Бюджеттің ақшасына салынған арзан үйлердің аз уақыт өтпей кетеуі кетіп, қа­быр­ғасы сөгіле бастайтынына ендігі көзіміз үйреніп болған. Мәселен, Өскемен қаласында 2018 жылы салынған жаңа үй екі жыл өтпей қирай бастаған: қабырғасы жары­лып, шатырынан су сорғалап, ғи­ма­раттың қасбеті қырылып түскен. 2021 жылы әлгі үйдің сырты сұрқы жүз жасаған кейуананың кейпіндей мылжа-жылжасы шыққан. Енді осы үйден «Нұрлы жер» бағдар­ла­масы бойынша пәтер алып, көп жылға несие рәсімдеген тұрғындар не істерін білмей дағдарып отыр. Тұрғындар үй сапасына наразы болып жергілікті жемқорлыққа қар­сы күрес агенттігіне арыздан­ған. Құрылыс операторлары «Бәй­терек Девелопмент» АҚ осыдан үш жыл бұрын ғана пайдалануға бе­ріл­ген үйді жөндеп беруге уәде еткен.

Сондай-ақ былтыр осы қала­ның Ілияс Есенберлин көшесінде салынған бес қабатты үйдің қа­быр­ғасы қақырап, 10 сантиметрдей жа­­рықшақ түскен. Сол бойынша 2021 жылдың тамызда тұрғындар мер­ді­гер DK PROEKT ЖШС ком­пания­сының үстінен жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне арыз­дан­ған.

Ақтау қаласының 30 шағын­ау­данда 2011 жылы мемлекеттік бағ­дар­лама бойынша пайдалануға бе­рілген үйдің қасбетін осы көк­темде ұйытқып соққан жел жұл­малап кеткен. Әкімдік үйді, ғи­маратты қалпына келтіру жұмыс­тарын өз бақылауына алатын бол­ды. Ақтөбеде осыдан он жыл бұрын салынған үйдің шатыры «жан­тайып жатып алыпты». Тұр­ғындар оны ілдебайлап ағаш баға­налармен тіреп қойған көрінеді.

2021 жылы маусымда Павло­дарда құрылысы бітпеген төртқа­батты үй құлаған. Сәуір айында Нұр-Сұлтанда тоғыз жыл бұрын салынған «бюджеттік» 12 қабатты үйдің сыртқы қабаты сыпырылып түскен. Құрылысқа жауапты лауа­зымды тұлғалар ғимаратқа бюджет есебінен тегін сараптаманы жүргізу үшін үйдің салынғанына кемі он жыл толуы керегін айтқан. Ал са­раптамасыз жөндеу жұмыстарын жүргізуге болмайды екен.

Мемлекеттік бағдарлама бо­йынша салынған тек тұрғын үйлер ғана емес, әлеуметтік маңыздағы басқа да нысандар жеткілікті: аурухана, мектеп, балабақша т.б. Мәселен, Алматы облысына қа­рас­ты Қаратал ауылында 2014 жы­лы салынған мектептің төрт жыл­дан кейін (2018 ж) едені шіріп, қа­бырғасы мен төбесінде жарық­шақтар пайда болған. Алматы облысының Мемлекеттік сәулет өнері және құрылысты бақылау басқармасы осы жайтқа байла­нысты құрылыс сараптамасы жүр­гі­зіл­генін мәлімдеді. Оның техни­калық қорытындысы бойынша ғимараттың бүлінуіне құрылыстың астына төселген топырақтың тиі­сінше тығыздалмауы және оның іргетасының шамадан тыс ылғал­да­нуы себеп болған.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Қостанай, Қарағанды, Көкшетау, Тараз, Теміртау, Шымкент қалаларында да мемлекеттік бағдарлама бо­­йынша бой түзеп, кейіннен ақауы шығып жатқан тұрғынжайлардың саны жетіп-артылады.

Көп мәселе конверт арқылы шешіледі
«Бәйтерек» астана құрылыс­шылары одағы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жамбыл Мелдебайдың айтуынша, бүгінде құрылыс сапасының төмендеп кетуіне көп факторлар әсер етіп отырғанын айтты.

«Қазақстанда құрылыс маман­дықтарын жіктеп, сала-салаға бө­ліп оқытатын оқу орындары тап­шы. Біз бастапқы деңгейдегі құ­рылысшы мамандарды даярлайтын мектепті жоғалтып алдық. Бұрын құрылыс училищелері көп бола­тын, әр кәсіпорынның өз оқу ком­бинаты болатын еді. Олардан дайын құрылысшылар шығатын, қазір мұндай тәжірибе ұмытылған. Құрылысқа кездейсоқ адамдар келді. Тәуелсіздік жылдарында орта арнаулы техникалық білім құл­дырап кетті. Қазір жаңа құры­лыс материалдары шығып жатыр, сапаны көтеретін жаңа техноло­гиялар бар. Алайда оны меңгерген маман тапшы», – деп қынжылады тәжірибелі құрылысшы.

Оның айтуынша, бұрындары құрылыс кәсіпорында өндіріске қолданылатын материалды, сұ­йық­тықтарды тексеретін зертхана болатын. Мұндай зертханалардың болуы тіпті міндеттелетін көрінеді, бірақ қазір ондай талап жоқ.

Сәулетші Алмас Ордабаев құ­рылыс сапасының төмендеп кетуін оған құзырлы органдар тарапынан қадағалаудың дұрыс жүргізіл­меуімен және бұл салада жемқор­лық дертінің ерекше асқынып ке­туімен байланыстырады.

«Құрылыс жүргізілердің ал­дында әдетте арнайы геологиялық зерттеулер жасалады, жердің, то­пырақтың тығыздығы өлшенеді. Сол ауданның тиянақты картасы жасалады. Осы жұмыстардың бәрі тиісінше атқарылуы тиіс. Ал қазіргі жағдай дабыл қағатын деңгейге жетіп отыр. Құрылысты қадағалау жұмыстары көбіне моральдық мә­дениеті күмәнді адамдарға жү­кте­леді. Олардың қолына конверт ұс­та­тып, көзін «байлап тастау» оңай. Құрылыс саласын жем­қор­лық дендеп тұр. Әрине, басқа мем­лекеттер де одан ада емес шығар, бірақ бұл кесел бізде тіпті ушығып кеткен»,– дейді А.Ордабаев.

Оның үстіне құрылыс компа­нияларының қателігін дәлелдеп, іс­ті сотқа жеткізудің, білікті ма­ман­дар жалдап, тәуелсіз сараптама жүр­гізудің машақаты да аз емес. Ол үшін көп уақыт пен қаржы да ке­рек. Егер сот талқылауы ұзаққа со­зылып ке­тетін болса, соны аяғы­на дейін қа­­жы­май, қайтпай жеткізу үшін қай­рат та қажет. Сондай-ақ көп жағ­дай­да тұрғындардың ара­сында өзара ауызбіршілігі жетпей жатады. Сөйте тұра біз сапасыз үй-жай сал­ған құрылысшылардың қателігін түзету үшін салық тө­леушілердің қалта­сынан мил­лиард­таған қаржы шы­ғын­­дала­ты­нын ескере бермейміз.

Тағы да ресми дерекке сүйен­сек, 2020 жылы «Нұрлы жер» мем­лекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасын жүзеге асыру кезінде 1,1 миллиард теңге қолды болған. Бұл жария болғаны ғана, ал жария болмай жатқаны қанша? Сондықтан құрылыс саласындағы қылмыстың шынайы ауқымын дөп басып атау мүмкін емес.

Мемлекет былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған жаңа жобасын іске қосты. Бағдарламаны жүзеге асы­ру үшін қазынадан 5,2 трил­лион теңге бөлінбекші. Қыруар ақша, тек соның берекесін берсін дейік.

Дәулет АСАУ

aikyn.kz




Көрілген: 505    Пікірлер: 0

жұма, 01.10.2021, 12:13

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31