Елімізде ерлі-зайыптылардың зейнетақы аннуитеті енгізіледі

09 маусым 2022, 11:33

Сенаттың жалпы отырысында сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын реттеу, оны дамыту және банк қызметі мәселелері талқыланды. 
 
 Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова заңның негізгі мақсатын түсіндіріп өтті.

Заң жобасының негізгі мақсаты - сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту. Ол үшін жаңа өнімдерді енгізу, қызметтерді цифрландыру, тұтынушылар мен инвесторлардың құқығын қорғау, заңнаманы үздік халықаралық практикаға сәйкес келтіру талап етіледі, - дейді ол.
Айтуынша, заң жобасында 5 кодекске және 35 заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

Заң жобасының бірінші бөлігі сақтандыру секторын кешенді дамытуға бағытталған. Қазіргі кезде сақтандыру секторында сақтандыру активтері тұрақты өсіп, қаржылық орнықтылығы жоғары болып отыр. Нарық  активтері соңғы үш жылда 74%-ға  өсіп,  1,9 трлн теңгені немесе ішкі жалпы өнімнің 2,2%-ына жетті, - деп айтты агенттік басшысы.
Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі

Айтуынша, заң жобасында жинақтаушы сақтандыруды дамыту үшін жаңа әлеуметтік маңызды сақтандыру өнімдерін енгізу көзделеді. Бұл - Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі шеңберінде өмірді жинақтаушы сақтандыру және бірлескен (ерлі-зайыпты) зейнетақы аннуитеті. 

Банк депозитінен айырмашылығы - білім беру жинақтаушы жүйе шеңберіндегі өмірді жинақтаушы сақтандыру өнімі оқу ақысына арналған қаражатты жинақтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ қосымша сақтандыруды да қамтамасыз етеді. Сақтанушы үшін сақтандыру жағдайы болса, сақтандыру компаниясы жинақталған сомаға қарамастан баланың оқу құнын толық төлеуге кепілдік береді, - дейді Мәдина Әбілқасымова.
Ерлі-зайыптылардың зейнетақы аннуитеті

Агенттік төрағасы бірлескен, яғни ерлі-зайыпты зейнетақы аннуитетін де түсіндіріп өтті. 

Бірлескен аннуитет ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстарының зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік береді. Егер ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы жинағы жетпей, ал екіншісінде артық болса, олар зейнетақы жинақтарын бірге қосып, зейнетақы аннуитетін сатып алады, - деп толықтырды ол.
Сонымен бірге төлемдерді өмір бойы алуға мүмкіндік алады. 

baq.kz