Депутаттар "жеткілікті шекті" қайта есептеп, кінәлілерді жазалауды талап етті

15 желтоқсан 2021, 13:31

Әдістемеде шекті меже ең төменгі зейнетақыға емес, ең төмен жалақыға негізделген, деді депутат Аманжан Жамалов

Мәжілістегі "Nur Otan" фракциясының депутаттары зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану бойынша жеткілікті шекті қайта есептеуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.                                   

3 желтоқсанда БЖЗҚ өз сайтында 2022 жылға арналған зейнетақы жинағының шекті межесін жариялады. Депутат Аманжан Жамаловтың ақпаратынша, жаңа шекті мөлшер бойынша зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалана алатын қазақстандықтар саны 600 мыңнан 150 мыңға дейін, яғни төрт есе қысқарады.

Мәжілісмен жеткілікті шекті есептеу әдістемесі "Зейнетақымен қамсыздандыру" туралы заңға сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

"Заңның 1-бабы 15-1-тармағына сәйкес, жеткілікті шек – ең төменгі зейнетақыдан төмен емес, ай сайынғы зейнетақымен қамсыздандыруға қажетті зейнетақы жинағының ең төмен мөлшері. Алайда әдістемеде көрсеткіш ретінде ең төмен жалақы (60 000 теңге) қолданылады. Осылайша әдістемеде шекті меже ең төменгі зейнетақыға (46 302 теңге) емес, ең төмен жалақыға негізделген. Бұл біліксіздіктен немесе саналы түрде жіберілген қателік. Осының салдарынан зейнетақы жинағының жеткілікті шегі орташа есеппен 64%-тен 83%-ке дейін көтеріліп отыр", - деді Жамалов.
Депутаттың айтуынша, егер шекті межені есептеу кезінде Заңмен белгіленгендей ең төменгі зейнетақы қолданылса, жеткілікті шектің мөлшері 2021 жылмен салыстырғанда небәрі 9%-ке өсер еді.

"Екіншіден, БЖЗҚ-да жеткілікті шекті есептеу кезінде мүдделер қақтығысы бар. БЖЗҚ зейнетақы активтерін ұстаушы ретінде халықтың өз жинағын пайдалануына мүдделі емес. Сол себепті ең төменгі жеткілікті шекті есептеу міндеті БЖЗҚ құзыретіне кірмеуі керек. Мұнымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысуға тиіс. Өйткені олар әлеуметтік қамсыздандыру саласында саясатты жүзеге асыруға жауапты орган. Ал БЖЗҚ зейнетақы шоттарын ашу, зейнетақы жарнасын аудару, жинақтаушы зейнетақысын төлеу сияқты операторлық функцияларды жүзеге асыра алады. Бұл саладағы саясатты қандай да бір акционерлік қоғам емес, тек үкімет пен министрлік қана айқындай алады", - деді Жамалов.

Осыған байланысты депутаттар жеткілікті шекті есептеу кезінде ең төмен жалақы көрсеткішінен бас тартуды; 2022 жылға арналған шекті межені ең төмен зейнетақы мөлшерімен қайта есептеуді; жеткілікті шекті есептеу бойынша өкілеттікті еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беруді ұсынды.

Бұған қоса, қызметтік тексеріс жүргізіп, жеткілікті шекті белгілеу әдістемесін әзірлеген жауаптыларды жазалауды талап етті.