Еліміздің бірлігі – байлығымыз

13 қаңтар 2022, 12:36

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтардағы Қазақстан халқына мәлімдемесіне үн қосамын. Қазақстан халқы, Қазақстан Республикасының мемлекеттігі қатерлі кезеңнен өтті. Қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келгенде шұғыл шешім қабылдап, көрегендік танытқан Мемлекет басшысына өз атымнан, өзім сияқты қарт ұстаздар мен ғалымдардың атынан зор ризашылығымды білдіремін және ел игілігі үшін атқарған және атқаратын істеріне береке тілеймін.  

Қазақстан қаңтар айының басында тап болған оқиғалар қауіпсіздікке, егемендікке және мемлекеттің тұтастығын жоғалтуға қауіп төндірді. Еліміздің бірқатар аймақтарындағы жақсы дайындалған қарулы содырлардың тәртіпсіздіктеріне қарсы тұрумен айналысатын күштік және құқық қорғау органдарының барлық мүмкіндіктерін таразылап, Мемлекет басшысы сол кезде өте дұрыс шешім қабылдады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің басшыларынан көмек сұрады. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың мұндай шешімі ҰҚШҰ Еуразия кеңістігінде ұжымдық қауіпсіздіктің жалғыз жұмыс істейтін құрылымы болып табылатынына байланысты болды.

Еліміздегі қайғылы жағдайдың жарасы ауыр. Қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамын.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев Мәжіліс отырысы кезінде сөйлеген сөзінде ҰҚШҰ бітімгершілік миссиясының аяқталғанын жариялады. Екі күннен кейін Біріккен контингентті кезең-кезеңімен шығару басталады. Әскерді шығарудың жалпы процесі он күннен аспайды. Қазақстандағы бітімгершілік миссиясы, әрине, ұйым тарихында оң тәжірибе болып қала беретінін және оның өңірлік, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы беделін арттыратынын атап өту қажет. ҰҚШҰ тиімсіздігі және Қазақстанның егемендігіне төнетін «түрлі қауіптер» туралы түрлі пікірлерге қарамастан, ұйым қысқа мерзім ішінде өз жұмысында үйлесімділікті, анықтықты, келісімділікті және елдің ішкі процестеріне тартылмайтынын көрсетті.

Мемлекет басшысының заң мен тәртіп еліміздің игілігі мен берекесінің негізгі кепілі екені туралы айтқан сөзінің жарығы мен жылуы жастарымыздың да, қарттарымыздың да жүрегін тербеді. Айналайын жастар, қадірлі қарттар! Алла бізге ақыл-ойымыздың қуатын, қол күшіміз бен ой күшімізді еліміздің игілігі мен берекесі үшін жұмсауды нәсіп етсін.

 

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Абай институтының директоры