Қазақ мемлекетінің кемінде 2500 жылдық тарихы бар. Мәселен, көрші өзбектер: «Өзбекстан мемлекетінің негізі қаланғанына 2500 жыл өтті» деп жариялап жүр. Біздің қырғыз бауырларымыз да Қырғызстан мемлекетінің 1100 жылдығын әлемдік деңгейде мойындатты.
Елбасымыздың қазіргі көтеріп отырған мәселесі, біздің шын мәнінде ұлттық мемлекетіміздің тарихы тым әріден басталатынын анық көрсетіп отыр. Енді ғалымдар, тарихшылар осымен түбегейлі айналысып, тарихымыздың тым әріде екендігін дәлелдеуі тиіс.
Екіншіден, Елбасының тарихи сананы жаңғыртуға байланысты көтерген мәселесі өзіме қатты ұнады. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл ретте «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды ұсынды. Бұл жеті емес, одан да ұзақ мерзімді қамтитын шара. Осы төңіректе кезінде «Мәдени мұра» бағдар-ламасымен көрші мемлекеттерден қаншама тарихи құжаттар жиналды. Бірақ өкінішке қарай, солардың көбі цифрлық форматқа түспеді де, қалың жұртшылыққа жетпей қалды. Енді «Архив – 2025» арқылы сол «Мәдени мұрадағы» табылған дүниелерді айналымға енгізуіміз керек. Цифрлық форматқа түсіріп, мұны кешенді түрде ретке келтіруіміз тиіс.
Тағы бір айтарым, осыдан біраз бұрын Шымкент қаласында бір керемет дүние қолға алынды. Соңғы төрт-бес жылда Шымкентте Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы жұмыс істеп келеді. Олар ұлттық дәстүрлерді насихаттауға, жинақтауға үлкен күш жұмсап жатыр. Мұндай үлгі басқа ешқандай өңірде жоқ. Алматы – еліміздің мәдени орталығы, азаттығымыз¬дың бесігі дейміз ғой, тура осында ұлттық дәстүрді насихаттайтын орталық ашуымыз керек. Бұл ретте біз оған қолымыздан келгенше көмек беруге дайынбыз.
Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Президент және халық» газетінің
Бас редакторы: