Мәселе

Емдеу-демалыс орындарына қашан мән береміз?

  • Емдеу-демалыс орындарына қашан мән береміз?

    Емдеу-демалыс орындарына қашан мән береміз?

Жазғы мезгіл елдің жаппай демалысқа шығатын мезгілі саналады. Әркім көрпесіне қарай көсіледі. Қалтасы қалыңы шетел асады. Жұқасы үйде қалады. Осындайда «еліміздегі курорт пен санаторийдің жағдайы қалай» деген сауал тіл ұшына орала кететіні даусыз. Бұл тақырып қозғалғанда ойымызға Бурабай мен Сарыағаштағы сауықтыру орындары орала кетеді. Оларды бала кезімізден естіп өскеніміз рас. Өкінішке қарай, олардан да басқа осындай орындардың бар екендігін беріде білдік. Жә, әңгіме ауаны бұл емес еді. Айтпағымыз, «біз осы саланы қаншалықты зерттеп жүрміз, одан мыс-мыс ақша тауып жүрміз бе» деген сауал төңірегінде ойланып көрсек деген ой болатын. Сонымен, бізде аталмыш сала төрт аяғын тең басқан жорғадай болып тұр ма екен? Өйткені біз бүгінгі күні туризмді төрге оздырғымыз келеді. Оған барлық мүмкіндік те бар. Жер жетеді. Табиғат тамашасын да санап тауыса алмайсың. Сондай-ақ біздің елімізде курорт пен санаторий жұмысын дұрыс жолға қоя отырып, қыруар қаржы көзін табуға болатыны тағы да рас. Дегенмен бізде осы мәселе ескерілмей келе жатқаны жасырын емес.

Қасиетіне ешкім шек келтіре алмайтын қазақ даласы барлығына қолайлы. Жерасты қазба байлығы жайында қайталап айтпай-ақ қоялық. Оның жөні – бөлек әңгіме. Жерүсті де толайым табыстың көзі екені бесенеден белгілі. Соның бірі – келбеті көркем өңірлер. Шипалы су шығатын әрі емдік балшығы бар аймақтар да баршылық. Рас, олардың кейбірі кәдемізге жарап жатыр. Алайда олардың басым бөлігін әлі де елдің игілігіне айналдыра алмай жүргеніміз – тағы да шындық. Ғалым­дардың айтуынша, ұлан-ғайыр даламызда химиялық құрамы әр алуан болып келетін минералды бұлақ көздері, емдік балшығы мол көлдер және тынығуға қолайлы әсем өңірлер жетерлік. Сол мүмкіндік көзін пай­далана отырып, курорт-санаторий жүйеле­рінің өрісін кеңейтуге әбден болады. Бұл да туризм саласының бір тармағы саналады. Дегенмен біз бұрынғы кезеңде салынған санаторий мен курорттарды місе тұтып, солар арқылы қаржы тапқанға малданып жүрген жайымыз бар. Соңғы 20 жылда бұл бағыттағы тың жобалар  мен ізденіс жоққа тән.

Кең-байтақ өлкеміздегі табиғи емдік қасиеті жоғары жерлер туралы деректер осыдан екі ғасырдай бұрын елдің құлағына тие бастады. Атап айтқанда, 1834-1880 жыл­дар аралығында еліміздің шығыс өңіріндегі Рахман бұлағы, Көкше жеріндегі Бурабай, Алатау аймағындағы Қапал Арасан, Барлық Арасан бұлақтарының шипалық қасиеттері туралы әңгімелер жалпақ жұртқа жайылып, елдің қызығушылығын туғыза бастады. Сондай-ақ өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Жаңақорған, Шымған курорттары ашылып, Ауыл, Сер, Мойылды, Бурабай   бұлақтарына түрен тиді. Бүгінгі күні елімізде 120-дан астам курорт пен санаторий, демалыс үйлері орын тепкен. Жалпы алғанда, санаторийлер минералды сумен, балшықпен және климатпен емдейтін болып үшке бөлінеді. Мәселен, Сарыағаш, Алма-Арасан, Барлық Арасан минералды сумен емдесе, Жаңақорған, Шортанды, Мойылды, Атырау санаторийлері келушілерге шипалы балшығымен мақтана алады.

Ғалымдардың айтуынша, еліміз курорттық саланы дамытуға өте бай саналады. Өткен ғасырдың 30-жылдарында шипалы су мен емдік балшығы бар жерлер қоры мол екені белгілі болып, сол бағытта тың ізденістер жасала бастады. Содан кейінгі 30 жылдай уақыт ішінде осындай қаншама аймақтар табылып, зерттеліп, олардың біршамасы елдің игілігіне айналып үлгерді. Алайда бүгінгі күні де қолға алатын істеріміз баршылық. Кезінде ғалымдар 300-ден астам минералды су көздерін, 120 емдік балшығы бар көл мен 50-ден асатын климаттық емдеу орындарын анықтаған еді. Дегенмен олардың көпшілігі кезінде пайдаға аса қойған жоқ. Бүгінгі таңда олардың жағдайы қандай болып отыр? Бұл тұрғыда қаншама кедергі кездесіп отыр деуге болады. Бастысы, қаржының тапшылығы салдарынан аталмыш жерлер әлі де елдің көзінен таса қалып отырған жағдайы бар.

Бауыржан БЕКБАНОВ, Қызылорда қалалық №1 емхана дәрігері:

– Табиғи сауықтыру ресурстарын пайдалану арқылы адам денсаулығының физикалық және психикалық факторларын қайта қалпына келтіру көзделген. Курорт және санаторий секілді орындарда демалу арқылы денсаулықты нығайта отырып, сақтауға да мүмкіндік бар. Жалпы, осындай орындарда емделу арқылы адамдар түрлі ауруларға қарсы тұруға мүмкіндігін арттырады.


Өркениетті өмір биігіне шыққан мемле­кеттерде курорттарды ұйымдастыру жоғары деңгейде дамыған деуге толық негіз бар. Атап айтқанда, АҚШ, Италия, Испания секілді елдерде олардың басым көпшілігі демалуға, емделуге және сауықтыруға арнал­­ған. Соның нәтижесінде осындай орындарда қонақүй мен пансионат салы­нып, алыс-жақындағы қонақтарға қызмет көрсетіп келе­ді. Ал Германия, Франция, Австрия, Швеция, Чехия, Венгрия курорт­тарында балшық және емдік минералды сулармен емдеуге мән берілген. Бір сөзбен айтқанда, ол мемлекет­терде курортология саласын зерделеп, бұл тұрғыда терең зерттеу жолға қойылған. Осы мақсатта қаншама ғылыми орталықтар жұмыс жасайды. Ал бізде ше? Бұл тұрғыда ауыз толтырып мақта­на алмаймыз. Алматы қаласында курор­тология саласы бойынша жұмыс жасайтын жалғыз арнайы зертхана бар. Оған қоса Жүрек және ішкі ауруларды емдеу медици­налық орталығы мен Алматы мемлекеттік дәрігерлерді жетілдіру институты болғанмен, олардың қазақ даласындағы курорттық саланы игеруге мүмкіндігі толық жете бер­мейді. Қаржы тапшылығы да қолды байлап қоятыны тағы бар.

Оразхан АЙДАРОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:

– Еліміздің кейбір өңірлерінде жер астынан атқылап жатқан жылы судың көздері баршылық. Бұл суардың бірқатары денсау­лыққа пайдалы екені де дәлелденген. Мұндай жерлер біздің Сыр өңірінде көп екенін білеміз. Облыстың оңтүстігіндегі Жаңақорған ауданы мен дарияның төменгі бөлігіндегі Қазалы ауданына дейін ондай орындар молынан табылады. Қызылқұм бет­ке­йінде орын тепкен осы орындар қанша­лықты зерт­телді? Өйткені олардың барлығы әлі күнге дейін жұрттың көзінен таса қалып жүргені жасырын емес. Мұндай жерлер еліміздің барлық өңірінде аз кездеспейді.


Ашығын айтайық, бізде бүгінгі таңда туризм саласын өркендетуге мән беріліп отыр. Ендеше, бұл бағытта оның барлық мүмкіндігін пайдалануымыз керек емес пе? Соның бірі ретінде халықты емдеу-сауықтыру жүйелерін жоғары деңгейге көтеру арқылы қаншама пайда көзін табуға әбден болады. Оны өзге елдердегі сондай орындардың қызметі дәлел­деп отырғаны белгілі. Сол себепті бұл мәселеге жауапкершілікпен қара­ғанымыз абзал.




Көрілген: 871    Пікірлер: 0

жұма, 26.07.2013, 12:25

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31