Мәселе

«Дене қызып, қол ауырсынды». Вакцина салдырған қазақстандықтар жағдайын айтты

  • «Дене қызып, қол ауырсынды». Вакцина салдырған қазақстандықтар жағдайын айтты

    «Дене қызып, қол ауырсынды». Вакцина салдырған қазақстандықтар жағдайын айтты

Бірінші күні сол қолым ауырып, түнде ұйықтай алмадым. Қатты ауырды.

Қазақстанда халықты жаппай вакцинациялау жұмыстары 1 ақпанда басталды. Әзірше ел тұрғындарына Ресейдің "Спутник-V" вакцинасы салынып жатыр. 13 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстанда 384 323 адам вакцина салдырды. Tengrinews.kz тілшісі вакцина салдырған адамдармен сөйлесіп, екпеден кейін қандай әсер байқалғанын сұрады. 

Алматы облысының тұрғыны Жаңабек Жамалбек күні кеше, 12 сәуірде "Спутник-V" вакцинасының бірінші компонентін салдырған. Енді вакцинаның екінші дозасын 3 мамырда салдырмақ. 

"Бастапқыда бәрі дұрыс болған. Бірақ түнгі 04.00 шамасында дене қызуым көтеріле бастады. Қазір үйде демалып жатырмын. Жұмыстан демалыс алдым.

Шыны керек, вакцинаны барлық адам салдыра бастағаннан кейін салдырдым. Өз басым вакцина салдыру керек деп есептеймін. Коронавирус инфекциясын тек осы жолмен жеңе аламыз деп ойлаймын", - дейді ол. 

Ал БАҚ саласының қызметкері Рахиля Тілеуова коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаннан кейін бірінші күні сол қолы қатты ауырғанын айтады. 

"Бірінші күні сол қолым ауырып, түнде ұйықтай алмадым. Қатты ауырды. Сосын ауырсынуды басатын дәрі іштім. Екінші күні қолым тағы ауырып, қайтадан ауырсынуды басатын дәрі қабылдадым. Дене қызуым қатты көтерілген жоқ. Бірақ қалтырау болды: мұздап, дірілдеп кеттім.

Кеше дәрігерге бардым. Оның айтуынша, ондай белгілер болып тұрады. Ол негізгі симптомдарының бірі екен. Бүгін жағдайым жақсы. Бірақ қолым ұйып қала береді. Одан бөлек, вакцина салдырғаннан кейін белім, аяғым ауырсынды", - дейді Рахиля Тілеуова. 

Талғар қаласының тұрғыны, медицина қызметкері Ләззат Мешелова да вакцина салдырғаннан кейін иығы ауырсынған. Ол әзірше вакцинаның бірінші компонентін 11 сәуірде салдырған. Одан басқа симптом байқалмаған. Бүгінде жағдайы жақсы. 

Ал ақтөбелік медицина қызметкері Саламат Әбдібаева коронавирустың екі дозасын да алған. 

"Бірінші күні түнде дене қызуым 38 градусқа дейін көтерілді. Сосын ертеңгі күні екпе салдырған қолым ауырсына бастады. Сонымен қатар, екінші күні әлсіздік болды. Ал үшінші күні бәрі дұрыс болды. 

21 күннен кейін коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасын алдым. Ол кезде ешқандай кері әсер болған жоқ", - дейді Саламат. 

Жанар Нарымбет Талғар қаласындағы №2 орта мектептің биология пәнінің мұғалімі. Ол коронавирусқа қарсы вакцинаны 12 сәуірде салдырған. 

"Вакцинаны Талғар қаласындағы емханалардың бірінде салдырдым. Қазіргі таңда коронавирус жұқтырғандар саны өсіп жатыр. Сондықтан ешкім өз денсаулығына кепілдік бере алмайды. Әр адам өз денсаулығын ойлауы керек. Әр азамат денсаулығы жақсы болып, иммунитеті жоғары болса, қосымша аурулары болмаса, вакцина салдырған дұрыс деп ойлаймын. Себебі вакцина адам иммунитетіне жағымды әсер тудырады. Вакцина ағзаға түскеннен кейін арнайы антидене қалыптасады. Ол ағзаға түсетін басқа микроағза, бактерия, вирустан қорғайды", - дейді мұғалім. 

Жанар Нарымбет вакцина салдырғаннан кейін қалыпты күйде болғанын айтады.  

"Ешқандай өзгеріс байқамадым. Дәрігер үш күндей қолға су тигізбеуге кеңес берді. Адам дұрыс тамақтанып, үш күндей өзін жылы ұстап, күтінсе, ешқандай өзгеріс болмайды деп ойлаймын. Айтқан шараларын орындап жатырмын. Кейбір әріптесімде жүрек тұсының шаншуы, буындардың ауырсынуы секілді белгілер болған. Бірақ мен өзіме сенімдімін. Адам әрқашан тек жақсы нәрсені ойлауы керек деп есептеймін. Жаман ой туындамауы керек. Себебі бүгінде жалған ақпарат өте көп", - дейді Жанар Нарымбет. 




Көрілген: 657    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 14.04.2021, 02:29

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31