Еліміз өлім жазасынан толықтай бас тартты

23 желтоқсан 2021, 15:50

Қазақстан өлім жазасын толығымен алып тастаған әлемдегі 106-шы ел болды. Сенат заңнамаға тиісті түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды orda.kz.

Сенат жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады. Оның мақсаты – Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге өлім жазасын жоюға бағытталған Екінші факультативтік хаттамаға сәйкес өлім жазасын жою.

Құжатты Қазақстан 2021 жылдың 2 қаңтарында ратификациялаған, бірақ соғыс уақытында әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін өлім жазасын қолдану туралы тармақ қалған. Алайда 2021 жылдың қарашасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің отырысында Қазақстанда өлім жазасын ешбір ескертусіз толығымен алып тастау керектігін айтқан болатын. Сондықтан депутаттар заңнамаға түзетулер енгізді.

«Заң жобасы үш кодекс пен екі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Қылмыстық кодексте өлім жазасын толығымен алып тастау қарастырылған. Сонымен қатар, өлім жазасы түріндегі жаза Қылмыстық кодекстің ерекше бөлігінің санкциясынан алынып тасталды» делінген Сенат комитетінің қорытындысында.

Бұл ретте, заңнамада осы заң жобасы қабылданғаннан кейiн ерекше жаза адам сотталған санкция шегiнде бас бостандығынан айырумен ауыстырылатын өлім жазасына сотталған адамдарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салуды белгілейді.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінде өлім жазасына кесілген адамдарға істі кассациялық сатыда қарау мүмкіндігіне процессуалдық кепілдіктер сақталған. Қылмыстық-атқару кодексі мен «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнайы үй-жайларда ұстаудың тәртібі мен шарттары туралы» заңда өлім жазасын орындау түсінігі алынып тасталды.

Осылайша Қазақстан өлім жазасын қолданудан толығымен бас тартты.

orda.kz.