Дариға Назарбаева онлайн форумда сөз сөйледі
«Елбасы Қоры, оның негізін қалаушының тапсырмасы бойынша, 850 мың адамға көмек көрсетті. Қазақ елі жомарт адамдарға бай. Біз олардың мәрттігі мен қайырымдылығы үшін зор ризашылығымызды білдіреміз. Біздің тамаша жастарымыз бар. Елгезек! Жомарт! Жанкешті! Мен сендерді мақтан тұтам!».
 
Бұл туралы Елбасы Қорының директоры Дариға Назарбаева "Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі" атты онлайн форумда айтты.
 
- Осы жолы форум бейнеконференция форматында өтуде. Ешбір техникалық прогресс жеке қауышып, қол алысып қарым-қатынас жасаудың баға жетпес мүмкіндігіне жетпейді. Барлығымыз бір-бірімізді сағынамыз және эпидемияны жеңіп, өміріміз бұрынғы қалпына қайта оралатынына сенімдіміз. Биылғы жыл еліміз үшін және әрбіреуіміз үшін үлкен сынақ жылы болды. Пандемияның қара бұлты адамдардың денсаулығына нұқсан келтіріп, өмірлерін қиып, әлемге қауіп-қатер төндірді,&ndash деді ол онлайн форумның ашылуында.
 
 
Осы ретте Дариға Назарбаева жақындарынан айырылған адамдарға көңіл айтты.
 
«Бұл өте қатал орны толмас қайғы. Басқасының барлығын орнына қайта келтіруге болады. Мен Қазақстан жастар конгресінің барлық белсенділеріне, еріктілерге барлығымыз үшін осындай қиын кезеңде адамдарға адал ниетпен қол ұшын беріп көмек көрсеткендері үшін зор құрметпен алғыс айтам. Біздің еріктілер Елбасымыздың бастамасы - #BIZBIRGEMIZ жобасын сәтті іске асыру үшін көп жұмыс атқарды. Мыңдаған мекенжайларға азық-түлік, дәрі-дәрмектер, санитарлық құрал-жабдықтар жеткізілді. Бірінші кезекте ерекше қажеттілігі бар адамдарға, мұқтаж көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік мекемелерге жеткізілді. Осы кезеңде, көктемде еліміздің барлық тұрғындарының бірлігін, барлығымыздың бірге екендігімізді сезіну өте маңызды болды», - деді Дариға Нұрсұлтанқызы.