Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Депутаттардың ашуы «шайы орамал кепкенше»...

19 сәуір 2011, 11:35

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының қайбір күнгі сессиясында депутаттар біраз қиқар мінез танытып, полицейлерді сынға алған болатын. Онда әсіресе тәртіп сақшыларының бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғанын қатты айтты. «Осыдан екі жыл бұрын Орал өңірінен әрбір жылқының 1,2 миллион теңгеге сатып алынғаны жөнінде мәлімет алып, соның сұрауын жасатқан едік. Қазір сол аттар жөнді мінілмейді екен, араларында тіпті өліп жатқандары да барға ұқсайды. Енді, міне, сол жылқыларды әрі-бері таситын, небәрі алты жылқы сыятын көлікті 45 миллион теңгеге сатып алыпсыздар. Мұның анық-қанығын тексеру үшін комиссия құру қажет», – деп бұлқан-талқан болған еді. Көптен бері бұйығы мінез көрсетіп жүрген халық қалаулыларының бұлайша халықтың маңдай тер, табанақысымен жиналған ортақ қоржындағы қазынаға жанашырлық танытқандарына «әп-бәрекелде-е» деп бір қуанып қалған едік. Алайда олардың ашуы мұншама тез басылады деп ешкім ойлаған жоқ.
Араға көп уақыт салмай полицейлердің маңдайын терлеткен депутаттар әлгі көлікті өз көздерімен көріп қайтты. Әрине, жүз рет естігеннен бір рет көрген әлдеқайда артық қой. Көрермендер теледидардан де­путат­тардың жұтынып тұрған шетелдік көліктің кереметтігіне қайта-қайта бас шай­қап, таң-тамаша қалғандарының куәсі болды. «Шындығында, жақсы екен, бар­лық жағдайы жасалған. Облыстың бас полицейі генерал Серімжан Досымовқа енді бұл көлікті тиімді пайдалануды тап­сыр­дық» десіп жатты. Иә, таңғалмағанда қайтсін, «MAN» маркалы немістің жылқы­ларға арналған көлігінде жылқылар жеке-жеке, таза тұрады екен. Ал жүргізушілер еш қиналмастан көліктің ішінде кетіп бара жатып-ақ, пәтерде жүргендей теледидарын тамашалап, жуынып-шайынып, тамағын да істеп кете беруге мүмкіндік бар. Артыл­ған тамақты қайтеміз деп уайым­даудың да реті жоқ. Тоңазытқышы – ішінде. Бір сөзбен айтқанда, жердегі жұмақтың нақ өзі.   
Бәрі жақсы ғой, адам айтса нанғысыз бағаға көлік сатып алып, оны қылмысты құрықтауға пайдаланып жатса, жақсы емес пе?! Бірақ  «оңтүстіктің полицейлері үшін жылқыларға жағдай жасаудан басқа мәселе қалған жоқ па?» деген сауал туын­дайды. Мұның жауабын табу онша қиындық тудыра қоймады. Қаладағы бір-екі учаскелік полиция тірек пункттерінің жағдайымен танысқанда ащы шындық су бетіне қалқып шыққан майдай жылтырап сала берді. Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданына қарасты №3 учаскелік полиция пункті қатар қойылған екі вагонға орна­ласқан екен. Онысы күл-қоқыс тастайтын орыннан 10-15 метрдей жерде ғана тұр. «Дәретханаға қайда шығады екен?» деген қызығушылығымыздың жауабына жолыға алмадық. Өйткені біз барған кешкі сағат бестер шамасында онда ешкім көрінбеді. Есігі құлыптаулы екен. Ал Қырғы базардағы пункт бір саудагердің будкасына жайғас­қанын жұрттан естігенімізбен, оны іздеп таба алмадық. Саудагерлер олардың басқа жаққа көшіп кеткендігін айтып, дәл мекен­жайын бере алмады. Сонда дейміз-ау, облысымыздың тәртібін сақтайтын асыл­тұқымды жылқылар ма, әлде поли­цейлер ме? Жағдайдың жасалуына қара­ғанда жыл­қылар күзететін секілді. Сол се­бепті де жылқылар элиталы көлікте жүруі тиіс, ал учаскелік полицейлер қысылып-қым­тырылып, көшіп-қонып бір амалын табар. Қарапайым есепке салар болсақ, алты жыл­қыны тасымалдауға арналған көліктің құны 5-6 тірек пунктін басы бүтін сатып алуға жетеді екен. Қайсысы тиімді, оны оқырмандардың өзі ажырата жатар.      
Айтқандай, депутаттар көліктің кере­меттігіне таң-тамаша қалып жүргенде қыз­ды-қыздымен мұндай көліктің тағы біреуін сатып алғанның артықтығы жоқ дегенді айтып салды. Жылы сөзге кім жібі­месін, генерал да қарап қалмай, облыс­­­тық көкпар командасының аттарын тасып тұ­руға анда-санда беріп тұратынын айтқан сықылды. Сөйтіп, «құда да тыныш, құдағи да риза» болып тарқасыпты.
Миллиондарға сатып алынған жылқы­ларды тәжірибеге енгізгенде қылмыстың құрықталуына пайдасы тиіп жатыр ма? Бәлкім, тиіп жатқан болар, бірақ нақты статистика керісінше болып тұр. Қылмыс саны жылдан-жылға артып барады. Ол жайында біз газетіміздің бұған дейінгі сандарында жазғанбыз. Облыс әкімі Асқар Мырзах­метовтің өзі қатысқан тәртіп сақ­шы­­ларының бір жиынында да аталмыш мәселе жан-жақты айтылған еді.