Доллар өскен: AliExpress-тен смартфон сатып алған қазақстандық енді банкке қарыз

03 наурыз 2022, 17:54

Қазақстандық Әнуар Амиреев AliExpress сауда алаңынан смартфон сатып алып, ыңғайсыз жағдайға тап болды. Ол телефонға тапсырыс берген күннің ертесіне елімізде доллар құны көтеріліп, ақырында мүліктің құны бұрынғыдан 10 мың теңгеге қымбаттаған. Оның өзін Әнуар Амиреев кездейсоқ білгенін айтады,- деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Әнуар Амиреев Facebook-тегі “Астана. Хочу похвалить/пожаловаться” тобында жазған. Автор әкесіне 23 ақпанға сыйлық жасағысы келгенін айтады.

 

"24 ақпан күні сағат 11:15-те мен телефонды 389,90$ (442,08 курсы бойынша 172 366,99 теңге алынды) теңгеге алдым. Содан соң шотымда 1250,58 теңге қалды. Тағы 1200 теңгені такси қызметіне аудардым. Қалған сома 50,58 теңге", – дейді шағымданушы.

 

Телефонға тапсырыс беріп, қуанып жүрген Әнуар арада 2 күн өткен соң банкке қарыз екенін кездейсоқ білген.

 

"Мен телефонды 172 366,99 теңгеге емес, 183 510,33 теңгеге (470,66 курсы бойынша) алыппын. Бірақ менің шотымда 173 617,57 теңге болған. Ал банк мені несиелік қарызға кіргізіп жіберген (- 9 892,76 теңге). Тауарды басқа бағамен алғанымды ескертпеді. Төлем көшірмесін көрмейінше, мен қарыз жайлы білмейді де екенмін", – дейді автор.

 

Айтуынша, сол күні ол банк бөлімшесіне барып, шағымын айтқан. Банк өкілдері AliExpress-тің сауданы 25 ақпан күні мақұлдағанын, сондықтан сол күнгі курс бойынша төлем алғандарын хабарлаған.

 

Сатып алушының шағымына Kaspi банк өкілі жауап берді.

 

"Сіз басқа валютада сатып алу операциясын жасаған кезде, Kaspi сол күнгі курс бойынша операция сомасын картадан бұғаттайды. Ақырғы төлем кейінірек, Kaspi-ге эквайер-банк тарапынан операцияның сәтті жүргізілуі туралы растайтын құжаттар келіп түскеннен кейін алынады. Бұл процесс 3-5 күнді алады. Бұл – халықаралық жүйенің ережесі.

 

Курстың ауысуы салдарынан Kaspi мен төлем жүйесінің арасында айырмашылық болуы мүмкін", – деп жауап берді банк өкілі.