Ералы Тоғжанов Қазақстанда зейнет жасын төмендетуге қатысты пікір білдірді

12 мамыр 2022, 18:37

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов министрлер кабинетінің отырысынан кейінгі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қазақстанда зейнет жасын төмендету мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Тоғжанов үкіметте алдағы уақытта Қазақстанда зейнет жасын төмендету мүмкіндігі талқыланатынын айтты.

 

Оның сөзінше, бұл мәселені қазіргі таңда тек кеншілер ғана емес, мүгедек баласы бар аналар да көтеріп жүр.

 

"Мәселе талқыланады. Объективті түрде қарасақ, оңай шаруа емес. Біз халықаралық тәжірибені ескереміз. Әлемдік тәжірибеде жалпы алғанда төмендеу байқалмайды. Бүгінде бұл мәселені тек кеншілер ғана емес, мүгедек баласы бар аналар да көтеріп жүр. Сондықтан біз жыл соңына дейін әлеуметтік кодексті талқылаймыз. Бірнеше талқылау болады, сіздер де талқылауға қатысасыздар. Әйелдер туралы да мәселе көтеріледі. Бұл тақырып күн тәртібінде. Біз талқылаймыз", - дейді Ералы Тоғжанов.

 

Айта кетейік, бұған дейін депутаттар әйелдердің зейнет жасын 58-ге дейін төмендетуді ұсынған еді.