Мәселе

ДСҰ қазаққа не береді?

  • ДСҰ қазаққа не береді?

    ДСҰ қазаққа не береді?

ДСҰ-ға кіруге ынтығып-ақ жүрміз. Сарапшылардың айтуынша, олда бірер жылдың шаруасы көрінеді. Сонда сонша ынтықтырған ДСҰ қазаққа не береді? Өзге тауарларын айтпағанның өзінде, ішер ас-суының 50 пайызын сырттан алатын біз бүтіндей импорттың шеңгелінде қалмаймыз ба? Қытайдың залалды тағамынан әбден  уланған ағзамыз, енді ДСҰ-ның 159 елінің күмәнді тауарына төзе ала ма? Одан қалды қалт-құлт еткен  агрокешен, енді есін жинап, етегін жаба бастаған шағын кәсіпкерлік ше? Жөргегінде тұншықпасына кепіл жоқ. «Алаш айнасы» тілшісі осы мәселелерді тереңінен қаузап көрді.
Сонымен, ДСҰ басты міндеті — іркіліссіз халықаралық сауда-саттыққа мүмкіндіктер жасау  десек, еліміздің нені импорттап, экспортқа не шығара алатынын бағамдау қиын емес. Шындықтың бетіне тура қарасақ, Қазақстан өндірісі мен өнеркәсібінің ахуалы батыстың алпауыт өндірістерімен бәсекеге түсе алмайды. Егер ДСҰ-ға кіру біздің тауарларымыз бен қызметтеріміздің әлемдік нарыққа шығу мүмкіндігі деген ұстанымға сүйенсек, дәл осы күні біз әлемдік нарыққа нендей өнімді, қандай тауарды шығара аламыз? Бұған «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп тауарларымызды әлемдік нарықтың базарына лақтыра салатындай асып-тасып жатқан тауар жоқ. Батыстықтардың мысын басатын, бәсекеге түскенде, оқ бойы озық шығатын өнімдеріміз кәне?
Ішкен-жегеніміздің 50 пайызы импорттыкі. Кигеніміз – қытай мен қырғыздың сапасыз киімі. Мінген көлігіміз де сырттан келген шетелдік көлік. Ошақтың үш бұтындай осы үш мәселенің тізгіні өзімізде емес, жаттың қолында. Кей сарапшылардың «Біздің нарық – батыс елдері үшін майлы жіліктің басы, сондықтан бізді ДСҰ-ға тартуға мүдделі болып отыр» деген пікірлері негізсіз емес. Қазақстан батыстың ірі өндірістері үшін шикізат көзі болып қалады дейтін тәуелсіз сарапшылардың көзқарасы ойлануды қажет етеді. Сондай-ақ сарапшылар ДСҰ-ға кірген уақытта өте әлсіз салалар ретінде бірқатар салаларды атапты. Олардың қатарында металлургия, текстиль, химия өнеркәсібі, машинақұрылыс, автокөлік өнеркәсібі, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіппен қатар тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану да бар. Осының ішінде тамақ өнеркәсібіне тоқталық.
Жоғарыда атап өткеніміздей, елімізде агрокешен саласындағы кәсіпорындардың қуаттылығы бүтін елдің сұранысын қанағаттандыруға қауқарсыз. Сол себепті, қазірдің өзінде азық-түлік саласында импорттық өнімдерге жүгініп келеміз. Себебі, агроөнеркәсіп кешенінің дамуы біреулер айтқандай өте-мөте қарқынды емес. Әлбетте, мемлекет тарапынан қолдауды жоққа шығаруға болмайды. Бірақ ол ауыл шаруашылғының күрмеулі мәселесінің күрмеуін толықтай шешкен жоқ әлі. Мал басын көбейтіп, оны асылдандыруға ден қойылса да, әлі күнге дейін сырттан ет сатып аламыз. Малға азық жердің тозығы жеткен. Мәселен, жердің тиімділігі Еупора елдерімен салыстырғанда, 2 жарым есеге төмен деген дерек бар. Сондықтан да жер жағдайы бізге қарағанда біршама көш ілгері Еуропа, Америка, Австралия елдері өзінің елін толығымен азық-түлікпен қамтып, одан қалды еліміздің ішкі нарығында сайран сала бастаған. Ал біздің агрофирмалар ДСҰ-ға енген күні сондай дәрежеге қол жеткізе ала ма? Жоқ! Сондықтан сырттан келетін азық-түлікке қол жаюымыз артпаса, кемімейтін болады. Дамыған елдер әлемдік нарықты игере отырып, өзінің елін толық 100 пайыз азық түлікпен қамтамасыз ете алатын жағдайда. Мәселен, АҚШ, Францияда бұл көрсетпіш 100 пайыздан кем емес көрінеді. Ал Германияда  93 пайыз, Италияда 78 пайыз. Жапонияда 50 пайыз. Алайда солай бола тұрса да, Жапония күрішті импорттауға қатаң тыйым салған. Біз осындай қадамдарға бара аламыз ба? Бұл да ойланатын мәселе.

ДСҰ-ға кірген күні-ақ ең бірінші арзан азық-түлік толассыз ағылары сөзсіз.  Өйткені, дәл осы күні біздің тауар өндірушілеріміз өндіретін өнімдер бәсекеге қабілетсіз. Ал ДСҰ-дағы елдермен терезесі тең сауда-саттық жасау үшін тауарымыз бен өніміз өтімді болуы шарт. Өзімізді өзіміз кемсіткеніміз емес. Бірақ ДСҰ-дағы елдердің өнімдерімен біздің елдің тауары теке тіреске түсе алмайды. Сондықтан да аз-маз  тауар өндірушілеріміз нарықтан ығыстырылып қалады. Сыртқа шықпақ түгілі, ішімізде тауарын өткізе алмайтын халге жетеді. Тақырға отырып, тізесін құшақтап қалуы да ғажап емес. Оның орнын импортталған арзан сапасыз азық-түлік басары даусыз. «Алаш айнасы»

Мұхтархан БИЯРОВ,  Алматы қаласы Сауда-өнеркәсіптік палатасының төрағасы:
   –Қазақстандық бизнес өкілдері Қазақстанның ДСҰ-на кіретініне қатысты біршама күмән және қауіп білдіруде. Шетелден әкелінетін арзанқол ауылшаруашылық өнімдердің нарығымызды жаулауы біздің шағын агрофирмаларымыздың жағдайын мүшкілдетеді деген қауіп бар. Сонымен қатар шетелдік банктер мен сақтандыру компаниялары келіп, «ұзын» ақшаларын нарыққа енгізуі де біздің банктеріміз бен сақтандыру компанияларымыздың жұмысына елеулі нұқсан келтіруі мүмкін. ДСҰ өкілдері мемлекеттік сатып алуды басқаруға талпыныс танытуы да мүмкін, яғни ДСҰ қатысушылары жеке меншік бизнеске ешбір кедергісіз еркін қатысқанда, мемлекеттік сатып алуға неге қатыса алмайды? Бұл жағдай мемлекеттік сатып алу есебінен өмір сүріп жатқан компанияларды тұралатуы ықтимал.




Көрілген: 2044    Пікірлер: 0

бейсенбі, 30.01.2014, 12:54

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    1 Қаңтар, 23:37
    Ақшаның азабы
    28 Желтоқсан 2021
    Өмірді жалмаған селфи

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31