Мәселе

Біз мәдениетсізбіз бе?

  • ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

    ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

Жер ана бүгінгі күні жол апатынан жыл сайын 1,2 миллионнан астам адамынан айрылып жатса, «егер жүргізушілердің мәдениетін көтермесе бұл көрсеткіштің 2020 жылға қарай 3 миллионға дейін жетуі мүмкін деген қауіп бар» деп дабыл қағады ДДҰ сарапшылары. Олардың болжамдары расқа айналса, жол апаты статистикасы барлық өлім-жітім рейтингісінде 5-ші орынды иеленбек. Айта кетейік, ДДҰ жасаған ондыққа жол апаты себеп болған өлім-жітім 2012 жылы енген екен. Ең өкініштісі, қаза болғандар негізінен 15-29 жас аралығындағы адамдар, яғни өмірге ұрпақ әкеліп, қоғамның өркендеуіне үлес қосатын нағыз шағы.
Шетелдік мамандар әр мемлекет бойынша жол апаты салдарынан қаза болған адамдардың санағын жасаған екен, ең азы – Мальдивыда. Онда 100 мың адамға шаққанда жылына екі адам көз жұмса, ең көбі Намибия, яғни Оңтүстік Африкада орналасқан бұл елде 100 мың адамға 45 өлімнен келеді. Қазақстан - осы екі елдің ортасында орналасқандардың ішінде. Нақтырақ айтсақ, 100 мың адамға шаққанда, 30 адам. Сөйтіп, 64-ші орында тұрмыз. Айта кетейік, әлемде 262 ел бар. Ал бұрынғы КСРО елдері бойынша бірінші орындамыз. Бізден кейін Қырғызстан. Онда 100 мың адамға 20-дан. Ал ең азы – Тәжікстан: 100 мың адамға - 3. Енді жербеті бойынша айтар болсақ, орта есеппен бір жылда 100 мың адамға шаққанда 18 адам осы жол апатынан қаза болады екен.
Бәрін айт та, бірін айт, жол көлік оқиғасынан келетін материалдық және әлеуметтік шығын біздің елде жыл сайын 600 миллиардқа жуықтайды десек, Қазақстанның қорғаныс саласына бір жылда шамамен 200 миллиард теңге қаржы жұмсалады. Міне, жол ережесін сыйламайтындардың кесірі еліміздің бюджетіне қаншалықты орасан залал келтіріп отыр.
«Анау-мынау» деп, жол апаттарына түрткі ретінде түрлі себептерді алға тартып жатамыз, бос сөз. Шынтуайтына келсек, бәріне кінәлі жүргізушілердің өздері. Өкінішке қарай, Қазақстанда көлік жүргізу мәдениеті тым төмен. Жол ережесін сауатсыздықтан да, қасақана да бұзып жатамыз. Тіпті онсызда қозғалысы қиындап тұрған көшелерде жүйткіп, қарсы бағытқа шығып не қызылға жүргенді мәртебе санайтындар да жоқ емес. Келісетін шығарсыздар, бұл негізінен қымбат көлік иелеріне тән астамшылық.

«Екі жолақты жолда келе жатқанмын. Жылдамдығым талапқа сай сағатына 60 шақырым. Бір кезде дәл алдымда келе жатқан 777 нөмірлі БМВ көлігіне кеп тірелдім. Жолдың дәл ортасында. Асығар емес. Шамамен айтсам, сағатына 40 шақарым болар. Жолдың бір жолағымен жүрсін деп белгі берсем, онымды тіпті елеп, ескерейін деп тұрған ол жоқ. Менің артымда тағы бірнеше көлік кептеліп те қалды. Амал жоқ, барлығымыз дерлік дабыл қостық. Анауың оны да пысқырған жоқ. Осылай 3-4 аялдамадай аяңдап келеміз. Ашуланбай көр. Жұмысқа асығып бара жатқан едім. Енді қайтемін, сәтін тауып, қарсы бағыт арқылы оның алдына шығуға тура келді. Сөйттім де, оған қарамасатан жайыма кете бердім. Сөйтсем, әлгі жүргізуші «неге менің алдыма шығасың» дегендей көлігімен қоса ашуланып, менімен жарыса жөнелсін кеп. Жолымды кес-кестеп жүйткіген күйі газын мейлінше басып, көзден ғайып болды. Осындайға не деуге болады?», - дейді Айдын есімді жүргізуші.
Оны Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов айтады.
- Егер қала немесе аудан әкімдігінің шенеуніктері қолға түсетін болса, бірден маған баяндаңдар. Жол ережесін бұзғандардың барлығын ұстаңдар. Кейде жүргізушілер шамын жақпай-ақ бір жолақтан екінші жолға ауысып, ызғытып жүре береді. Бұлай тек қымбат көліктері бар байлар жасайды, - деген еді ол Студенттер сарайында ІІД мен Пәтер иелері кооперативтеріне арналған кеңейтілген көшпелі отырысында осыдан бірнеше ай бұран.
Осыдан кейін алматылық полицейлер қымбат көлігі бар тізгінсіздерді «құрықтауға» шықты. Оған себеп – тамыз айында Достық даңғылында орналасқан «Золото» мейрамханасының алдында «тоқтауға болмайды» деген белгіге қарамастан, бір дөкейлер темір тұлпарларын «ағытып» қойған ғой баяғы. Екі «Бентли», екі «Мерседес» және екі «Ниссан» маркалы көліктер осылай жол қозғалысына кедергі келтірген. Жолпол қызметкелерінің ескертулеріне құлақ аспаған көрінеді. Шенділер мен шенеуніктердің дауы тіпті қала әкімін қатты ашуландырса керек.
Жолда болатын қайғылы оқиғаның көптігі Елбасы Н.Назарбаевты да бей-жай қалдырған емес.
Үкіметтің кеңейтілген кезекті бір отырысында «Көлікті ішіп алып жүргізгендерді қылмыскер деп айтуға негіз бар. Оған қатысты заңда көрсетілген ең қатаң жазаны қолдануымыз керек. Талапты күшейтуіміз керек! Осыны Қауіпсіздік кеңесімен бірге ойланып, шешім шығарыңдар. Заң тұрғысынан тағы не істей алатынымызды жақсылап қарастырыңдар. Біз демографияны жақсарта алмай жүрсек, олар өлтіріп жатады», - деген болатын Елбасы.
2014 жыл әлі аяқталған жоқ, сондықтан өткен жылдың он екі айын мысалға алсақ, 3 мыңнан астам адам қаза тауып, 30 мыңға жуығы түрлі жарақат алған болатын. Ал енді қараңыздар, Германияда да дәл осындай көрсеткіш, яғни бір жылда біздегідей 3 мыңнан астам адам жол көлік оқиғасының құрбаны болып жатады. Ал сол Германияның халқы бізден неше есеге көп, яғни 80 219 695 адам. Қазақстанның халық саны - 17 330 494. Айырмашылық жер мен көктей. Оның үстіне біздің жер көлеміміз 2 млн 724,9 мың шаршы метр болса, немістердікі 357 021 шаршы метр ғана. Соның өзінде жер жетпейтіндей, жолға таласып жатамыз. Жол ортасына тоқтай қалып, жаға жыртысу да бізге әдетке айналып кеткен. Ал жол-көлік апаттарының басым бөлігі, біле білсек, дәл осы, яғни заңға бағынсақ көлігімізге орын табылса да, өзіміз симайтындай еліріп-есіруімізден.
Жапония халқы өзінің мәдениетімен өзгелерге үлгі болуда. Дәл солай бұл елде жол-көлік ережесін сыйлау – жүргізушілер үшін жоғары мәдениеттің белгісі. 13 миллионнан астам халқы бар, 4 миллионға жуық көлік құралдары тіркелген Токио қаласының көшелері кептелістерге қарамастан, тып-тыныш, жүргізушілері сабырлы. Токио - жүргізуші мәдениетінің аса жоғары екендігімен де әлем бойынша алдыңға қатарда. Міне, қаншама ондаған жылдар бойы Жапония астанасының жұрт қызығып жүрген бұл орынды ешкімге бергісі жоқ. Ал Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматыдағы көлік саны 550 мыңнан астам. Айтпақшы, жол апаты көп орын алатын осы қала.
Тізгінсіздердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, қаншама бала жетім қалып, жесірлер саны көбейіп, біреулер мүгедек атанып жатыр. Осының барлығы, сайып келгенде, біздің елдің жүргізушілерінің мәдениетінің кенжелеп тұрғандығының белгісі. Не істемек керек? Оқырман не айтар екен?

Автор: Ләззат Билан




Көрілген: 1813    Пікірлер: 2

сәрсенбі, 22.10.2014, 09:10

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    1 Қаңтар, 23:37
    Ақшаның азабы
    28 Желтоқсан 2021
    Өмірді жалмаған селфи

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31